Макияж жасауда нені ескеру керек? Мұқият болыңыз!
Қазіргі кезде күнделікті жұмысқа немесе той-жиындарға макияж жасап, әдемі болуға тырысатын қыз-келіншектер көп. Бірақ арнайы маманға барып жасатпаған макияж, кейде мамандардың өзі кішігірім қателіктерге бой алдырып жатады. Өйткені, алдына түрлі бейнедегі қыз-келіншектер келгендіктен, барлығына бірдей бояу жақпайды. Сондай-ақ олардың арасында терінің де түрлі типтері болады, ал онымен жұмыс істеп, мінсіз келбетке түсіру үшін маманның да еңбегі зор. Алайда, сұлулық салондарына жиі бас сұғуға уақыт немесе қаражат жағы жеткіліксіздеу болған сәттерде өзіміз үйде, айна алдында өз-өзімізді бояндыруға кірісеміз.
Сондай кезде макияж мінсіз шығу үшін толықтай ережелерді сақтамағандықтан немесе білместікпен макияждың көңілге қонымсыз шығуы мүмкін. Осындай қателіктер сіздің көңіл-күйіңізді көтерудің орнына түсіріп тастайды. Сондықтан, макияж жасауда қандай қателіктер кетуі мүмкін, әдемілігіңізге кедергі келтіретін ол қандай қателік екен? Макияжды дұрыс жасамайтын сұлулардың арасында сіз де болып жүрмеңіз…
Сондықтан, макияж жасауда нені ескеру керек? Мұқият болыңыз!
Дайын емес теріге тоналка жағу
Кейбір қыз-келіншектер макияждың алдында бет терісіне ылғалдандырушы базаны жағудың қажеті жоқ деп ойлайды. Бірақ ол қате пікір. Макияждың алдында таза бет терісіне міндетті түрде ылғалдандырушы базаны жағу керек. Олай болмаған жағдайда, тоналды крем құрғақ терінің жарылған жерлерін көрсетіп тұрады, ал майлы бет одан әрмен жылтырап тұрады. Әрине, бұл көзге ұқыпсыз көріністі әкеледі. Бәрін басынан-ақ құртып алмау үшін макияж жасар алдында бет терісін дайындаңыз.
Косметиканы тым көп пайдалану
Әйелдердің кейбірі «көбірек әрленсем, бояуды айқын етіп жағып алсам, әдемі болып көрінемін» деп қателесіп жатады. Шын мәнінде баттасқан макияж тартымды емес, керісінше тұрпайы етіп көрсетеді. Жасанды бояу екені былай тұрсын, тіпті ол әйелге қарағысы келмейтіндей болуы да мүмкін. Қазіргі сән-табиғилық. Соңғы трендтердің бірі- «макияжсыз макияж» әсері.
Тым ашық түсті консилерді қолдану
Консилердің көмегімен безеуді не көз астындағы сызықтарды жасыруға болады. Алайда кейбір бикештер тым ашық не тым қою түсті консилер жағып алады. Нәтижесінде жасырамын деген кемшіліктер менмұндалап тұрады. Консилер тері түсімен бірдей не жарты реңге ашық болуы керек. Консилерлер әр түрлі болады: шабдалы реңді консилерді көздің астына жағу керек, ал жасыл түстісімен безеудің үстін бояйды.
Опаны (пудраны) бетке түгел жағу
Опа макияжды «бекіту» үшін жағылады. Оны Т-зонаға жағу керек: маңдайға, мұрынға және иекке. Көпшілік қыздар опаны бетке түгел жағып алып, фарфор қуыршаққа ұқсап кетеді. Опа сонымен қатар бетті құрғатып, әжімдеріңіз болса көрсетіп тұрады. Сондықтан отыздан асқан соң опаны одан да азайтқан жөн.
Қабаққа бояуды көп жағу
Қабақты кең етіп бояу көздің көлемін үлкенірек етіп көрсетеді деген оймен кейбір әйелдер қас пен кірпіктің арасындағы жерді түгел бояйды. Бірақ оны қалай бояудың әдісін білмесеңіз, бекерге күлкіге қаласыз. Одан да қарапайым, трендтегі макияж ережесі бойынша түрлі түсті бояуларды қабақтың тек қозғалмалы бөлігіне ғана жаққаныңыз орынды. Ал қастың астындағы қозғалмайтын бөлікке хайлайтер қолданылуы керек.
Қасты біркелкі етіп, қап-қара түске бояу
Қастың әдемілігі, айқын көрініп тұрғаны әрине ажарыңызды ашады. Дегенмен, «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» дегізбей, асыра сілтеп, барынша қалам ұшын қатты басып, сурет салғандай етіп бояуға болмайды. Қастың ұшы жиірек, алдыңғы жағы сиректеу келгендіктен, осы ережені бұзбай бояған жөн. Сондай-ақ, қалам ұшын қатты басуға болмайды. Ең дұрысы, қою реңді көз бояуымен арнайы щетканың көмегімен ақырындап, қастың орналасу ретіне қарай ережені бұзбай бояу.
Осы қателіктерден аулақ болсаңыз және мейлінше табиғилықты сақтай отырып макияж жасайтын болсаңыз, табиғи жүзіңіздегі әдемілікті барынша бұзбасаңыз, айналаңыздағы адамдарға табиғи әсер қалдырасыз.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
Қолыңыздың терісі ЖІБЕКТЕЙ ЖҰМСАҚ болғанын қалайсыз ба?