Шымкенттік маман шашының түсін жиі ауыстыратындарға кеңес береді.
«Сұлулық әлемді құтқарады» деген қағидаға сүйенетін қыз-келіншектер міндетті түрде маманның көмегіне жүгініп, өзінің сыртқы келбетіне ерекшелік енгізіп, әдемілігін арттырғысы келеді.
Сұлулық салондарында көбінесе шаш түсін өзгертіп, сәнді етіп қидырып жататын аруларымызға тиісті қызмет көрсетіп, өзінің тәжірибесінен алынған кеңестерін де аямайтын маман, колорист-стилист Давлетова Шахида ханыммен пікір алмастық.
Бүгінгі таңда мұндай мамандықтың көптігі байқалады, дегенмен сұраныс та артуда. Соған байланысты әр саланың маманы өз ісін жетік меңгерсе, тұтынушының алғысын алып, ризашылығына бөленеді.
- Шахида ханым, сәлеметсіз бе? Уақыт бөліп, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рахмет! Алдымен өзіңіз таңдаған саланың өзіңізге несімен ұнайтынын білсек... Өйткені бұл салада табыстың да жаман болмайтыны белгілі.
- Иә, мен өз ісімді жақсы көремін. Сондықтан маған сеніп, алдыма келген әрбір тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп, көңілінен шығуға тырысамын. Мақтанып айта аламын, осы күнге дейін қызметіме көңіл толмағандығын білдіріп, ренжіп кеткен ешкім болмапты. Соған қарағанда жақсы маманмын деп айтуға болатын шығар...
- Қазір шашының табиғи түсін сақтап қалған нәзікжандылар көп емес шығар. Қарапайым шаш бояғанның өзінде кейде бояуға байланысты ма екен, бас терісі қыши бастайды. Неліктен бояу кезінде бас қышиды?
- Мұның бірнеше себептері бар. Біріншісі-бояу тотықтырғышпен нашар араласады (шебер оларды кем дегенде 40 секунд араластыруы керек). Бояудың толықтай біркелкі араласуын қадағалау керек. Бұл химиялық компоненттер, сондықтан олардың әрқайсысы бас терісін тітіркендіруі мүмкін.
Тағы бір себеп – шебердің бас терісіне тигізуге арналмаған бояғышты қолдануы (мысалы, түрлі-түсті бөлектеу үшін қолданылады). Қышу сезімі тым таза бас терісінде де пайда болуы мүмкін. Өйткені, бас терісінің таза болғаны май және тер бездері шығаратын липидті қабықпен қорғалмайды.
Сондықтан, шашты бояудан алдын кемінде екі-үш күн басты жумау керектігін біз әрбір тұтынушымызға ескертіп отырамыз.
Егер шебер дұрыс бояуды қолданса және оны бір-екі күн жуылмаған шашқа қолданса, соған да қарамастан, бас терісінде қышу болатын болса онда сіздің теріңіз тым сезімтал. Мұндай теріні бояуға дайындау керек.
Шаш бояту үшін шеберге барудан бір-екі апта бұрын сезімтал бас терісіне арналған сусабынды үзбей қолданыңыз. Шашыңызды бояп болғаннан кейін тағы да бір апта қолданыңыз. Егер сіз аллергияға бейім болсаңыз, шашыңызды бояудан үш күн бұрын, бояу күні және бірнеше күн өткеннен кейін антигистаминдерді ішіңіз. Бұл шаш бояйтын шеберлерде де бар немесе өзіңіз барып жүрген колорист-стилистіңізден сұрасаңыз болады. Қайдан алуға болатыны жайлы толық ақпарат бере алады.
- Жиі бояу шашқа зиян деп жатамыз. Жиі бояудың әсерінен шаш әлсіреп, жұқарып, тез сынғыш қалыпқа түсетіні де заңдылық. Осындай шашты емдеместен бұрын бояуға бола ма?
-Егер шаштың қалыпты күйі нашар жағдайда болса, оны нығайту үшін бояудан бұрын кем дегенде екі апта қалпына келтіру процедурасын жасаңыз. Шаштары әлсіреген қыздар масканы жасамай тұрып, құрылымын тегістемей шашты бояу керек деген пікір бар, бірақ олай емес. Шашқа бояуды жаққан кезде біркелкі орналасуы үшін шаш бояуға дайын болуы керек. Тек осылай ғана сіздің шашыңыз ең әдемі және «қымбат» көрініске ие болады.
- Егер тұтынушы сізден шаш түсін брюнеткаға (қоңырқай түс) бояуын сұранып, бірақ ол түс өзіне ұнамай қалса, сол күннің ішінде қайтадан блондинкаға (ақшыл түс) бояуға бола ма?
- Болады. Қазір шашты 9 деңгейге дейін ағартуға мүмкіндік беретін өте жақсы ұнтақтарды пайдаланамыз. Сізге қажет болса бір уақытта бірнеше түссіздену жасауға да болады. Сонымен қатар, мамандар шашты нығайту үшін мүмікдіктердің барлығын қолданады. Тек қана тұтынушыларға ескертетін жалғыз жағдай бар. Егер ол тұтынушы күңгірт, қаралау түстерге бірнеше рет бояған болса (әсіресе ауыр металл оксидтері бар арзан бояғыштар), онда оның құрамындағы пигменттер шаш құрылымын бітеп тастауы мүмкін. Тіпті ең керемет ұнтақтың өзі оны жеңілдетпейді, керісінше мұндай шаштарды бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Оның әсерінен шаш іс жүзінде шынында да бүліне бастайды. Сынғыш бола түседі, жұқарады. Мұндай жағдайларда шашты бұрынғы қалпында сақтау мүмкін емес.
Сондықтан, шаш түсін түбегейлі өзгертпес бұрын мұқият ойлануға кеңес беремін. Мысал келтірейін, маған келіп, шашын ашық түске боятқан қыздар, бір-екі айдан соң жабықтау түске боятқысы келеді. Бірақ мұндай жылдам өзгерістер шашқа пайда әкелмейді.
Мен өзімнің тұрақты тұтынушыларыма кем дегенде екі жыл шаштың түсін сақтауға кеңес беремін. Өйткені, бірден қатты өзгеріске ұшыратып, басқа түске бояу шашқа зиян. Басқа түске оралғыңыз келсе барлығын сол екі жылдың ішінде біртіндеп, жаймен өзгертіңіз.
- Шахида ханым, сұлулардың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап бергеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңіз елене берсін!
Сұхбаттасқан: Гүльвира Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
МИЦЕЛЛЯРЛЫҚ СУдың қандай пайдасы бар