​БАЛАЯЖ, ОМБРЕ: Ең сәнді ШАШ үлгісін ҮЙДЕ жасауға болады

0
13 224

Сәнге айналған бояулар қандай? Үйде, өзіңіз бояй аласыз.


​БАЛАЯЖ, ОМБРЕ: Ең сәнді ШАШ үлгісін ҮЙДЕ жасауға болады

Сәнге айналған шаш үлгісіне қоса сәнді шаш бояуы да қарқынды дамып келеді. Табиғи шашының түсін технологиялардың көмегімен алуан түске бояп, сәнді, стильді көрінуге мүмкіндік те мол.

Қоңыр түсті шаш трендте. Бұл түс әйелдік болмысты айшықтай түседі әрі нәзіктікті арттырады.

Бірақ кейде тері түсінің, бет пішінінің ерекшеліктеріне байланысты әйел бейнесін ашпай, көңілсіздеу кейіпке ендіруі мүмкін.

Сондықтан, өз ерекшеліктеріңізді айқындап, содан кейін ғана шаш бояуын өзгерту туралы шешімді қабылдағаныңыз жөн.

Әсіресе алғаш рет ашық түске бояймын деп шешсеңіз, сізге «Омбре» бояу нұсқасы дұрыс таңдау.


ОМБРЕ

Шаштың түбі қоңырқай немесе күңгірт түске боялады да ұшына қарай ашық түске ауыса бастайды. Әдетте шығармашыл, өзгерістерге әуес ханымдар үшін жарасымды болмақ.

Бұл процедура әдетте сұлулық салондарында жасалады. Ал бояуды өңдей алатын, қолынан келетін әйел болса, өзі-ақ үй жағдайында бояп алуға болады.


БАЛАЯЖ

Бұл мүмкіндігінше табиғи және жеңіл көрінеді. Бірақ бояу техникасы басқаларына қарағанда күрделірек. Сондықтан шеберден кәсібилік талап етіледі. Мұқият қарағанда ғана балаяждың омбреден ерекшелігін аңғаруға болады. Оның омбреден айырмашылығы, түстердің беткі жарықтануы байқалады және бояу реңктерінің арасында шекара жоқ, біркелкі.

Сондықтан, мұны үй жағдайында, өзіңіз жасағыңыз келсе, ерекше табандылық пен шеберлігіңізге сенсеңіз ғана тәуекелге барсаңыз болады.

Ал үй жағдайында ОМБРЕ әдісін жасаудың жолдарын біліп алсаңыз, балаяжға қарағанда қиындығы жоқ.


Ескеретін жайт:

Шашты бояу үрдісі ұзақ уақытқа созылады. Кем дегенде үш сағаттан бес сағатқа дейін жалғасады. Технологияны ашық түске боялған немесе мүлдем боялмаған, табиғи шашқа қолданады. Қара, қою түстерге боялған шаштан нәтиже көз қуантарлықтай болмауы мүмкін.

Омбре әдісі шаш түсін өзгертіп, тәжірибе жасағысы келетін, бірақ толық бояуға дайын емес әйелдер үшін өте тиімді. Сонымен қатар, шашы өте сирек, шашына көлем бергісі келетін арулар да осы әдіске жүгінсе болады.


НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

Бас терісін мейлінше зиянды әсерден қорғау үшін бояуды жуылмаған шашқа жаққан дұрыс. Яғни, шашыңызды боярдан алдын кем дегенде екі күн бойы басыңызды жумағаныңыз жөн. Себебі, бұл уақыт аралығында теріден қорғаныш май қабаты жеткілікті мөлшерде шығарылып, теріні қорғауға мүмкіндік береді.

Барлық бояудың құрамында аммиак болатынын ескере отыра, бас терісін қорғау қажет. Аммиак бас терісін тітіркендіріп, қайызғақтың пайда болуы мүмкін. Егер сіз таза шашқа бояу жаға бастасаңыз, ол міндетті түрде күйдіру және қышуды сезінесіз. Кейде белгілі бір уақыт аралығында болса да бұл жағымсыз сезімдерге төтеп беру мүмкін еместей көрінеді. Сондықтан таза шашты бояуға болмайды.

Ашық қоңыр шашты бояуды кәсіби колористке тапсырған жөн. Себебі үй жағдайында оның оң әсері байқалмайды.

Ал үй жағдайында классикалық немесе түрлі-түсті омбре жасауға болады.


фото: 101hairtips


Ол үшін сізге:

Шыны ыдыс, фольга, қолғап, тарақ және бояу щеткасы мен бояу, тотықтырғыш заттар жиынтығы қажет.

Шашыңызды жоғарыға, мейлінше маңдайға жақын етіп (тәж тұсына) буыңыз. Бояуды содан кейін дайындаңыз. Себебі, бояуды қолданардың алдында бірден дайындау керек. Шаштың астыңғы жағына фольганы салып, бояуды жағыңыз. Бояу шашқа біркелкі енуі үшін тарақпен тарап жіберіңіз. Содан кейін фольгамен орап, жан-жағын қымтап жабыңыз. Нұсқаулықта көрсетілген уақыттан асырмаңыз. Шашыңызды сусабынмен жуып, артынан нәрлендіру және нығайту үшін кондиционерді қолданыңыз.

Егер бояу әлі де күңгірттеу көрінсе, процедураны қайталауыңызға болады.


БОЯУдан БАС ТАРТУ КЕРЕК, ЕГЕР:

шашыңыз тым қысқа болса;

жуық арада шашыңыз бүкіл ұзындығы бойынша боялған болса;

шашыңыз сынғыш, ұштары бөлінген (гүлдеген) болса;

шашыңыз, яғни бас терісі өте майлы болса.


Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи ОТЫРЫҢЫЗ:


ҚАС ТАТУАЖЫ: Қай түрін жасатқыңыз келеді?


ШУГАРИНГ: Үйде АУЫРТПАЙ жасауға болады