Өз бет-әлпетіңіздің қалпын сақтағыңыз келетіні белгілі. Оның қандай құпиялары болуы мүмкін?
суреттер: ашық дереккөзден
Бетіңізді жасартуға, әжімдерден арылуға түрлі фирмаларлың жақпалары көмекке келеді. Дегенмен де, көпшілік оларды таңдауда шатасып жатады. Кейде, қаражатқа байланысты үй жағдайындағы маскаларды пайдаланатындар бар. Қандай жағдай болмасын, бет терісін күтіп-баптауға ең алдымен ынта мен ниеттің болуы шарт.
Косметолог мамандардың айтуынша, жолдан кірген көшірме жақпа майлардан аулақ болуы керек. Олар Сіздің табиғи сұлулығыңызға керісінше зиянын тигізуі мүмкін.
Ал сұлулығыңызды қалпында сақтаудың құпияларымен танысқыңыз келсе соңына дейін үңіліңіз. Біз сіздерге сұлу болудың ЖЕТІ ҚҰПИЯСЫН ұсынамыз.
1. SPF - күннен қорғану керек
Күннен қорғануға арналған кремдер. Үйіңізде немесе сөмкеңізде болуы керек ең қажеттісі осы. Бұл затты қолдануды талқылаудың да қажеті жоқ. Жылдың барлық мезгілінде жағып жүрсеңіз артықтық етпейді.
Қыс мезгілінде қуат-күші аз SPF15 түрін жақсаңыз да жеткілікті. Ал, шіліңгір шілде мен ерте көктемнің күнінде үйден бұл кремсіз шықпаңыз. Себебі, күннің ультрасәулелері адам бет терісінің ең түпкі клеткаларына бірден кіреді. Бетіңізді тереңінен бүлдіретінін біліп жүргейсіз. Ал, күн сәулесі әсерінен дақ түскен бетті қалпына келтіру оңайға соқпайды.
2. Бет терісінің тазалығын сақтау қажет
Екінші маңызды орын алатын – бетті дұрыс тазалау. Әр күн сайын, мейлі ешқандай крем жақпасаңыз да жатар орынға бет теріңізді арнайы сұйықтармен сүртіп, жуып жатыңыз. Бірақ ыстық су мен қатты бет сүлгісін біржолата ұмытыңыз. Ол да бір кедергі. Бетіңізді сүрткенде бір рет қана қолдануға арналған құрғақ майлықтарды пайдаланыңыз.
3. Ақуыз
Бет күтіміне келгенде ең маңызды оында дәл осы ақуыз алады. Ол, беттің әр жасушасын сақтап қалу үшін күресіп, жұмсақтық пен тегістік береді.
4. Майлар
Косметолог мамандар майларды зерттеп, оның қан құрамындағы холестеринді көтеріп жіберетінін айтып келеді. Дегенмен де, көкөністердегі, құрғақ жемістердегі майлардың бет терісіне ешбір зияны жоқ, керісінше пайдасы орасан. Бет терісінің қалпына қарай майлардың көлемін де азайтып отырсаңыз болды.
5. Дәрумендер
Ішкен асымыздың әрбірінде дәрумен бары анық. Дегенмен, арнайы дәрігердің нұсқауы бойынша дәрумендер алып тұрсаңыз, бет теріңіздің қалыпты сақталуына септігін тигізеді. Жылына бір немесе екі рет дәрумен қабылдап тұруды әдетке айналдырыңыз. Бұл сіздің ағзаңыздағы күнделікті қажетсінетін дәрумендерден бөлек болуы керек. Стресс, уайым-қайғы, ұйқысыздық - осының барлығы ағзада болатын минералды заттарды жойып жібереді. Сол себепті де мамандар бұл үрдісті өзіңізге қалыптастырып алғаныңызды жөн санайды.
6. Су
Бет терісін күнделікті ылғалдандырып тұру - сұлу келбеттің негізі. Асықпай, уақытылы күніне 2 литр су ішіп тұрсаңыз, бет терісі ғана емес, бүкіл ағзаңыздың тазарғанын сезе бастайсыз.
7. Көңіл-күй
Бетіңізге қаншалықты қымбат кремдер жағып, білікті косметологтарға барсаңыз да, көңіліңіз орнында болмаса бәрі бекер. Әрдайым көңіліңіз көтеріңкі, жүзіңіз жайнап күліп жүрсеңіз, сіздің теріңіздің қалпын сақтап тұратындығын айтып отыр мамандар.
Косметологтармен келісе отырып ұсынған кеңесіміз кәдеге жарайтынына сенімдіміз. Тек, аталған кеңесті орындау - өз құзырыңызда. Бет терісінің қартайып кетпегенін, жас көрінгенін қаласаңыз, ерінбегейсіз.
Дайындаған: Г.Әмірәлі