Гүлзат Көбек: "Жаратушының алдында шарасыз күйде тұрасың. Дұғаң да көмектеспейді. Сенің таңдауың, оның қалауымен үйлесе бермейді..."
Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
Қазір қаламмен емес, камерамен «жазатындардың» заманы десек әбден болатындай. Алдын ала билет алып, лық толы залда кино көретін дәуір баяғыда біткен. Бұл күнде киноны қалаған кезіңде, үйдегі диванның үстінде жатып-ақ көруге болады. Кино көретіндердің саны бұрыннан көп қой, ал соңғы жылдарда бізде кино түсіретіндердің саны да көбейді. Десе де саны көбейген режиссерлердің сапасының қандай екені алаңдатын мәселе.
Осы тұрғыда қазақ киноөндірісінің бүгінгі ахуалы туралы танымал кинотанушымен сұқбаттастық.
Менің бүгінгі кейіпкерім – кинотанушы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры Гүлзат КӨБЕК.
Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Гүлзат ханым. Сізбен қайта сұқбаттасып отырғаныма қуаныштымын. Әңгімені соңғы кездері жұрт аузына көп іліккен «Томиристен» бастағым келеді, ол туралы сіздің баспасөздегі жазбаңызды оқыған едім. Сонда «Фильмде саяси астармен көп көркемдік шындық қосылуы да мүмкін» деп жазыпсыз. Осыны тарқатып айтып берсеңіз, нендей саяси астар жатуы мүмкін?
Гүлзат Көбек: Билікке Томиристей әйел келуі де әбден мүмкін ғой. Саяси астары дегенім сол! Біз фильмнің идеясын, оның астарындағы ақиқаттарды оқимыз. Болжамдарды да. Бейсаналық ойларын да. Мақсатын да.
Қалай болған күнде де Томиристей әйел тарихта болған. Бұл тақырып ертелі-кеш игерілуге тиісті болды. Қазақ киносының қорына «Томиристей» тарихи фильм қосылды. Фильмнің қандай деңгейде шыққанын көрермендер экраннан көрді. Бағасын берді.
Қарашаш Есенбай: Бағасы демекші, осы фильмге қатысты сын көп айтылды. Оның қазақ тілінде қойылмағанынан бөлек, кинодағы тарихтың бұрмалануы. Мысалы, «Томиристің тағында Аргун емес өзі отырған»(кино кадрінде Аргун отырады), «Томиристің күйеуінің аты Аргун емес», сосын «Ондағы тайпалар әр дәуірде өмір сүргендер» дегендей... Кинотанушы ретінде айтыңызшы, кинода тарихтың бұрмалануы қаншалықты заңды? Қазіргі жастардың көбі тарихты зерттемей, кино арқылы танып-білетіні рас. Бұл олардың өз тарихын «шатастыруына» әсер етпей ме?
Гүлзат Көбек: Бүгінгі күн – біздің тарихымыз. Өткенге баға беру қиын. Өйткені, тарихтың жадынан көп нәрсе өшірілуі де, бұрмалануы да мүмкін. Көзбен көрмеген соң, оны талқылау да нәтижесіз. Фильмде қандай да бір тарихи дәйектердің негізін алға тарта отырып, экранда жаңғырған жаңа көркемдік шындық пайда болады. Кино өнерінде бәрі мүмкін. Тарихта Томиристей әйелдің болғанын экранда дәлелдеп берді, болды. Оған дауласудың дәл қазір маңызы жоқ. Жастар Томиристің ерлік ісін үлгі етсе, соның өзі көп нәрсе.
Қарашаш Есенбай: Өзіңіз бұл фильмді неше рет көрдіңіз және көрермен ретінде ұнады ма? Қалай ойлайсыз, болашақта тәуелсіз Қазақстанның басшысы әйел адам болуы мүмкін бе?
Гүлзат Көбек: Фильмді екі мәрте көрдім. Ұнады! Рухыңды жігерлендіреді. Басты рөлге актриса да ұтымды таңдалған. Идеясын толық түсіндім. Қабылдадым.
Әрине, болашақта бәрі мүмкін. Билікке әйел келсе таңқалмаймын. Бүгінгі әйелдер қауымының ер азаматтармен құқы тең. Қоғамдық жұмыстарда белсенді. Әйелдердің ер адамдарға қарағанда жауапкершілігі екі есе артық. Олардың түйсігі сезімтал.
Алайда, әйелдердің өзі әртүрлі типке бөлінеді. Ұжымда көп күндестік тудыратын әйелдер болады. Себебі арзан сөзге құмар. Олардың көбірек үйде отырғанын қалар едім. Қоғамның дамуына олардан аса пайда жоқ. Үй шаруасы мен бала тәрбиесінде де әйелге міндеттелген жұмыс көп. Сонымен айналысқаны өз жеке өміріне пайдалырақ. Ер мінезді әйелдер болады. Іскер. Өзіне есеп береді. Қоғамның дамуына да көп үлесі тиеді. Міне, осындай әйелдер үлкен жауапкершілікті көтереді.
Қарашаш Есенбай: Енді балалар киносына қарай ойыссақ, неге «Менің атым Қожадан» кейін баланы баурап алатын және тәрбие мен әдепті солай үйрететін үздік фильм шықпады?
Гүлзат Көбек: «Менің атым Қожаның» қазақ киносында орны бөлек. Ол бірнеше буын өкілдерінің рухани сұранысын өтей алды. Онан кейін балаларға арналған фильмдер түсірілді. Бірақ, дәл осы «Менің атым Қожаның» деңгейінде мойындалған жоқ.
Қазіргі заманның балаларының ойлау жүйесі мүлдем бөлек. Олар еркіндікті жақсы көреді. Олардың таңдау мүмкіндігі көп. Ютубтан әлемдік ақпарат кеңістігіне әлдеқашан шығып кеткен. Қызығушылығын ояту, назарын аударып алу өте қиын. Бала болып алданбайды. Ақымақ емес. Олардың аудиториясының сұранысын өтеу үшін біздің режиссерларға көбірек іздену қажет.
Қарашаш Есенбай: Балалардың назарын аудару қиын екенін айтып отырсыз, ал біздің қазіргі режиссерлер баланың сұранысын қаншалықты қанағаттандыра алады?
Гүлзат Көбек: Балалар киносына жеткілікті деңгейде назар аударылып жатқан жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің ішкі әлеміндегі күйзелістің терең иірімдерін ашқан Д.Саламаттың «Әкем екеуміз», С.Апрымовтың «Әкеге қоңырау шалу», Э.Байғазиннің «Асланның сабақтары» деген мықты фильмдер бар. Бірақ бұл фильмдер тікелей балалар аудиториясына арналмаған. Көтерген әлеуметтік мәселелері мен идеясы күрделі.
Қарашаш Есенбай: Гүлзат ханым, өзіңіз де білесіз соңғы кезде «Басты рөлде ойнағың келсе, өзің кино түсір» деген ұранмен «өзім білем» дейтін продюсерлер мен режиссерлер көбейді. Айтыңызшы, кәсіби емес, кино заңдылықтарынан алыс адамның киноиндустрияға қандай пайда алып келуі мүмкін?
Гүлзат Көбек: Ондай құбылыс барлық елдің кинопроцесінде бар. «Фильм түсірмеңдер» деп шектеу қоя алмаймыз. Бұл жеке тұлғаның құқына қол сұғу. Әркім өз ар-ұятының шеңберінде өзіне есеп бергені абзал. Қаржы өзімдікі, идея өзімдікі, түсіретін де өзім дейтін шығармашылық топтардың көрермен алдында өз деңгейіне, өнімінің сапасына жауапкершілік көтергенін қалаймын.
Кино өнеріне деген қызығушылығы жоғары әуесқой режиссерлар фильм түсірмес бұрын, ең алдымен кәсіби шеберлігін шыңдауы керек. Сапасыз, арзан, кино тілінен алшақ дүниелер онсыз да киноөндірісінің дамуына ешқандай үлес қоса алмайтындығы, мойындалмайтындығы ақиқат. Уақыт – төреші. Ортаңқол туындылар уақыт өте онсыз да көрермендердің жадынан өшіп қалады.
Қарашаш Есенбай: Осы күні біздің көріп жүргеніміздің бәрі - комедия. Отандық прокаттағы фильмнің тізімін қарайтын болсақ, 90 пайызы комедиялық жанр. Ағылшындар «Комедия – это трагедия» деп ойлайды екен. Ал біздегі сондай ащы шындықты, яғни қоғам трагедиясын отандық комедиялар ұсына алып жүр ме?
Гүлзат Көбек: Біз коммерциялық кино бағытының дамығанын қолдаймыз. Прокатқа өнімдерін ұсынсын. Аудиторияның сұранысы өтелуі керек. Кино өнер ғана емес, ол - бизнес. Қаржы игеріп жатқан авторлар бар. Олардың өзі осы комедия жанрына көбірек ден қоюға тырысады. Себебі, көрермендерге бір уақыт өз өміріндегі әлеуметтік мәселелерді ұмытып, жеңіл әзілге толы фильмдер көрген ұнайды. Бұл олардың таңдау құқы. Мысалыға, соңғы шыққан Н.Адамбайдың «Әкім» фильмінің қоғамға айтар ойы мен өзіндік шындығы бар.
Біздің кино нарығында жыл сайын прокатқа фильм ұсынатын авторлар көп емес. Санаулы. Олардың кейбірі әр саладан келген әуесқой мамандар. Аз болса да бәсекелестік тудыруға, дамытуға қолдарынан келгенше өз үлестерін қосып жатыр. Осы бағытта кәсіби режиссерлар да қарқынды жұмыс істеп, прокатта өз территориясындағы қаржыны өздері игерсе деймін.
Қарашаш Есенбай: Меніңше кинода көбі жеңіл әзіл, әсіресе жатын бөлме мен төсектің айналасындағы әзілдер өтімді болып кетті. Оған кино түсірушілер кінәлі ме, әлде соны көріп отырған көрермен кінәліміз ме?
Гүлзат Көбек: Бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Бұл жалпы жер шарында жүріп жатқан құбылыс. Тек кино әлеміне ғана тән емес. Адамзаттық мәселе. Азғындықты насихаттауға басымдық берілді. Қолдан сұраныс тудыру. Құндылықтар құлдырады. Өте жеңіл ойлайтын, түкке тұрғысыз кейіпкерлерді үлгі етуді модаға айналдырды.
Бұл алып саясат. Көпшілігі оның астарын дұрыс түсінбейді. Соғыссыз, қантөгіссіз, мәдени құбылысты қолдан тудыра отырып, рухы әлсіз ұлттарды өз қолымен өз көріне жерлеу. Әркім өзі таңдау жасауы керек.
Қарашаш Есенбай: Сол кино түсірушілер сіздердің, яғни киносыншылардың сынына құлақ түре ме? Жалпы сіздердің жазбалараңызды, ойларыңызды оқып ескере ме?
Гүлзат Көбек: Өз басым арзан шу сүймеймін. Ортаңқол дүниелерге баға бермеймін. Уақыт зая. Сыншы болу – мін іздеп, байбалам салу емес, байыппен баға беру. Дау туғанда - әділ төрелік ету. Өз ісімізге келгенде есемізді жібермейміз. Есептеседі.
Қарашаш Есенбай: «Ортанқол дүниелерге баға бермеймін» дегеннен туады, жақында желіден бір жазбаңызды оқыған едім. Онда «Қазақстандағы қаламақысы ең жоғары киносыншымын. Үш жолдан ғана тұратын пікірім 5 миллион» депсіз. Бұл жазбаңыз шындыққа қаншалықты жанасады? Мен керісінше, «қаламақым аз...» деп айтатындарды көп естіппін... Жалпы еліміздегі киносыншыларға қандай қолдау, демеу көрсетіліп жүр?
Гүлзат Көбек: Қаламыма құрметпен қараймын. Оны үлкен миссия деп қабылдаймын. Құнын білемін. Жазу стиліме сенемін. Ықпалым бар. Мен үшін қаламның сиясында да үлкен билік бар. Қажетті жерде сөзімді өткіземін. Жазған дүниемнің сапасы мен мағынасына кепілдік беремін. Қаламымның күшін қажетті мақсаттарға ғана қолданамын. Жүрегім қалаған нәрсені ғана жазамын. Қаламасам, қандай көлемдегі қаламақы ұсынса да келіспеймін. Сөзде де есеп жүргіземін. Әр жолын есептеп жазамын. Бос сөз шығын жасамаймын.
Қазақстанда қаламақыға деген көзқарас барлық салада өзгерсе деймін. Өте мардымсыз, аз төлейтінін білемін. Қаламының қадірін, еңбегінің құнын бағаламай жатады. Киносыншыларға да мақаласы үшін ешқандай қаламақы төленбейді. Керісінше, біз кино саласына қолдау көрсетіп отырмыз. Нағыз патриоттарша. Жаңа фильмді өз ақшамызға барып көреміз. Тегін жазып, насихаттаймыз. Адал қызмет етеміз. Әлеуметтік желіде сол мақсатта жазған әзіл-шыны аралас пікірім болатын.
Қарашаш Есенбай: Осы тұста оқырмандармен ең жоғары қаламақы алған туындыңызды бөлісе аласыз ба? Сосын, «көңілім қаламағанды жазбаймын» дедіңіз ғой, кейде ақысы үшін шарасыз жазып беретін шығармашылық адамдарын білемін. Ақын, сазгер, не сыншы болсын... Көңілің соқпағанды, қаржы үшін жазғанда шедевр тууы мүмкін бе?
Гүлзат Көбек: Ол жазбадағы «сөздер» енді менің меншігімде емес. Ол көркем туынды да емес. Тапсырыс егер сенің жүрегіңдегі айтқың келген ойларыңмен үндессе, бұл - зор сәттілік! Бұл маған шеберлігімді шыңдауда үлкен тәжірибе болды. Біз де ақымақ емеспіз ғой, шығармашылығыңда сатуға болмайтын идеялар болады. Ол өзіңнің туған балаңдай. Ешкімге, ешнәрсеге айырбастау мүмкін емес. Авторлығы сатылмайды.
Әнін, сөзін сататын ақын-композиторлар бар. Бір картинасымен бір жылдық қаржы қорын табатын мықты суретшілер де бар. Әншілерді айтпасақ та түсінікті. Дизайнерлер де авторлық киім үлгісі арқылы аз қаржы таппайды. Брендке айналады. Еңбегінің құнын қояды. Неге жазушылар мен сыншылар да қаламының құнын қоймауы керек?! «Меломандағы» қазақ тіліндегі кітаптардың саны мен сапасын ай сайын қадағалап, сараптап тұрамын. Оқитын есі дұрыс кітап таппайсың. Таңдау аз. Неге мықты жазатын жазушылар сол сөрелерді толтырмайды? Нарықты, аудиторияның сұранысын зерттемейді. Ізденіп, игермейді.
Қазір қаламыңның қамын өзің ойламасаң, мемлекет жеке жоспарыңдағы жобаны қаржыландыра бермейді. Әркім өз жүрегіндегі «шедеврі» үшін өзі әрекет етуі керек.
Қарашаш Есенбай: Гүлзат ханым, жақында сіздің кітабыңызды оқыған едім, сонда «Адамдардың көңілінде үнемі өкініш болады. Мына жарық дүниеден барлық рухани қажеттілігімді қанағаттандыра алдым деген пендеге сенбеймін. Қалап тұрсақ та жете алмайтын, сен үшін маңызы жоқ болса да кете алмайтын жағдайлар көп болады» деп жазыпсыз. Өз өмір жолыңызда ондай кезеңдер көп болды ма? Әсіресе «жете алмай қалдым» деп мазалайтын қандай өкінішіңіз бар?
Гүлзат Көбек: Өкінішсіз адам болмайды. Өкініш өміріміздің бір бөлшегі. Шешім жасауға мәжбүр болған маңызды кезеңдер болды. Қалайсың, бірақ ала алмайсың. Мүмкін емес. Тағдыр дегенді осы сәтте мойындайсың. Жаратушының алдында шарасыз күйде тұрасың. Дұғаң да көмектеспейді. Сенің таңдауың, оның қалауымен үйлесе бермейді. Таңдағаныңды кейде саған бермейді. Саған лайықты емес. Тағдырыммен тартысқан менің де бір-екі өкінішім жоқ емес, бар.
Қарашаш Есенбай: «Тағдыр жазылып қояды» деген пәлсапамен келісесіз бе? Қазір «өмірің өз қолыңда» деген тренинг-cеминарлар көбейді. Ғалым ретінде осы тенденцияны қалай бағалайсыз, біздің қоғам мұндайға неліктен сұраныс тудырып отыр?
Гүлзат Көбек: «Жазмыштан озмыш жоқ». Әр адамға жаратылысынан масштабы бекітіледі. Ол ғұмырында сол шеңберді ғана игереді. Сол деңгейде ғана таңдау жасайды. Жүз адам қоғамның ішкі қайшылықтарына наразылық білдіреді, алайда, оны бір патшаның ғана бұйрығы өзгертеді. Пікірі көп, бұйрығы мен мөрі жоқ.
Қазір тренинг пен семинарлар көп. Алайда, адамдардың бәрі неге жетістікке жетпейді? Жер шарынды неге данышпандар ғана мекен етпейді? Неге қайшылықсыз ғажап өмір сүрмейміз? Бәріміз. Тең. Жоқшылықсыз. Тоқшылықта. Ақыл-парасатымыздың масштабы бөлек. Осы - басты себеп.
Барлығының жақсылықтан үмін еткенін қолдаймын. Өссін. Қаласын. Қарымы жеткен нысанасын алсын. Қазіргі тренинг-семинарлардың басты мақсаты да сол ғой. Әлемде жүріп жатқан құбылыс. Саясат. Бизнес. Ғылым. Үздіктердің ішінен үздіктерін сұрыптау. Шеберліктерін шыңдау. Соған арналған жүйе. Онда да масштабыңа ғана лайықты биігіңді аласың. Онан артық емес.
Қарашаш Есенбай: Біздің өмір сүріп жатқан қоғамды қай фильмге теңейсіз? Ал болашақта қай фильмдегідей болса екен деп армандайсыз?
Гүлзат Көбек: Дәл қазіргі қоғамды айнадан көргендей шынайы бейнелейтін фильмдер бар. Өзіміздің Қазақстандық киногерлеріміз де оның бет-бейнесін шебер аша алған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына С.Апрымовтың «Соңғы аялдамасынан» артық диагноз қойған фильм жоқ. Ә.Ержановтың «Қожайынында» автордың айтар астарлы ақиқаты бар. Ф.Шариповтың «Жеке тұлғалық өсу тренингі» фильмінде бүгінгі қоғамның сайқымазақ арзан ойыны мен екіжүзділіктің бетпердесін киіп күнелткен адамдардың анайы бейнесі ашылады. Ж.Исабаеваның «Тойтарылғандар» фильмінде жалған намыс пен қорланған қазақ қызының жанайқайы бар. Бұл фильмдер біз өмір сүріп отырған қоғамның ащы шындығы. Көлеңкелі жақтары. Экранда ашылған.
Келешегімізді нақты бір фильмнің үлгісіне теңегім келмейді. Оқиғасы ешбір фильмге ұқсамағанын қалар едім. Кейіпкерлері де. Қиялымдағыдай. Жарқын болашақты қалаймын. Мейірімге толы, ұстанымдарына берік, құндылықтарына құрметпен қарайтын. Жауапкершілік алатын. Арзан сайқымазақ ойын ойнамайтын. Сенім мен білімге толы. Мәдениетті. Еркін. Әділдікті ту еткен. Мүдделері біріккен. Ғылымы үстем. Экономикасы дамыған. Кең байтақ территориямызда сәулет өнерінің ең үздік үлгілері көрініс тапқан. Таза экология. Гүлденген. Ұлтымыздың үміті сөнбеген.
Қарашаш Есенбай: Бізді сол күнге жеткізсін. Жауаптарыңызға рақмет!
Автор: Қарашаш Есенбай
Фото: Жеке мұрағаттан