​Бетке МАССАЖ жасап ЖАСАРУға болады

0
5 017

Массажды дұрыс жасасаңыз, жасаруға мүмкіндік көп.


​Бетке МАССАЖ жасап ЖАСАРУға болады

фото: Pinterest

Жас ұлғайған сайын терінің салбырай бастауы, ұсақ әжімдердің түсуі әсіресе әйелдердің көңіл-күйін түсіретіні жасырын емес. Әлбетте бұл табиғи нәрсе ғой, дегенмен барынша жас көрінуге талпынады адам баласы. Жасыңыз қаншаға келсе де жүзіңіздің жарқырап тұрғаны, биологиялық жасыңыздан әлдеқайда жас көріну кез келген адамның арманы шығар.

Сондықтан қол қусырып отырғанмен, ештеңе өнбейтінін түсінген жан болсаңыз, әрекетке көшіңіз. Сол әрекеттердің бірі- бет күтімі үшін арнайы косметикаларды қолданудан бөлек, массаж жасау да тиімді көмек бере алады. Қазіргі кезде «жасарудың» заманауи технологиялық жолдары да бар, ол ешкімге жасырын емес. Алайда, медициналық отаның көмегіне жүгінудің зиянды жақтарын да ескеру керек, сонымен қатар қаражат жағы да аз жұмсалмайтыны белгілі.

Ал көп шығынсыз, үй жағдайында да өз-өзіңізге, яғни бетке массаж жасау арқылы да терінің жағдайын жақсартуға болады.


ЕРІНБЕҢІЗ, нәтижесін міндетті түрде көресіз!

Бетке массаж жасаудың басты артықшылығы - оның жасарту нәтижесінде. Егер тұрақты түрде, ұдайы белгілі бір уақытта массаж жасауға көңіл бөлсеңіз, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізесіз. Беттің контуры білініп, ұсақ әжімдер жоғалып, бет терісі тартыла бастайды. Бет теріңіздің түсі жақсарып, теріңіздің балғын күйіне өзіңіз де сұқтанатын боласыз.

Бетке массаж жасаудың пайдасы

* Лимфа ағысын жылдамдатады, ісінулермен қоштасасыз;

* Беттегі ісіну, токсин, артық судың барлығын айдап шығарады;

* Әжімдердің саны азаяды, тереңдігі жойылады;

* Бет терісінің түсі жақсарады;

* Теріде қан айналымы жылдамдайды;

* Көңіл-күйіңіз көтеріліп, стрестің алдын алады. Егер стреске бейім болсаңыз, жылдам шығуға көмектеседі;

* Массаждан соң терінің су балансы қалпына келеді;

* Қызару, түрлі дақтар жойылады;

* Тіс ауруларына да көмегі бар, қызылиектегі проблемаларды жоюға көмектеседі;

* Егер гайморит дерті бар болса, бұл ауруды да жеңілдетеді;

* Ұйқысыздық мазалайтын болса, бұдан да құтыласыз;

* Массаж дұрыс жасалынса, безеудің шығуы да тыйылады;

* Бет бұлшықеттерінің қызметі әлсірегенде бас аурулары да пайда болады, ал массаждың көмегімен бұл мәселеден де арыла аласыз. Өйткені бұлшықет өз жұмысын дұрыс атқара алмағанда қан тамырларының қысылуы орын алып, басқа қан дұрыс жүрмей қалады, соның әсерінен бас ауруы пайда болады. Ал бетке массаж жасау арқылы осы олқылықтардың орнын толтыра аласыз.


фото: torque-stock.ru

Массажды қанша жастан бастау керек?

Профилактикалық массаж ретінде 16 жастан бастап жасай беруге болады. Ал 25 жастан бастап, тұрақты түрде жасаған дұрыс. Өйткені осы жастан бастап, ең алғашқы әжімдер көз айналасына түсе бастайды. Нәтижеге қол жеткізу үшін ең алдымен массаж жасауға арналған майды дұрыс таңдау керек, мүмкіндігінше бет массажы үшін арнайы кремдермен жасаған дұрыс, егер табылмаса арнайы массаж үшін майлар да бар. Осындай майды алып, өзіңіз күнделікті қолданып жүрген креміңізден азырақ қосып, араластырып жасауыңызға болады. Өйткені кәдуілгі бетке арналған нәрлендіруші, ылғалдандырушы кремдермен ұдайы массаж жасауға болмайды. Бір рет немесе екі рет қолдануға болатын шығар, бірақ тұрақты түрде бетке арналған кремдермен массаж жасамаңыз. Егер көп қолданатын болсаңыз, терінің сыртқы қабатын құрғатып жібереді. Нәтижесінде бет терісі қатты тартылып, түлейді, одан соң әжімдер пайда болады. Сондықтан массаж үшін арнайы крем сатып алыңыз.


Үй жағдайында массаж жасау жолдары

1-қадам. Қолыңызды тазалап жуу маңызды, бет терісін дайындап алмай, массаж жасауға болмайды! Бет терісіне зақым келмес үшін бетіңізді де арнайы құралдармен тазартып, жуып алыңыз.

2-қадам. Ылғалдандыру. Құрғақ бет терісіне массаж жасауға болмайды. Бұл ыңғайсыз ғана емес, қауіпті. Терінің жағдайын нашарлатып қана қоймай, беттегі қан тамырларына зақым келтіруі де мүмкін.

3-қадам. Массаж сызықтары бойынша қимыл жасау. Бұл сызықтар бет бұлшықеттерінің табиғи жұмыс жасау сызықтары. Егер кері қарай әрекет ететін болсаңыз, теріге әжімнің көптеп түсуіне жол ашасыз. Массажды күшпен жасамаңыз, жеңіл қимылмен, жұмсақ уқалаңыз.


ТЫЙЫМ салынған:

Дене қызуы көтерілгенде; вирустық инфекциялар жүріп жатқанда;

бет терісінде жарақат немесе ерін айналасында ұшық, бөрткендер бар болса;

артериалық қан қысымы жоғарылап тұрған кезде;

көздің қан қысымы жоғары болса;

купероз, экзема, псориаз секілді тері ауруларының күшейген шағында;

іріңді безеу кезінде;

қан ауруларында және онкологиялық ауру бар болса бетке массаж жасауға болмайды!


Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ТАБИҒИ косметика зиянсыз ба?


КОСМЕТИКАның «өмірін» ұзартуға болады