"Кенже ұлым «Мама, беляши» жемедік па?» деп әзілдейді"
Монстр в юбке/ Дело №2/ 5:32. Таяуда ғана отандық кинематографияда жарық көрген шынайы әрі қорқынышты сериал. 12 бөлімнен тұрады. Біз 2 бөліміне тоқталмақпыз.
90-жылдары елдегі адам етін жейтін, адам өлтіріп кәсіп қылған кезеңді суреттейтін бұл бөлімде адам жаны түршігетін, жас қыздардың өлімі суреттеледі.
Сериалдың шынайылығы сондай, таңдалған орын, үйлер де, көліктер мен кейіпкерлердің киім киісі де сол кезеңді еске салады. Жан бағу үшін, өлместің қамын жасауға тырысқан қоғамның бейнесін қайта бір көз алдыңызға әкелгендей болады.
Осы сериалдан кейін әлеуметтік желіде түрлі пост, пікір қалыптасты. Қыздардың жол жүргенде абай болу керек екені, бәріне сақтықпен қарап, жалғыз жүрмеуге шақыратын ойлар да жазылды. Себебі сериалдың адамға әсер ететін тұсы көп. Бұрын отандық фильмдерде, сериалдарда қанды ашық көрсету, өлімді нақты бейнелеу жағы жоқ еді. Ал бұл сериалда режиссер бәрінің қалай бар, солай қалуын талап еткендей.
«Енді беляши жемеймін» деген мәтіндердің әлеуметтік желіде қаптап кетуіне әсер еткен осы бөлім. Адам етінен жасалған биляшиден кейін көрерменнің біраз уақытқа дейін «неге көрдім?» деп айтуы да заңдылық.
Жүрегі қатайып, тас болып қалған, өмірден әбден мән жоғалтқан қоғамның пердесін сырып, ар жағындағы өмірдің мүлде басқа екенін көрсеткен режиссерге, жалпы командаға және кейіпкерлерге оң бағасын беріп жатқандардың саны артып келеді.
Біз осы серияда басты роль маньячка Зәурені сомдаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрының әртісі Жәудір Сарыпбекованы әңгімеге тартқан едік. Сұрақтарды өзіміз де қорқа-қорқа қойғанымызды жасырмаймыз.
– Қорқынышты рөлге қалай келістіңіз?
– Осы жазда аталған сериалға «Қазақстанда жаңа форматта жұмыс істеп жүрген режиссер кастинг жасап жатыр» дегенді құлағымыз шалды. Бірақ, мен ол кезде бір ауылда басқа түсірілімде болдым. Сөйтіп, кастингке бара алмадым. Дегенмен, кейіннен кастинг директоры өзі хабарласты. «Зәуренің образын ойнап, видеосынама түсіріп жібересіз бе?» деп сұрады. Кішкене үзіндісін түсіріп жібергенмін. Сосын олар тағы да «Былай түсіп көресіз бе» деп сұрады. Он күндей олар мені онлайн кастингтен өткізді.
«Сіз өттіңіз, құттықтаймыз!» деген кезде ең әуелі жолдасымнан «Маньячканың образы екен. Түсе берейін бе? Қалай қарайсың?» деп рұқсат сұрадым. Руслан кино екенін, өнер екенін жақсы түсінеді.
Мысалы, шетелдің, Голливудтың фильмдерінде не деген қорқынышты кадрлар көрсетіліп жатады ғой. Ал «Монстр в юбке» 1990 жылдары шынайы өмірде болған оқиға желісімен түсірілді. «Өмірден алынған» дегеннен кейін ғана адамдар қызығып көреді.
Бұл фильм жайында екіжақты пікір бар. Бірі «Не мағына береді? Қандай тәлім-тәрбие береді?» деп жатыр. Негізі тәрбиені үйдегі ата-анаңнан, оқып жатқан оқу орныңнан, ортаңнан аласың ғой. Кино мен театрды шындық көрсетілетін орын деп қабылдау керек.
Қазір де Зәуре сияқты адам өлтіргіштер жоқ емес. Өткенде Түркістан облысының жігіті Аяжан деген қызды лифтімен пәтеріне алып кіріп, бөлшектеп тастады. Қазір ондай қанішерлер 90 жылдардағыдан да көп-ау. Не деген педофил, ұры-қары, қылмыскерлер көп қой. Ал бұл кинода шындықты көрсетті. Киноны көргендер солай қайталайды деп ойламаймын. Санасы бар көрермен кино ретінде көреді.
– Осы киноға түскенде отбасыңызда, жақындарыңыздың арасынан ешкім қарсы болмады ма? Кімдермен ақылдасып түстіңіз?
– Мен түсірілімге кетіп бара жатқан кезде ешкім қарсы болған жоқ. Үйдегілерге, жақындарыма бұл жобаның басқаша формат екенін, сол арқылы үлкен экранға шығатынымды айтқан болатынмын. Олардың ешбірі қарсы болмады. Өйткені, әу баста мені өнерге жетектеп апарып түсірген отбасым. Өнер жолында жүр екенмін деп денемді жалаңаштап, төсек сахналарына түсу ойда жоқ. Біраз образдарды сомдағым келеді. Бір ғана типте қалып кеткім келмейді. Театрда да, кинода да образдарым әр түрлі. Әр рөлімде өзімді шыңдай түсемін.
Маған сценарийді ұсынғанда бәрі орыс тілінде жазылған соң мен де орыс тілінде ойнап, сол характерді ашқым келді. Міндетті түрде жолдасымнан рұқсат сұрадым. Ол жоқ десе, жоқ, иә десе, иә. Сценарийде темекі тартатын эпизодтары да бар еді. Алайда кастинг жетекшілері оны ұмытып кетті, не алып тастады-ау деймін. Сондықтан отбасым мүлде қарсы болған жоқ.
– Сериалдың локациясына тоқталасыз ба? Қайда және қанша уақытта түсірілді?
– Сериал Қаратау қаласында түсірілді. Бір жерінде Қаратау қаласының өзінде, ал мен түскен кадрлар қаланың іргесіндегі бір ауылда болды. Адамды бөлшектеп тастап, етті ары-бері алып жүретін, фарш жасайтын жерінің барлығы түннен таңға дейін түсірілген. Локациясына Зәурештің үйі етіп ескі, қараңғы үйді таңдап алған. Кәдімгідей сенесің. Ал жолдары Қаратаудың бос қалып, қаңыраған үйлерінің арасында түсірілген. 90 жылдарға түсіп кеткендей сезімде болдым өзім де.
Жалпы 12 серия 50 шақты күнде түсіріліп біткен-ау. Мен түскен серия 3 күнде түсірілді.
– Психологиялық тұрғыда ауыр болмады ма? Егер ертеңгі күні балаларыңыз осы киноны көрсе, қалай болар екен? Оларға не деп айттыңыз? Үй-іші, таныстарыңыз қалай қабылдауда?
– Қаратаудан келген соң әбіржідім, шынымды айтсам. Онда жатақханада жатып түстік. Шашымды көрдіңіздер. Түріме гримм жасап тастаған. «Түсірілім біткенше шашыңызды тарамай жүріңізші» деді. Тырнақтарымның арасына, астына бояу толтырып тастаған. Кір боп көріну үшін аяғыма дейін бояу жағып тастады. Ол жерде халтура болған жоқ. Зауре маньячканың образына гримерші, суретшілер әбден жұмыс істеді.
Үйге келген соң ағам мен жолдасыма "осы серияны анама көрсетпей-ақ қойыңыздаршы" деп бірауыз айттым. Қанша дегенмен заманауи жаңалықтарды қабылдай алмауы мүмкін ғой. Фильм басталмас бұрын титрда «+21. Жүйкесі әлсіздерге, жүкті әйелдерге көруге болмайды» деп ескертілген. Ескертілсе де, тик-токқа, инстаграмға бөліп-бөліп салып тастаған. Қаласаң да, қаламасаң да балаларыңның алдынан шығады. Балаларым бәрін көріп қойды. Ол жәй кино деп түсіндірдім. Қошақандарым кәдімгідей, қорықпай қабылдады. Кенже ұлым: «Мама, беляши» жемедік па?» деп әзілдейді.
Жақында әкем қоңырау шалып: «Хит боп жатыр екенсің ғой. Өнерің өсе берсін!» деп батасын беріп жатыр. Осы жобадан соң жан-жаққа шақырту көбейіп кетті. Алматыға екі рет шақырту алдым. КВН-ге Бас лигаға шақырды, БАҚ өкілдері хабарласуда. Соның бәрін отбасыма айтып отырамын. Оларға мұның бәрі мақтаныш. Бауырларым да мақтанып жүр. Тіпті, ресейлік блогерлердің «актриса сәтті таңдалған» деген бағасына қуанады. Олар мені актриса ретінде қабылдайды. Ал сыртқы ортаның пікірі мені қызықтырмайды. Сөйлейтіндер сөйлей берсін, жақтайтындар жақтай берсін, бұл менің жұмысым, ең бастысы мені отбасым, жолдасым қолдап тұрса болды. Себебі, мен дұрыс емес жолда жүрген жоқпын, мен өзімнің өнер жолымда жүрмін.
– Адамды сойған эпизодтар....Қалай болды?
– Түсірілім алаңында бөлшектелінген дене мүшелері балауыздан жасалған. Алматыдан ұшақпен алдыртып жатты. Ана жерде кішкене жиіркеніп те қалған кездер болды. Мал сойылып тасталған. Еттер, қан... Бірақ, ол шын қан емес. Жасанды болса да, қолыңа жұғылып, жағылған кезде шын сияқты денең тітіркеніп кетеді екен.
– Осы сериалға түсіп, образға кіргенде қандай ой түйдіңіз?
– Қазірде Режиссер Алишер Утевтың «5:32» сериалы көрілім жағынан да, шынайылық тұрғысынан да алда келе жатыр. Түсірілімнен соң мен мынадай ой түйдім. Біздің Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында былтырғы маусымда Мәскеуде оқып жүрген қазақ жігіті Әлібек Өмірбекұлының режиссерлігімен «Қораз» деген қойылым қойылды. Ол да мүлде басқаша жанрда қойды. Бәлкім, бұл Ресейде баяғыда жаңалық боп енген шығар. Ал бізге енді кеп жатыр. Кеше түсірілген Алишердің сериалы да жаңа форматтағы үлкен жоба деп айтсақ болады. Барлық сериясындағы актерлер шынайы ойнаған. Әсілі сол актерлердің бәрі де басқа сериалдарға түспейді емес, түседі. Ал мына жерде ойын өзгеше болған. Сөйтсек, оның барлығы режиссерге байланысты екен.
– Әрбір актер қайсыбір роліне ішкі ізденіспен дайындалады. Сіз бұл персонажыңызга қалай қабылдадыңыз?
–Ол персонажды жиіркенішті деп айту аз, ол – адам емес, хайуан. Өзім персонажымнан жиіркендім де. Бірақ, барынша образды беруге тырыстым. Бір оқырман: «Бізде мұндай жанрдағы фильмдер жоқ қой. Шетелдік киноларда каннибалдарды ер адамдар сомдайды. Ал мына әйел каннибалды сұмдық сомдаған» деп жазыпты. Мақтанғаным емес.
Ең алғаш жолдасым Руслан: «Жаңа образ, жаңа серпіліс, жаңа леп!» деп инстаграмда бөлісті. «Жәудір мен қабылдап жатқанда, басқалар қабылдамайды деп ойлайсың ба? Мен күнде сенің қасыңдамын. Барлық персонаждарыңды жақсы білемін. Бұл образың менің өзіме жаңалық болды» деді ол.
– Желіде медиаметрикалық көрсеткіштер, яғни, рейтинг қалай боп жатыр?
– Қаралым өте жақсы. Ютубта да, айтубта да жоғары. Ютубта өлтіріп, қылғындырып жатқан, қан шашырап, адамды бөлшектеп жатқан қорқынышты кадрлар цензурамен шектелген. Яғни, бұлыңғырланған. Соған қарамастан рейтинг деген ұрып тұр. Барлық әлеуметтік желіде «5:32»-нің эпизодтарын бөліп-бөліп елдің барлығы азық қылыпсалып жатыр ғой.
– Мынадай рөлді анау-мынау актрисаның жүрегі дауалап, алып шығуы қиындау. Ал сіз батылдық таныттыңыз. Гонорарыңыз соған сай болды ма?
– Қазір менің де тұрақты көрерменім бар. Солардың арасында «Неге сондай роль ойнадыңыз? Болмайды ғой» дегенге қарағанда «Актерлік шеберлігіңізге тәнтімін» деген көрермен өте көп болды. Инстаграмда аудиториям кеңейді. Әсіресе, орыстілді көрермендерімнің саны арта түсті. Сол оқырмандарымның 80-90 пайызы «Тәнтіміз!», «Актерлік шеберлігіңізге рахмет!» деп жазыпты. Көрермендерімнің ыстық ықыласы мені қуантты. Ал қаламақыға келсем, әу баста жоба жетекшілері қаржының аздау екенін айтқан болатын. Менің ойымша, актерлер ақша үшін емес, өзін дәлелдеп қойған Алишер Утев үшін барды.
– Түнде шошып оянып жүрген жоқсыз ба қазір?
– Түнде шошып жүрген жоқпын. Ойыма да кірмейді екен. Түннен таңға дейін түскен күні адамды аралап жаттым, етті бөлшектеп, бас пен қолды итке тастайтын жері бар. Таңда 7-8-де келіп ұйықтадық. Түске жақын қайтадан түсірілім болды. Сонда «Түнде түсіңе кірген жоқ па?» деп сұрап жатыр. Түсіме кірмеді, өйткені қатты шаршағанмын ғой. Қатты шаршаған кезде тас боп ұйықтайсың ғой. Сол кезде кірмеген, қазір де кірмейді-ау. Көп адамдар «Беляши» деп жазып жатыр. Қазір «Беляши» хит болып кетті ғой. Инстаграмда да, тик-токта да бәрі соған «Жиіркенемін» деп вайн түсіріп жатыр. Өзім түскеннен кейін беляшиді қатты ойыма алмадым.
Мен инстаграмға нөмірімді жазып қойғанмын. Ерінбегендер ерігіп «Беляши нешеден?» деп қоңырау шалады. Сосын мен «неге мазаны аласыңдар?» деп ұрсып беремін. Үп-үлкен жігіттер баланың тірлігін жасайды. Видеобайланыс арқылы да шығып мазалауда. Қайбір күні он шақты нөмір топ болып бейнебайланыс арқылы шықты. Телефонды көтерсем, алдымда көөп бейне тұр. Олардың тірлігіне ашуланып қалдым. Бәлкім, олар да менің түрімді көргісі келетін шығар. Бірақ, пайымды сөз айтпайды. Айтатындары «Беляши бар ма, нешеден?» деп. Дайрект «Мен сіздің фанатыңызбын» деген сыңайда хатқа толып жатыр. Оның бәріне бірдей жауап бере алмайсың.
– Түсірілім алаңындағы басқа да қызықтар туралы айтсаңыз.
– Басты ролдегі Шалқар екеуміз бір-бірімізге соққы беретін кезіміз бар. Алайда, оны шын істемейсің ғой. «Все, басталды, түсірілім!» деген кезде мен оны, ол мені ұрып жіберген, шынымен соққы тиген сәттер болды. Таң ата түсіріліп жатыр. Бәрінің ұйқысы кеп, шаршап, «Бірге бір болдыңыздар ғой!» деп бәрі ішек-сілесі қатып күліп алған еді.
– Сұхбатыңызға рахмет! Көрермендеріңізді жаңа образдарыңызбен тәнті етіп жүре беріңіз!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Тағы оқыңыз:
Ерке Есмахан тағы да жас жігітпен "ұсталды" (ВИДЕО)
«Саған лайық іні болу бір арман!» : Болат Назарбаев ағасына ән арнады