Қандай киімдер бір-бірімен мүлдем үйлеспейді?

0
4 001


Қандай киімдер бір-бірімен мүлдем үйлеспейді?

Бүгінгі сән әлемінде ешқандай шектеу жоқ сияқты көрінеді. Сан түрлі ойға қонымсыз образдар мен бұрын бір-бірімен қиюласпаған киім-кешектерді өзара үйлестіру, аралас стильде киіну актуалды. Әйтсе де, бұл киім-кешек әлемінде ешқандай ереже қалмады, кез-келген киімді жұптастыра беруге болады деген сөз емес. Айталық, мына киімдерді бірге кию әлі күнге ерсі саналады.


Қонышы биік етік пен тізеден төмен белдемше


Биік қонышты етік пен тізеден төмен түсетін белдемше біріге келіп, тіпті ең ұзын деген аяқтың өзін қысқа етіп көрсетеді. Етіктің тақасы төмен, жайтабан болса, тіптен сорақы.

Миди ұзындықтағы белдемшені қысқа қонышты ботильон немесе туфлимен киіңіз. Тіпті болмағанда, кроссовка немесе кеды киген әлдеқайда дұрысырақ.


Биік өкшелі ботфорт пен әшекейлі киім


Көзге бірден түсетін әшекейлі, зерленген киім және биік өкшелі ботфорт (кең, ұзын қонышты етік) – бұл да сәтсіз үйлесім. Аталған екеуі де назар аудартатын киімдер, біріге келе образды арзан да анайы көрсетеді. Сондықтан, олардың әрқайсысын жеке, қарапайым көрінетін киімдермен жарастыра киген абзал.


Макси ұзындықтағы белдемше және ұзын пәлте


Белдемше мен пәлте етегі бір-бірімен арыса жерге «төгіліп» тұратын болса, дене тұрқыңызды сымбатты көрсетпейді. Керісінше, сыныңызды бұзады. Сондықтан, екеуінің бірін ғана таңдаған жөн. Макси белдемше үстінен пәлте болсын, былғары күрте болсын, қысқа етекті, қынама бел сырткиім таңдаңыз. Ал, ұзын пәлте қысқа көйлектерме, шалбармен жарасым табады.


Кешкі көйлек пен етік


Бір мезгілдік салтанатқа ғана киетін көйлектің сынын қонышы бар етікпен кию төмен талғамның айғағы саналады. Сондықтан, мұндай көйлек кигенде аз уақытқа туфли не босонока кие тұруға тура келеді. Соңғысын кисеңіз, шұлықтан да бас тарта тұрған жөн.


Милитари стиліндегі киім мен биік өкшелі аяқкиім


Милитари стилін ұнататын сұлулар аз емес. Сондай-ақ, биік өкше кию де көп арудың күнделікті әдетіне айналған. Әйтсе де, бұл екеуі «бір қазанға сыймайтын» сән элементтері. Сондықтан, екеуінің бірін ғана таңдауға тура келеді. Милитари үлгісіндегі киімге басымдық берсеңіз, аяғыңызға әскери үлгідегі жайтабан етік не ботильон, тым болмағанда, кеды киіңіз.


Ұзын кардиган және үлпілдек етекті миди-белдемше


Үлпілдеген етекті белдемшемен мүсініңізді айшықтағыңыз келсе, бұл жағдайда ұзын етекті кардиган – орынсыз таңдау. Оның орнына қысқа етекті, қынама белді сырткиім киіңіз. Тік пішімді, қсықа сырикіимге белбеу тағу арқылы бел тұсына акцент жасауға да болады.


Кюлот және кроссовка


Кюлот шалбар және кроссовка – екеуі де трендтегі дүние. Бірақ тағы да «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенді еске алуға тура келеді. Өйткені, кюлот шалбар ұзын аяқтың өзін қысқа қылып көрсетеді. Онымен биік өкшелі аяқкиім ғана үйлесімді.


Ұзын қонышты етік пен қысқа етекті жейде-көйлек


Тағы бір сәтсіз жұп – қонышы ұзын етік пен етегі қысқа жейде-көйлек. Бұл екеуі біріккенде үнемі образға бірдеңе жетіспейтіндей болып тұрады. Жетіспейтіні – тағы бір етек, яғни, белдемше. Өйткені, қысқа жейде-көйлек қонышы ұзын етікпен кигенде кофта сияқты болып қалады. Мұндай үйлесімсіздікке жол бермеу үшін қысқа жейде-көйлекті босоножкамен, туфлимен киіңіз. Немесе астынан денебітімді шалбар (леггинсы) киіп көріңіз. Сонда ұзын қонышты етік не ботильон да үйлесім табады.


Бірнеше оверсайз бір үлгіде


Оверсайз, яғни, өлшемсіз, кең киімдер де сәннің биігінде. Алайда, сәнді екен деп бірнеше кең киімді біріктіріп кию дұрыс емес. Дұрысы – жоғарғы бөлік оверсайз, астыңғы бөлік тік пішімді не денебітімді немесе керісінше. Кең киімді образда ұстануға тиіс тағы бір ереже – әшекейдің барынша қарапайым, кішірек болуы.


Былғары күрте + былғары шалбар + былғары етік


Тұла бойыңызды былғарыға «бөлеу» де дұрыс шешім болмайды. Бұл жерде де шегі мен орнын білген жөн. Мәселен, джинса немесе басқа материалдан тар балақты қара шалбар + былғары күрте мен етік – ұтымды бейне болар еді. Сол сияқты былғары шалбар + ақ футболка + джинса күртеше, былғары күрте + шифон көйлек секілді контрастар ойынын қолданыңыз.

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қыста ЖАУРАМАУ үшін қалай КИІНУ КЕРЕК?

Сізді қай киім ТОЛЫҚ ЕТІП көрсететінін білесіз бе? .