"Оригиналсың" әнінің авторы: "Өзінің танымалдылығын міндетсінетін әншілер болады"

0
8 585

Талғат Мықи: Осыдан екі жылдай бұрын ән тыңдамайтынмын, тіпті әншілерді де танымайтынмын. Тек барлық халық білетін Қайрат Нұртас пен Төреғалидің атын ғана естіп жүретінмін.


Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

"Ал сен оригиналсың
Соған халық илансын
Саған қолы жете алмай
Бәрі, бәрі қиналсын".

Бұл - осы жылы жасы да, кәрісі де қосыла шырқап, бұрала билеген хит ән. Оның авторы танымал айтыскер, ақын Талғат Мықи - менің бүгінгі кейіпкерім.


Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Талғат аға! Жақында ғана Атыраудағы айтыста еншілеген бас жүлдеңізбен құттықтаймын! Соңғы кездері айтыстар жиі өткізіле бастады. Бұл биліктегілердің көзқарастарының өзгеруі деп ойлайсыз ба? Өзіңіз қаншалықты жиі қатысуға тырысып жүрсіз?


Талғат Мықи: Билік дегенде, «Нұр-Отанның» айтысқа көңіл бөлуі ғой. Өткенде тұңғыш елбасының қатысуымен өткен жиында ол кісі: «Партия халыққа жақын болуы керек» дегенді айтты. Соған байланысты қолға алынып жатқан шаралардың көрінісі ғой, биылғы және келесі жылғы айтыстарды «Нұр-Отан» қаржыландыратын болып шешілген еді. Ол жердегі мақсат – билік пен халық арасын жақындастыру болар?! Өзім шақырған айтыстан қалмауға тырысамын.


Қарашаш Есенбай: Осы орайда айтыскерлер екіге бөлініп кетті деген әңгімеге тоқтала кетейікші. Ол қаншалықты рас, неліктен айтыстар жеке-жеке өтеді?


Талғат Мықи: Иә, мұндай әңгіменің бар екені рас, кейде өзіміз де естіп қалып жатамыз. Біреулер бөліп қарағанымен, өзіміз ішінара татумыз, тығыз байланыстамыз десем болады. Айтыскер ақындар өзара бөлініп жүр деп ойламаймын, себебі олардың бір-біріне басқа көзбен қарап жүргенін көрген емеспін. Сырт көзге ғана солай көрінетін шығар, десе де өзіме ақындардың арасында бөліну байқалмайды. Бәлкім, бар да шығар?! Бірақ елге ақыл айтып, жырлап жүрген ақындар арасында екі жаққа ыдырап кетті деген мәселе туындамауы керек деп есептеймін.




Қарашаш Есенбай: Сіз айтыскерсіз, ақынсыз, әнге сөз жазасыз. Өзіңізді алдымен қай топқа жатқызасыз?


Талғат Мықи: Айтысқа шықсам да, поэзия жазсам да, әннің сөзі болса да ешқайсысы өлеңнен алыстап тұрған жоқ! Сондықтан өзімді өз қазанымда қайнап жатырмын деп есептеймін. Осы үш бағыттың қайсысында еңбек - өлең жазу, ұйқаспен жұмыс істеу. Сондықтан оларды бөле жарып қарамаймын.


Қарашаш Есенбай: Дегенмен жазба ақындар мен айтыскерлердің арасында бір шусыз жүретін дау бар, бірін-бірі мойындамау бар. Өзіңіз қайсы тарапты жоғары қоясыз. Неліктен?


Талғат Мықи: Олардың арасында іштей бәсекелестік бар шығар?! Оның түпкі негізі – айтыскерлердің айтыстың арқасында материалдық жағдайын жасап алуы. Одан бөлек айтысқа көңіл мен қаржы көбірек бөлінгендіктен, жазба ақындарда іштей қыжыл пайда болатын шығар?

Сосын жазба ақындарға қарағанда айтыскерлер тез танылады, халықтың қошеметіне тез ие болады. Себебі айтыс үнемі халықтың көз алдында ғой, бағы шапқан ақындар тез танылады. Ал жазба ақындарға ұзағырақ еңбек етуге тура келеді, әрі мүшайраларға бөлінетін қаржы да айтыстан кем. «Айтыскерлер жазба ақынды мойындамайды» дегенді естімеппін, бірақ жазба ақындардың айтыскерлерді мойындамайтынын білеміз, іштей бәселестіктің жүріп жатқанына рас. Дегенмен айтыскерлердің ішінде де жақсы поэзия жазып жүргендер бар, оны ешкім жоққа шығара алмайды!


Қарашаш Есенбай: Енді әнге сөз жазуға келсек, қазір соңғы кездері хит болған «Оригиналсың», «Махаббат заңы», «Күзгі элегия» сынды әндердің авторысыз. Әнге сөз жазу қалай басталған еді?


Талғат Мықи: Осыдан екі жылдай бұрын ән тыңдамайтынмын, тіпті әншілерді де танымайтынмын. Тек барлық халық білетін Қайрат Нұртас пен Төреғалидің атын ғана естіп жүретінмін. Үйге оралдық Орынбек Меңдіқұлов деген ақын бауырым келіп жүретін, сонда бұрынырақта шыққан шағын өлең жинағымды ақтарып, ішінен махаббат туралыларын тауып алатын. Соларға ыңылдап ән шығарады, бірде бір әнді Оразбек Қиынбаев деген досымызға жібергеніз, Оразбек әнді Әбдіжаппар Әлқожаға жіберген екен. Арада бес минут өткенде Әбдіжаппардың өзі хабарласып, әннің ұнағанын айтып, «орындаймын» деді. Одан кейін де Әбдіжаппардың ұсынысымен бірнеше туынды жаздық.



Қарашаш Есенбай: Өзіңізге қандай әншілермен, сазгерлермен жұмыс істеген ыңғайлы. Болашақта кімнің әндеріне сөз жазғыңыз келеді.


Талғат Мықи: Әбдіжаппармен бірнеше әндер жазып үйреніп алдық, тілімізді тез табамыз. Ол өзіне не керек екенін жасы түсіндіреді, мен де не керегін бірден түсінемін. Сөйтіп жақсы жұмыс істеп кеттік. Одан бөлек бірге жұмыс істеуге басқа да әншілерден ұсыныстар болады, бірақ бірінің әні ұнамайды, екіншісіне сөз жазу өзімнің қолымнан келмей қалады. Болашақта мына әншіге сөз жазсам деп ешкімді ойламаппын.


Қарашаш Есенбай: Кейбіреулер әнге сөз жазуды кәсіп түріне айналдырып алды. Бұл өнерді былғау емес пе?


Талғат Мықи: Бұл пікір орынды, келісемін! Заман талабы солай болған шығар деп ойлаймын, себебі әркім әрқалай қолынан келгенше отбасын асырап, нан табады. Бір жағынан қарағанда әнге сөз жазу да табыс көзіне, жан бағуға болатын сала. Негізі Кеңес уақытындағы әдебиетте ақындар шығармашылығымен нан тапты ғой. Ал бұл соның нарық заманындағы балама түрі деп қабылдаймын.


Қарашаш Есенбай: Бір айтыста «атақты ақындар атақтарына сеніп келіп отыр...» деген мағынадағы шумақтар айтасыз. Әншілерден де атағына сеніп, «жазып бересің» деп басынатындар бола ма?


Талғат Мықи: Иә, кейде әншілер хабарласқан уақытта «Мен осындай әншімін, танып тұрсың ба?» деп өзінің танымалдылығын міндетсінетін әншілер болады. Бірақ ондай қылықтар ұнамағандықтан тіксініп қаламын. Сондықтан байланысымыз көбінде аяқсыз қалып жатады. Мысалы Ернар Айдар, Мұхтар Ханзада деген жас әншілермен келісе алмай қалдық.


Қарашаш Есенбай: Әңгімеңізден биікке ұмтылмауды, болашақтан гөрі осы кезді көп ойлайтыныңызды, тіпті осы дүниеден бұрын арғы дүниені көп ойлайтыныңызды аңғарып отырмыз. Осындай ойға келуге не әсер етті?


Талғат Мықи: Оны дұрыс байқап отырсыз, мен өзімді жарнамалап, танымал болсам, менің артымда осындай сөздер, кітаптар қалса деген мақсат, арманнан адамын. Себебі қазір қаптап жазылған кітаптан бөлек, аузымыздан шыққан абайсыз сөздерге дейін періштелердің жазып жатқанын білеміз. Соны біле тұра, екі дүниеме қайырлы болмайтын істерді жасағанда саналы адам ретінде ойланып қаласың... Мысалы менің жазған кітаптарымды артымнан мадақтап жату не керек, егер мен қабірде сол сөздеріме жауап бере алмасам? «Бұл дүние жалған» дегенді дөп айтқан ғой, сондай нәрселер мазалаған кезде арзан атақ пен дабыра даңқтан бас тартасың.



Қарашаш Есенбай: Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз, жарыңызбен қалай танысқан едіңіз?


Талғат Мықи: Отбасын құрғаныма 8 жылға таяды, қазір бір қыз, екі ұлым бар. Бұйыртса төртіншісінің де айы-күні жақындап қалды. Ал жұбайыммен досымның тойында танысқан болатынмын. Осыдан он жылдай бұрын той деген ауылда далада палатканың ішінде болатын еді ғой. Сол кездежұрттың бәрі билеп жатқанда ол қыз бір бұрышта жаурап тұр екен. Оны мен байқап, үстімдегі кастюмімді шешіп үстіне жапқан болатынмын. Ең бірінші таныстығымыз солай басталып, Алланың қалауымен жарасып кеттік.


Қарашаш Есенбай: Сұқбаттасқаныңызға рақмет! Жақсылық тілеймін!