Қандай киім Сізді қыпша бел қылып көрсетеді?

0
3 159


Қандай киім Сізді қыпша бел қылып көрсетеді?

Фото: marieclaire.com.my

Құмырсқадай қыпша белді жаратылыс бәріне бере бермейді. Кейде артық салмағы жоқ қыз-келіншектердің өзінің бел мен бөксе ені бірдей боп жатады. Сондықтан да құмсағат пішінді, қыпша белді аруларға қызыға қараушылар көп.

Бірақ, табиғат бермеді екен деп бөгдеге қызығып жүре беруге де болмас. Сырт көзге бел-мықынды айрықшалап көрсетіп тұратын әдістерді біліп, әрекет етейік.


Бел тұсында көзге түсетін ешқандай ерекшелік, түс өзгерісі болмауы керек. Тым қатты жабысып тұратын көйлек не кеудеше де кері әсер береді. Сондай-ақ, еркін пішімді киімдер де көздеген мақсатыңызға жеткізбейді. Олармен одан әрі көлемді, добал мүсінді болып көрінесіз.

Бел тұсынан қиылып, етегі қайта жалғанатын көйлек кимеуге тырысыңыз. Сондай-ақ, белге дейін жетпейтін қысқа кеудеше, жакет, екі қатар түймелі пиджак, бел тұсы бүрмеленіп тұратын резеңкелі белдемше, мықын тұсында тұратын ірі көлемді принт, сурет, кесте, көлденең жолақтар – мұндай киімдер Сіздің гардеробта болмауы керек.

«Енді қандай киім болуы керек?» деген сұрақ туса, әрі қарай оқыңыз.

  • Ең алдымен, елдің назарын белден басқа жаққа аудару керек. Қайда дейсіз бе? Оны өзіңіз шешесіз. Тал бойыңызда өз көңіліңізден шығатын, мақтан тұтатын мүшеңіз қайсы? Бәлкім, аққу мойын шығарсыз. Әлде аяғыңыз оқтай түзу ме? Мүмкін, көкірегіңіздің пішіні көңіліңізге жағатын болар? Осы өзіңіз көрсеткіңіз келетін дене бөлігі тұсына әшекей, бант, гүл тағу, басқа түспен айрықшалау, ерекше пішім арқылы акцент жасаңыз.
  • Кеудеңіз үлкен болса, ішкиім көмегімен көтеріп қоюға ұялмаңыз. Кеуде өз орнында тұрса ғана бел жіңішке әрі тартымды болып көрінеді.
  • Көз қырын үнемі бел сызығы көтеріңкі немесе керісінше, түсіңкі орналасқан көйлектерге салыңыз.


  • Киімге тігінен түскен жолақтар бойды ұзартып, бүкіл тұлғаны жіңішкертіп көрсететіні белгілі. Ал ол жолақтар бел тұсына келгенде жіңішкеріп, ішке қарай бұралып тұрса, тіптен жақсы.
  • Тік пішімді немесе етек жағы қусырыла пішілген көйлектер де белді жіңішкертіп көрсетеді. Бірақ, денеге аздап кеңірек өлшемін таңдағанда ғана.
  • А-пішінді, қызғалдақ пішімді етегі бірден кеңейтіп кететін көйлектер де бел тұсыңызды талдырмаш етіп көрсетеді.


  • Бүгінгі сәннің биігінен түспей тұрған шалбарлы-костюмді де дұрыс таңдасаңыз, сіз көздеген мақсатқа көмегін тигізе алады. Тік пішімді, ұзындау келген пиджакты таңдасаңыз, гардеробыңыз әрі кеңсеге де, кешкі салтанатқа да, серуенге де киюге болатын, әрі тал бойыңызды талдырмаш, беліңізді бұралтып көрсететін әмбебап киіммен толығады.
  • Пиджак кигіңіз келсе, түймесі бір қатарлы түрін таңдаңыз. Кардиган кисеңіз, кіндік тұсындағы бір-екі түймесін түймелеп қойыңыз. Кеудеше мен блузканың мойын ойығы V пішінді болуына мән беріңіз. Алды айқасып түсетін қаусырмалы көйлек-кофталардың бәрі де белді жіңішкертіп көрсететінін ұмытпаңыз.


  • Көйлек пен белдемшенің ұзындығына да назар аударуды ұмытпаңыз. «Оның белге не қатысы бар?» дейсіз бе? Қатысы бар. Көйлек етегі балтырдың ең жіңішке жерінен келсе, ол аяғыңызға, оған қоса, бүкіл денеңізге, қала берді беліңізге де визуалды түрде нәзіктің көрінісін береді.
  • Бел тұсын белдікпен қысып, сол арқылы жіңішке көрінсін десеңіз, аксессуарды дұрыс таңдаңыз. Бұл мақсатқа жіңішке белдіктер жарамайды. Түсі қою, қанық, көлемі жалпақ болсын.


Джинсы шалбарсыз күніміз жоқ, сондықтан ол жайлы да айта кеткен абзал. Мұндай шалбар таңдағанда белі мықынның ең жіңішке тұсынан келетін үлгіге назар аударыңыз.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ