Аяқкиім аяқты қажамауы үшін кимес бұрын «моншаға түсіріп» алыңыз

0
7 454


Аяқкиім аяқты қажамауы үшін кимес бұрын «моншаға түсіріп» алыңыз

Фото: kto-chto-gde.ru

«Аяқта аяқкиім тар болса егер, не пайда дүниенің кеңдігінен?»

Танымал ән тіліңізге әуенімен оралды ма? Бірақ, қазір әңгіме ән туралы емес. Дұрыс ойлайсыз, аяқкиім туралы. Нақтырақ айтсақ, аяқкиімнің аяқты қажауы туралы.

Жаңа оқу жылының басталуына, күннің суытуына байланысты жабық аяқкиімдер қызметін бастады. Ал, жаздың жайлылығы мен еркіндігіне бой үйреткен аяқтар оларды жатсынып қалғандай. Сондықтан, қажаудан қашып құтыла алмаймыз. Әсіресе, таңдауы туфлиге түсетін әйелдер қауымы. Бірақ, ұзаққа созбаудың және аяқты қатты ауыртпаудың бірнеше амалы бар. Жасап көремін десеңіз, айтып бере аламыз.


  • Егер аяқкиімнің сірісі өкше үстін қажаса, ернеуін балғамен жайлап ұрғылап жіберуге болады. Бұл біршама жұмсартады. Аяқкиімге зияны тимес үшін жұмсақ мата қойыңыз.
  • Аяқкиім ернеуіне және қажалған теріге майсана, күнбағыс, басқа да үйден табылған май түрін жағуға болады. Май жаққан соң аяқкиім ернеуін мыжғылап-созып жіберсеңіз тез жұмсарады.
  • Тағы бір тәсілі – аяқкиім сірісінің ішкі жағына бор не балауыз жағу. Бұл әдісті бірнеше күн бойы, күніне үш-төрт реттен қайталап отыруды естен шығармаңыз, сонда ғана пайдасын көресіз.
  • Ал егер нәтиже бір күнде болғанын қаласаңыз, кешкісін кішігірім майлықты сіркесуына малып алып, аяқкиім ішіне салып қойыңыз. Түні бойына солай қалдырасыз.
  • Мына тәсіл тіптен оңай әрі тез екен: аяқкиімнің қажайтын тұстарын араққа батырыңыз да, киіп алып арлы-берлі жарты сағаттай жүріңіз. Аяқкиім аяқтың қалыбына тез-ақ түсуге тиіс. Бұл әдісті жасау үшін арақ орнына сутегі асқын тотығы да жарайды.
  • Лейкопластырь алып, қажаған аяққа не аяқкиімге жапсырып қоя салыңыз десек, оны бәрі біледі дерсіз. Ендеше, одан да оңай әдісті айтайық: аяқкиімді кимес бұрын аяғыңызға крем жағып алыңыз.

Оқи отырыңыз:

Осылай сепкенде ғана әтір ИІСі денеде ҰЗАҚ сақталады


Қатты ұнап тұрған аяқкиімді кішкене тарлығына қарамай ала салатынымыз бар. Ал кейде байқамай қаламыз. Қай жағдайда болса да, оны кеңейтетін де әдістердің бары қандай жақсы! Қажет кезде еске түссе болғаны.

  • Қайнаған суға малынған матаны аяқкиімге салып қояды. Он бес минуттан соң матаны алып, аяқкиімді қалың немесе қабатталған шұлықпен кию керек. Екі сағаттай аяқкиімді де, шұлықты да шешпей жүре алсаңыз, ары қарай «дүниенің тарлығын» сезінбейсіз.
  • Табиғи теріден тігілген аяқкиімге мына тәсіл жақсы дейді білетіндер: екі мықты полиэтилен қалтаға су құйып, ауыздарын жақсылап байлайды да, аяқкиім ішіне салыпмұздатқышқа қояды. Су қатқан сайын көлемін ұлғайтып, соның арқасында тері де созылады екен.


  • Аяқкиім аяқты қажаған соң ғана емес, кимес бұрын, тіптен қораптан алмас бұрын әрекет етіп, оны «моншаға түсіріп» алыңыз. Ол үшін аяқкиім салынған қорапты су сүлгімен орап, бір түнге қалдырасыз. Таңертең қорап қолдануға жарамсыз болып қалады. Есесіне, буға шомылған аяқкиім аяқ қалыбын оңай алады.

Егер бұл әдістердің бірі де көмектеспесе немесе жасауға құлқыңыз болмаса, аяқкиім дүкеніне қайта барыңыз. Өткізу үшін емес. Ол жақтан аяқты қысу, қажау мәселесін шешіп бере алатын біраз құрал табылады. Олар жайлы сатушы айтар. Ал біз қысу мен қажай мазаламауы үшін аяқкиім аларда мына кеңестерді ескерсеңіз дейміз:


  • Аяқкиім алуға кешке барыңыз. Әдетте, тәуліктің осы мезгілінде аяқ аздап ісініп тұрады.
  • Немесе қалың шұлықпен киіп көріңіз. Әсіресе, қыстық етіктерді.
  • Етік, кеды, кроссовки, туфли сынды жабық аяқкиімдерді үлкенірек етіп алған артық емес.
  • Жаңа аяқкиімді киіп көру жеткіліксіз. Онымен жүгіріп не секіріп байқаңыз, қысатыны не қажайтыны сонда белгілі болады.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ