​9 түрлі сөз баланың болмысына кері әсерін тигізеді

0
4 129

Психологтардың пікірінше, күннен күнге қайталана беретін мұндай «ескертпелер» баланың миына сәтсіздікке ұшырау процесін орнатып береді.


​9 түрлі сөз баланың болмысына кері әсерін тигізеді

Кейде біз автоматты түрде отбасылық өмірімізде жиі айтылатыан сөздерімізді ойлап, өзімізге есеп жүргізбейміз. Әсіресе, балаларымызға айтылатын сөздерімізді елей бермейміз. Орайы келгенде олар да бізді қайталайды. Яғни, отбасылық дәстүр әулеттен әулетке беріліп, отбасындағы тәрбие беру үрдісі бір сызықтың бойымен жалғаса береді.

Балаларымызға қандай қарым-қатынас жасасақ, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, олар да ұяда көргенін қайталайды.


Бір сөзбен айтқанда бала ата-анасының көшірмесі. Түр-әлпеті жағынан ғана емес, мінез-құлқының да ұқсас болуы берілген тәрбиесіне байланысты.


Сізге қалыпты көрінетін сөздік қорыңыз баланың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ендеше, балаға айтарда ойлануға тиіс болатын, дұрысы, мүлде айтуға болмайтын 9 сөзді біліп жүргеніңіз абзал.


1. Маған тыныштық берші!

Бұл сөздің түрлі нұсқалары, яғни, баламалары бар. «Кедергі келтірме, алқымнан алып, жағаласа бердің ғой», «кетші, ары тұршы», «көрмей тұрмысың, мен бос емеспін» деген секілді сөздерді балаға жиі айту арқылы баланың бойына тек қана өзін керексіз, түкке тұрғысыз, жақындарының өміріндегі артық адам етіп сезінуді ұялатасыз. Яғни, өзіне өзі сенімсіз бала өсіп шығады.


2. Сен сондай жұғымсызсың...

Баланың балалық шағынан бастап мойнына артылған жүк, бұйрық оның мінез-құлқының өзгеруіне әкеліп соғады. Еркелете отырып қатаң бұйрық берсеңіз де баланың өміріне кері әсерімді тигізбеймін деп ойлағаныңыз қателік.

«Сондай беймаза, бұзықсың», «ынжықсың, айтар сөзіңді жеткізіп айта алмайсың», «жалқаусың» деген сөздеріңізді балаларыңызға қолданбағаныңыз дұрыс. Бұл сөздермен бала ол «кемшіліктерін» жоюға тырысып, онымен күресуге ұмтылмайды, керісінше, мойынсұнады. «Иә, анам айтты, мен бұзықпын, жұғымсызбын», «әкем айтты, мен ынжықпын, ол секілді бола алмаймын», «ата-анам маған жалқаусың деді ғой, шынында да мен олар секілді істей алмаймын» деген ой қалыптасып, бұл болашағына зардабын тигізері сөзсіз.


3. Жылама, үніңді шығарма!

Бұл ата-аналардың тарапынан ең көп айтылатын сөз болса керек. Сіз бұл сөзіңізбен баланың жылағаны шынайы емес, сондықтан, ол сіздің назарыңызға лайық емес, мұқтаж емес етіп көрсетесіз.

Ал бала сіздің назарыңызға мұқтаж. Сіздің назарыңызды аудару үшін осындай еркелікке баруы мүмкін. Сондықтан, оған ашулануыңыз орынсыз. Оның орнына баланың сезімімен санасып, баланы жұбатудың басқа жолдарын қарастырыңыз.


4. Неге сен ОҒАН ұқсамайсың?..

Баланы әлдекіммен салыстыру үшін ОНЫ үлгі етіп көрсетуге әуессіз бе? Өзі қатарлы балалармен салыстыру арқылы (көршіңіздің ұлы, қызы немесе әпке-ағасы) оның қызғанышын оятасыз. Тек қана қызғаныш емес, сіз үлгі еткен балаға өз балаңызды қарсы қоясыз. Оның жеккөрініш сезімін тудырасыз. Оның сізге қырсығып, керісінше әрекеттер жасауы да мүмкін.


5. Бос-болбырсың...

Әсіресе, әлденеге абыржулы, асығыс кезеңде ата-ана баласына «жылдам жүр, тез қимылда!» деп бұйрық беріп жатады. Әйткенмен, ол әлі бала емес пе? Сіз оның сіз айтқандай болғанын қалайсыз, «тез жүр» десеңіз, керісінше, қырсығып, бір қадам аттап баспайтын балаларды көріп те жүрген шығарсыз?!

Басқа кезде, жайбарақат уақытыңызда баланың мұндай қылығына мән бермейсіз, солай ғой? Оны алдаусыратып, айналып-толғанасыз. Ал, сіз асыққан кезде бала асықпайды. Мұндай кезде үлкендердің тарапынан мәжбүрлеп, күштеу баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Өз-өзіне баға беруі төмендейді, өзін қолынан ештеңе келмейтін, тек қана біреудің айтқанын орындаушы ғана етіп көре алатын болады. Есейе келе өзіне өзі көңілі толмаушылық, төмен бағалау осыдан келіп шығады.


6. Шектен тыс мақтау

Әрине, баланы ынталандыру үшін, қандай да бір істеген ісі үшін арқасынан қағып, мақтау сөздерін айту маңызды. Бұл оның өзіне деген сенімділігі оятады. Өзін пайдалы адам қатарына қоса алады. Алайда, шынайы емес мақтау, яғни, орынды-орынсыз көп мақтауларды жаудыру бала үшін қадірсіз болып қалады. Мен не істесем де ата-анама ұнайды, сондықтан, маған барлығын істеуге рұқсат деген пікір қалыптасады. Нәтижесінде ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтын, асқан өзімшілдік бойына жабысады. Ал, баланың бұл мінезі, сіздің машақатыңыз.


7. Епсізсің, дұрыстап істе!

Психологтардың пікірінше, күннен күнге қайталана беретін мұндай «ескертпелер» баланың миына сәтсіздікке ұшырау процесін орнатып береді. Ол алдын-ала бір істі бастар алдында «менің қолымнан бұл іс келмейді-ау» деп іштей дайындалып тұрады. Анасы ол үшін барлығын дайындап береді.

Бала есейе келе өзінің өмірінде кездескен мәселелерді өзі шешуді емес, ол үшін өзгелердің орындап беруін күтетін болады.


8. Тек тыныштал, қалағаныңды орындаймын!

Баланың қырсықтығы (жылау, айғайлау, тепсіну) арқылы ата-анасына айтқанын орындату, қалауына тез қол жеткізу тәсілі болып табылатынын көптеген ата-аналар біледі. Біле тұра, өздерінің тыныштығы үшін оны орындайды. Нәтижесінде балада «мен не десем де айтқаным дұрыс. Өйткені, олар менің айтқанымды орындайды» деген түсінік қалыптасады. Есейген шақта әлімжеттік, шектен тыс қаталдық, кертарпа мінез пайда болады. Бұл айналасындағы адамдарға зиянын тигізеді. Сондықтан, қоршаған ортамен байланыс орнатуы қиындай түспек.


9. Қорқыту, «менің айтқанымды істейсің» деп мәжбүрлеу

Доғар, үшке дейін санаймын, дыбысың шықпасын! Балаңыздан өзге адамға бұлай айтып көрмеген боларсыз, солай ма? басқа адамдар сіздің мұндай сөзіңізге қатты ренжитінін білесіз, ал бала неге ренжімеуі керек? Оның жүрегінде дақ қалып қоятынын сезесіз бе? Ата-анасынан мұндай сөздерді естіп өскен бала өзін құқықсыз, қауқарсыз сезінеді. Есейгенде тым жасық болып өседі немесе керісінше, бала үнемі қателік жасауға бейім болады, ерегіспен өмір сүреді.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Қызға бұлай АЙТПАңыз!


Өзіңізді өзгемен салыстыруды доғарғанда, өміріңіз де өзгереді