​Ағарған шашты ЖАҢҒАҚПЕН ҚАРАЙТУҒА болады

1
15 002

Шашты қарайтудың түрлі әдісі бар.


​Ағарған шашты ЖАҢҒАҚПЕН ҚАРАЙТУҒА болады

Шаштың ағаруы бүгінгі таңда екінің бірінде кездесетін мәселеге айналып келеді. Өйткені, жасқа байланысты емес, кейде жасөспірімдердің де шашына ақ түсуі кездесіп жүр. Мұның себебі неде?

Әрине, әртүрлі жағдайлар, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын сақтамау, денсаулық жағдайына, экологияға байланысты деп қарастырып жатамыз.

Дегенмен, мамандар шашты бастапқы қалпына келтіріп, қарайту үшін бірнеше әдістерге жүгіну қажеттігін ескертеді.


Шашты қарайту ҮШ ӘДІСІ бар

* Химиялық әдіспен қарайту (бояу)

* Табиғи, ағзаға зиян келтірмейтін жолмен қарайту (табиғи өсінділермен)

* Үй жағдайында шашты қарайту


Шашты химиялық жолмен қарайту

Шашты қарайту керек болғанда ойымызға ең алдымен келетіні дүкенде сатылатын шаш бояуын алып, шашымызды бояу. Бірақ, мұндай химиялық қоспалары бар шаш бояуының кері әсері де бар. Химиялық қоспасы бар бояулармен шашты жиі бояғаннан бастапқы қалпын жоғалтып, сынғыш, өңі де қашып, өлі шашқа айналады. Шашқа нәр беру үшін ұзақ уақыт бойы әртүрлі маскалар жасап, еңбектенуіне тура келеді.

Егер шашыңызды осындай бояумен қарайтуға шешім қабылдаған болсаңыз, тәжірибелі шебермен ақылдасқаныңыз жөн. Ол сіздің шашыңыздың қазіргі деңгейін бағалап, қандай бояу түрінің сәйкес келетіндігін анықтап бере алады.

Қара түсті шаш бояуын таңдамас бұрын, көзіңіздің түсі мен теріңіздің түсіне мән беріңіз. Өйткені, бұл бояу барлық қыз-келіншектер үшін сәйкес келе бермейді.



Табиғи бояуларды қолдану

Шашты химикатсыз, зиянды қоспаларсыз қарайтуға болады. Ол үшін 1: 4 қатынасында басма мен қынаның қоспасынан бояу дайындап алыңыз. Қандай маркасын таңдағаныңыз маңызды емес, тек бар болғаны басманың өзімен ғана бояуға шешім қабылдамаңыз. Өйткені, сіз күткен қара түс емес, жасыл немесе басқа да шаң түстес реңк шығуы мүмкін.


Мысалы, бір ыдысқа басманы 1 шай қасық деп алсақ, қынаны 4 шай қасық салып, үстіне қайнаған су құйып ботқа тәріздес болғанша жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоспаны шашыңызға мұқият жағып, сыртынан целлофан қалтасын киіп, орамалмен орап қойыңыз. Қынамен бояудың бір ерекшелігі, оны ұзақ уақыт шашта ұстау керек. Химиялық қоспасы бар бояумен боясаңыз, кемінде 40 минут жеткілікті болса, қынаны 6-8 сағат ұстағаныңыз жөн. Шашыңызды сусабынның көмегінсіз, жылы сумен жуғаныңыз абзал.


Шашыңызды қына мен басманың қоспасымен бояйтын болсаңыз, бас теріңізге ешқандай зиян келтірмейді. Тіпті, ол өлі шашты қалпына келтіруге көмектеседі және ауру шашты емдейді, қалыңдатады, шаштың саулығын қайтарады, жылтыр етеді.


Қынаның әсерінен шашыңыз ултьракүлгін сәулелерден, жел, ағын судың құрамындағы хлор мен тұздан тағы да басқа шашқа теріс әсерін тигізетін заттардан қорғалады.


Үй жағдайында шашты қарайту

Ол үшін сіз бірнеше ай көлемінде емен ағашымен «дос» болуыңыз керек. Оның күшті тұнбасын шашыңыз үшін маска, сусабын мен бальзамға қосып қойыңыз. Бұл өз кезегінде шашыңыздың түсін қоюлатады, ақ шаштарға да қою түс береді. Бірте-бірте шашыңыз осылай қараяды.


Жаңғақ та ақ шашты қарайтады

Бірнеше жаңғақты алып, ұсақтайсыз. Ештеңесін алып тастамаңыз. Осы ұсақталған жаңғақты қайнаған суға салып, жарты сағаттай қайнатыңыз. Кейін әбден суығанын күтіңіз. Ыдыстың түбінде тұнбасы қалады.


Шашыңызды сусабынмен жуып алыңыз. Қолыңызға бояу жұғып қалмау үшін қолыңызға резеңке қолғап киіп алып, түбіндегі тұнбаны басқа ыдысқа салып қойыңыз. Содан кейін шашыңызды осы сұйықтыққа батырып, бояу шашыңызға жақсылап сіңуі үшін жарты сағат көлемінде ұстап тұруыңыз керек. Шашыңыздың сұйықтыққа батпаған тұсын әлсін-әлсін қолыңызбен «жуып» тұрыңыз. Содан кейін ағып тұрған жылы сумен жуып тастаңыз.



Пияздың көмегімен қарайтуға болады

Жарты стакан (100 гр) ұсақтап туралған пиязға 250 мл ыстық су құйып, 20 минут бойы бәсең отта қайнатыңыз. Суыған соң, сүзіп алып, сұйықтыққа 1 ас қасық дәріханада сатылатын глицеринді қосыңыз. Үш апта бойы осы тұнбаны күніне бір рет үзбей жағып, уқалай отырып, бас теріңізге сіңіресіз.


Жөке ағашының тұнбасы

Жөке ағашының (липа) бұтақтары мен жапырақтарын бірге ұнтақтау керек. 5 ас қасық ұнтақталған жөкеге 1,5 стакан су құйыңыз және қайнатыңыз. Отты бәсең қойыңыз. Судың үштен бір бөлігі қалғанша қайнау керек. Одан кейін суды сүзіп алып, шашыңызға жағып шығыңыз. Полиэтилен қалтасын киіп, сыртынан сүлгімен орап қойыңыз. Жарты сағат өткеннен кейін жылы сумен сусабынсыз жуып тастаңыз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


ЖАС көрінгіңіз келсе, КАРТОПТЫ пайдаланыңыз


Кәдімгі СҮЗБЕДЕН жасалған маска ӘЖІМДІ кетіреді