Аяқкиім таңдай аласыз ба?

0
2 173

Аяқкиім алғанда сауатты да саналы таңдау жасай білу маңызды


Аяқкиім таңдай аласыз ба?

Фото: mybeaty.org

Аяқкиімді дұрыс таңдамау – ол:

  • күн сайын ыңғайсыз аяқкиіммен қиналып жүру;
  • аяқ сүйектеріне зиян келтіру;
  • оған жұмсалған ақшаның заяға кетуі;
  • жаңа аяқкиім үшін тағы шығын болу.

Қай-қайсысы болса да, жағымды жағдай емес. Сондықтан, аяқкиім алғанда сауатты да саналы таңдау жасай білу маңызды. Сіз бұл жағынан қалайсыз?

Нақты жауап айта алмасаңыз, төмендегі тестен өтіп көріңіз және әр жауап астындағы кеңестердің өзіңізге керегін іліп ала жүріңіз.


Күнделікті киетін аяқкиім өкшесінің биіктігі қандай болуы керектігін білесіз бе?

  • Білмеймін, әдемі және сәнді болса болғаны. (Егер аяқкиімді сыртқы көрінісімен ғана бағалайтын болсаңыз, мұныңыз білместік. Қанша әдемі болса да, 10-12 сантиметрлік биік өкшемен күні бойы жүру қиын әрі зиян)
  • Білмеймін, бастысы аяқкиім ыңғайлы болса және аяғымды қыспаса болғаны.

(Аяқкиімнің ыңғайлы әрі шақ болуы маңызды, әрине. Сондай-ақ, өкше биіктігінің маңызы да олардан кем емес)

  • Өз бойыма сай өкше биіктігінің шамасын есептеп алғанмын, соны басты назарға аламын.

(Өте дұрыс! Тақа биіктігі өз бойыңызға сай болса, омыртқаға түсетін ауыртпалық та азаяды)

Әркімнің өз бойына дұрыс келетін өкше биіктігін есептейтін арнайы формула бар:

бой ұзындығын (см)- А;

аяқ ұзындығын(жамбас сүйегінен өкшеге дейінгі, см) – В деп алсақ,

А:В=Х

Х-1,6=У

У×10=Z

Міне, осы шыққан Z мәні сіз үшін күнделікті киетін аяқкиім өкшесінің ең дұрыс биіктігі болып табылады.


Спорттық кроссовка мен күнделікті киюге арналған кроссовканың қандай айырмашылықтары барын білесіз бе?

  • Әрине. Олардың ерекшеліктері мен үшін маңызды. Сатып алар кезде міндетті түрде ескеремін.

(Жарайсыз! Спорттық және күнделікті киюге арналған түрлердің айтарлықтай айырмашылықтары бар. Айталық, жүгіруге арналған кроссовка өте жұқа болып келеді, сондықтан, күнделікті таңнан-кешке дейін киіп жүруге жарамайды)

  • Жоқ, мен үшін бәрі бір – кроссовка.

(Бұл ойды өзгерту керек. «Кроссовка» атауы бір болғанымен, әр жағдайға лайықталған түрлер басқа жағдайларға сапалы қызмет көрсете алмайды. Мәселен, күнделікті киюге арналған кроссовкамен жүгіру қиындық туғазады, өйткені, олар ауыр әрі қалың)

  • Кроссовка кимеймін, сондықтан бұл жайлы ойланбаппын.

(Солай-ақ болсын. Бірақ, болашақта кроссовка сатып алуға шешім қабылдасаңыз, спортпен айналысуға және күнделікті киюге арналған түрлердің айырмашылығы болатыны және әрқайсысын өз орнымен ғана қолдану керектігі ойыңызда болсын)


Табаны жұмсақ, иілімді аяқкиімдер ыңғайлы әрі сапалы болады деген ұғым қалыптасқан. Бұл жайлы сіз не ойлайсыз?

  • Тек табаны иілгіш аяқкиімді ғана киемін.

(Иә, ол да дұрыс. Бірақ, кей табаны жұмсақ аяқкиімер аяқты тез шаршататынын да ескеру керек тек біржақты пікір. Табаны қатты аяқкиімдер арасында да ыңғайлы әрі сапалысы болады)

  • Маған бәрібір.

(Кешіріңіз, сізге бәрібір болмауға тиіс. Өйткені, табаны жұмсақ болсын, қатты болсын, аяқкиімнің ыңғайлы болуына, аяқ сүйектеріне зиян тигізбейтініне мән беруіңіз керек)

  • Табаны жұмсақ та, қатты түрлерден де таңдап киемін.

(Ең дұрысы – осы. Бастысы – сапалы да жайлысын табу)


Аяқкиім сатып алуға қай уақытта барасыз?

  • Таңертең, әлі дүкендерде кезек көбеймеген кезде.

(Бір күндік кезекте тұру мен күнделікті аяқты қыспайтын аяқкиіммен жайлы жүрудің бірін таңдауға қалай қарайсыз? Алғашқысын таңдасаңыз, кейін күнделікті аяқкиіміңіздің аяқты қысуына дайын болыңыз. Оған дайын болмасаңыз, аяқкиім алуға таңертең бармаңыз)

  • Кешкісін барамын.

(Өте дұрыс! Кешке қарай аяқ ісініп, өлшемі үлкейеді. Осы сәтте киіп көріп алған аяқкиім аяқты тәуліктің қай мезгілінде болсын қыспайды)

  • Кез келген уақытта интернет-дүкеннен онлайн таңдаймын.

(Уақыт үнемдеу жағынан келгенде интернет-дүкеннің ыңғайлы екенінде дау жоқ. Алайда, аяқкиім үшін емес. Онлайн таңдап, өз өлшеміңізге тапсырыс берген күннің өзінде ұзындығы не кеңдігі тура келмеуі, кейде аяқкиімнің пішімі сіздің аяқ сүйектеріңізге сәйкес болмауы әбден мүмкін)


Аяқкиім сатып алардағы дүкендегі әрекетіңіз:

  • Бір сыңарын киемін, айнаға қарап көремін, ұнаса бірен аламын. Ұзақ таңдауға уақыт жоқ.

(Уақыт қымбат екеніне дау жоқ. Алайда, уақыт жоғалтпаймын деп денсаулықты қалтарыста қалдыру дұрыс емес. Бір сыңары тура келгенімен, екінші сыңары дәл ондай болмауы мүмкін. Өйткені, оң аяқ пен сол аяқ өлшем жағынан да, сүйектердің құрылымы жағынан да екі түрлі болуы жиі кездеседі. Міне, осы сбеептен екі аяққа да киіп, қатты еденде бірнеше минут әрлі-берлі жүріп көру керек)

  • Аяқкиім жұбын киіп, 10-15 минут арлы-берлі жүріп, саусақ ұшымен тұрып көремін.

(Дұрыс жасайсыз! Осындай тексерістен өтіп алынған аяқкиімнің аяққа жайлы болмауы, сүйектерге зиян келтіруі мүмкін емес)

  • Екі аяғыма да киіп, бірнеше минут бойы отырып көремін. Қыспаса, аламын.

(Аяқкиім жұбының екеуін де кигеніңіз дұрыс. Бірақ, отырып тексергеніңіз жарамады. Келесіде арлы-берлі жүріп көріңіз. Сонда ғана оның жайлылығы мен ыңғайлылығына баға беруге болады)


Аяқ киімнің қалыбы сіздің аяғыңызға сәйкес келетінін не келмейтінін анықтай аласыз ба?

  • «Аяқ киімнің қалыбы» деген не екенін де білмеймін.

(Бұл – жақсы емес. Асылында, аяқкиімнің санмен белгіленген жалпы өлшемі ғана емес, қалыбы да аса маңызды. Бірдей өлшемдегі аяқкиімдердің бірі аяғыңызға шақ келіп, екінші бірі сыймай қалған кездері болды ма? Болса, неге деп ойлайсыз?)

  • Әрине, тіпті бір қарағанда-ақ білемін.

(Керемет! Өзіңнің өлшемің, бойға сәйкес тақа биіктігін, қалай таңдау керегін біліп қана қоймай, өз аяғыңызға сәйкес келетін аяқкиім қалыбын таңдай білу – өте пайдалы дағды. Әйткенмен, бір қарағаннан-ақ білемін деп, киіп көрмей сатып алып жүрмеңіз)

  • Аяқкиім қалыбының сәйкестігін анықтау маған қиын, сондықтан, барлығын киіп көремін.

(Дұрыс. Аяқтың қамын ойласаңыз, киіп көріп таңдаудан ерінбеңіз. Әйтсе де, өз аяғыңыздың өлшемдерін біліп алғаныңыз да артық болмайды)

Біліп жүріңіз, аяқкиімнің қалыбы – бұл аяқкиімнің ішкі кеңістігінің өлшемдері, яғни, табанның ұзындығымен қоса, саусақ тұсының көлденең кеңдігінің, алқымның биіктігінің өлшемі. Жалпы, аяқкиім таңдағанда, өз аяғыңыздың осындай жан-жақты өлшемін білген жөн.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ