"Шымкентте құдаларды күту - бірінші орында" - Бауыржан Сәкенұлы, асаба

0
4 356

Тойды асабалар қаншалықты дұрыс басқарып жүр? Халық алдына микрафон ұстап, жаттанды сөздермен елді алдайтындар мен шын талантты асабаны қалай тануға болады?


фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден

ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басу тек редакцияның рұқсатымен ғана жүзеге асады

"Той халықтың қазынасы". Қазақтың әрбір шаңырағында қуаныш болса, арты тойға ұласады. Бүгінде ол үрдістің тамыры тереңдеп бара жатыр. Ал, ұлан-асыр тойдың қызықты да естен кетпестей өтуі жиынның тізгінін ұстаған асабаға байланысты.

Бүгінгінің асабалары тойды қаншалықты дұрыс басқарып жүр? Еліміздің түкпір-түкпіріндегі тойдың өту ерекшеліктері мен қызықтары жайында сөз болды бұл сұхбат барысында.

Бойына асабалық қасиет ананың сүтімен, әкенің қанымен келген асаба Бауыржан Сәкенұлынан тойдың тізгінін ұстайтындар туралы әңгімелескен болатынбыз.


- Қайырлы күн! Тойдың ортасында, халықпен араласып жүрген адамсыз. Бүгінгі біз бен сіздің әңгімеміз де той жөнінде болмақ. Қуаныштың қызықты өтуі асабаға байланысты болып жатады. Қазіргі таңда той басқарып нан тауып жүргендердің қарасы көп. Олардың сөз саптауы мен елді өзіне қаратуына көзқарасыңыз қандай? Екі сөздің басын құрай алатындар асаба бола ала ма?

- Сәлем! Екі сөздің басын құрай алатындар - олар енді бастап келе жатқан асабалар. Ал, өнерде жүріп, көпті көрген асабалар болса, енді ол басқа әңгіме. Негізі, менің көзқарасым бойынша, халық сөзден шаршаған. Сөздің де айтатын жері болады, тіліңді тістеп қалатын кездер де болады. Мәселен, қараңыз. Менің ата-анам Шымкент жақтан. Опар тойдан оралғанда кейде "той қалай өтті" десең "той жақсы болды бірақ, асаба көп сөйлейді екен" деп келеді. Біреулер бар, өздерінің мақтауларын асырып, жарнамасын жасап жүретін. Ол енді мүлдем дұрыс емес. Барлығы орнымен болуы керек. Айтатын жерін тауып айтқанда ғана тойдың бар қызығын көретін болады жұрт. Сөз саптай алмайтындар мен жаттанды нәрсе өзі білініп, байқалып тұрады. Суырып салып, импровизация қолдану тойдың сәнін кіргізеді, халықтың көңілін жаулайды.

Тоқ етері, тәжірибесі жоқ, бос сөзі көп асабаның, тауып жатқан нанынан тез айрылады. Егер шынымен осы жолдан рахат тауып, асабалықтың шыңына шыққысы келсе,оларға жақсылап дайындалу керек.

- Асабаларды даярлайтын оқу орнын ашу керек емес пе? Тойды тізгіндеп, елдің қуанышын бірге бөлісе алу үшін қазақ асабаларының қанша пайызы сүзгіден өтуі керек, сіздің пайымыңызша?

- Асабаға дайындықтан бұрын шабыт керек. Тағы мысал келтіре кетейін. Мықты сөз білетін асабалар болады, оқыған, ізденген, көпті көрген. Ал менің дәрежем одан он есе аз болса да екеуіміздің жүргізген тойларымыз екі түрлі болуы мүмкін. Шабыттанып жүргізген той, есте қаларлық тойлардың бірі болады. Адамдардың миын ашытып сөзін бөлмесең, көп сөйлей бермесең, өзіңе жарнама жасамасаң ғана бәрі дұрыс болатын сияқты. Сүзгіден өту керек дегенде бір университет ашып, арнайы білім алу керек дегенді құптамаймын. Тек айтарым, халық өзі өткізеді сүзгіден.


- Бір қазақ болсақ та батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік деп бөлініп жататынымыз бар. Сіздер ғана елдің барлық өңіріне бірдей қызмет етесіздер. Әр өңірдің той өту ерекшелігіне тоқталып көрейікші?

- Иә, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері болады және ол дәстүрлер өздеріне ерекше. "Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" деген мақал осыдан қалса керек. Тәрбиесіне, менталитетіне сіңіп қалған. Ерекшеліктер көп. Мәселен, Алматыда бата аласың, ас қайырасың. Басқа жақтарда мұндай жоқ. Шымкент жақта бірінші бишілер той ашады, содан кейін барып асаба шығып жастарды шығарады. Алматы жақта алдымен той басында өзің шығасың, жастарды шақырасың, кейіннен бата алып болғаннан кейін бишілерді ортаға шақырасың. Сондай-ақ, Шымкентте құдаларды күту ең бірінші орында тұрады. У-шумен өтеді. Басқа жақта оншалықты емес. Ал, еліміздің батыс өңірінде сөз тыңдап отырады. Ол жаққа барғанда сөз қоржының мықты болса, адамдарының екі құлағымен қоса, көзі де сенде болады. Әр жердікі өзінше қызық.

- Қазақтың тойына өзгерістер енгізгіңіз келе ме? Осылай болса той қызық әрі есте қаларлықтай болып өтеді дегендей...

- Қандай той болсын, елдің тілек айтуын азайту керек. Той иесіне деген ыстық лебізді азайтқанда ғана той өз дәрежесінде өтеді. 6-7 тілек айтылса сол жеткілікті ғой. Қалғандарын өзгертудің еш қажеті жоқ. Менің қолымда болса осылай жасар едім.

- Қазір әлеуметтік желі арқылы бәрінен хабардар боламыз. Кімнің тойы қалай өтті, тойға кімдер келді, тіпті, тойдағы қызық пен шыжықтардай да хабардар етіп отырады. Ерсі ойындар көп ойнатылатыны жасырын емес. Осы жайында ойыңыз қандай? Қазақ тойында қандай ойындарға орын бар, қайсысы қажетсіз?

- Өте ерсі ойындар көп. Кейде өзіміз ұялып кететін кез болады. Дегенмен, сол ойындар халыққа өтіп жатады. Бір ойынды үш тойда ойнатсаң, екеуінде өтпей қалуы мүмкін. Халықтың қабылдауында ғой. Бүкіл тойдың қонақтарын жұмылдыра ойнаған ойындар халыққа қатты өтеді. Көпке дейін есінде жүреді. Сонымен бірге, тойды екі тарапқа бөліп өткізген ойын да өтімді болады.

-Азды-көпті сұхбатыңызға рахмет! Шабытыңыз күн өткен сайын шыңдала берсін!

- Рахмет.

Әңгімелескен: Гүлнұр Әмірәлі,

ERNUR.KZ