Абысындар - тағдырлас жандар. Олардың бір-біріне деген сыйластығы қаншалықты берік болса, ағалы-інілі бауырлар да бір-бірінен алыстамайды. Ал, ағайынның арасындағы туыстық, бауырлық қарым-қатынас перзенттеріңіздің тәрбиесінде де ерекше рөлді атқарады. Өмірдің ойлы-қырлы жолдарында бірге көтерген жүк жеңіл әрқашан.
иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден
Әдетте абысындар арасында БӘСЕКЕнің болуы да жазылмаған заңдылықтардың бірі. Мойындағыңыз келмесе де келіндер жақсы біледі, сыртқа сыр білдірмегенімен, абысындар арасында(материалдық, рухани) тепе-теңдік болмаса, ҚЫЗҒАНЫШ әлбетте бой көтереді. Барлық келіндерде осы сезім деп айтудан да аулақпын, дегенмен, мұндай бәсекелестік жиі кездеседі. Өйткені, бұл табиғи құбылыс десек те болады.
Ата-ененің алдындағы абыройы мен беделі тең құқылы ӘЙЕЛдер арасында құқық бұзылған кезде туындайтын жағдай бұл.
фото:toibiznes.kz
Иә, әйелдер өзін қоршаған ортада сүйікті болуға ұмтылады. Сондықтан, «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мақалды ұстануға тырысыңыздар, қымбатты АБЫСЫНдар!
Егер абысындар арасындағы бәсекелестік, сүйікті болуға ұмтылу дұшпандыққа айналып кетпегенін қаласаңыз, сабыр сақтап, абысыныңызбен тату болуға тырысқаныңыз жөн. Ол үшін не істеу керек?
Қаншалықты арадағы сыйластықты арттырамын десеңіз де, екінші тараптан мұндай пейіл байқалмаса сіз үшін де қиын жағдай. Солай емес пе?
Ендеше, сіз келін болып, өзге шаңырақтың босағасынан аттаған күннен бастап, өз орныңызды белгілеп алыңыз. Яғни, сізден бұрын осы шаңыраққа келін болып түскен абысыныңыз болса, өз орнымен сыйлай біліңіз. Бірақ, кіші келіннің де өз орны бар, басындыруға да БОЛМАЙДЫ.
1. АБЫСЫН-АЖЫН - әпке немесе сіңлі бола алмайды
Ара-жігін анықтап, дұрыс қарым-қатынас орнату үшін біліп алғаныңыз жөн: абысын - сіздің туысыңыз. Бірақ, әпкенің, сіңлінің орнын баса алмайды. Дұшпаным, күндесім деп қабылдауға да болмайды. Абысыныммен тонның ішкі бауындай етене жақын боламын, сырлас боламын деп тым еркінсіп, жақындап кетуге де болмайды. Абысын сізге жақын құрбы бола алмауы мүмкін, бірақ, қиын сәттерде жаныңызда бола алады, көмек қолын соза алады. Кішкентай сәбиіңіз өмірге келгенде, үлкен балаңызға қарайтын, күйеуіңіздің ыстық тамағын да дайындап, сіз перзентханадан қайта оралғанша қажетіңізді дайындап, тасып беретін, хабар алатын, қырық күн сәбиіңіз бен өзіңізге күтім қажет болғанда жаныңыдан табылатын да осы абысыныңыз.
2. Бар сырыңызды сеніп тапсыруға болмайды!
Тіліңізге ықтият болуды қадағалаңыз. Абысыныңыз сізге көңілін ашып, мұңы мен сырын айтса тыңдай біліңіз, керек жерінде жұбатыңыз. Бірақ, сіз де көңіл түкпірінде жатқан немесе отбасылық жеке мәселеңізді талқылап, оның санасына тықпаламағаныңыз өзіңізге жақсы. Дұрыс түсінгеніңіз жөн, себебі, ол өзінің айтқандарының барлығын ұмытып, тек қана сіздің «мұңыңызды» есінде сақтап қалуы мүмкін. күндердің күнінде оны өзіңізге қарсы қару етіп қолдануы да бек мүмкін.
3. Өштесіп те береке таппайсыз
Кейбір абысындар мұнысын ашық айтпаса да, бір-біріне іштей қарсы болады. Әрине, бұл барлық абысын-ажынға бірдей қатысты деген сөз емес, дегенмен, адам аласы ішінде екендігін ұмытпаған жөн. Абысынның отбасы мүшелеріне «сүйікті» болғандығы үшін қызғаныш оты шарпыған келін оның қазанына білдірмей тұз салып жіберуі немесе басқа да ойсыз әрекеттерге баруы мүмкін. мұндайда онымен ерегесіп береке таппайсыз. Керісінше, «таспен ұрғанды, аспен ұрсаңыз» ол өзінің істеген ісіне ұялады, өзінің «төмен» адам екендігін сезініп, бұл ісін қайталамайтын болады.
фото: makala.kz
4.Балалардың ортасына кіріспеңіз
Әкелері бір-біріне туған бауыр болса да, олардың балалары өзара шекісіп қалуы қалыпты жағдай. Тіпті, бір ата-ананың балалары да тай-құлындай тебісіп өспей ме? Олардың арасына кіріспеңіз. Баланың аты бала. Қазір ренжісіп, бұртиып қалса да, соңынан тез-ақ ұмытып, бірге ойнап кетеді. Оның үстіне, осы кезден бастап, олар өзара қарым-қатынасты реттеуге, өзара туындаған «мәселені» өздері шешіп үйренуіне бөгет болмаңыз. Бір жағынан, абысыныңыздың баласына ұрсып, өз балаңызды қорғап қалдым деп ойласаңыз да үлкендердің арасында да осы мәселеден салқындық пайда болады. Балалар ұмытып кеткенімен, сіздер ұмытпайсыздар.
5.Шағыстырудан жаман әдет жоқ
Күйеуіңізге немесе оның бауырларына абысыныңызды жаманатты көрсету арқылы өзіңіз жақсы атқа лайық боламын деп келте ойламаңыз. Ол сізді ғайбаттаған болса да, сіз оны мақтаудан тартынбаңыз. Өйткені, бұл өз бағаңызды көтеру!
6.ӨСЕКтеудің де түкке қажеті жоқ
Тіл-сүйексіз. Біреудің кемшілігін бетіне басу арқылы өз бағаңызды көтере алмайсыз. Керісінше, одан да төмен деңгейге түсесіз. Бір күні болмаса, бір күні өзгенің аузынан өзі туралы жаман пікірлерді сіздің айтқаныңызды білсе, өкпелеген былай тұрсын, алдыңызға келіп жанжал туындатуы мүмкін. бұл сізге керек пе?..
фото: kopilkaurokov.ru
7.Не ексең, соны орасың...
Абысыныңыздың сізге қандай қарым-қатынаста болғанын қалайсыз? Әрине, абысынымен жылы қарым-қатынас орнатқысы келмейтін келін кемде-кем. Сондықтан, алдымен, өзіңіз сол қарым-қатынасқа лайықты бола біліңіз. Жақсылықты «ұмытып кететін» адам болмайды. Бүгін болмаса да ертең ол сіздің жылы қарым-қатынасыңызға жауап қайтаратын болады.
Абысындар- тағдырлас жандар. Олардың бір-біріне деген сыйластығы қаншалықты берік болса, ағалы-інілі бауырлар да бір-бірінен алыстамайды. Ал, ағайынның арасындағы туыстық, бауырлық қарым-қатынас перзенттеріңіздің тәрбиесінде де ерекше рөлді атқарады. Өмірдің ойлы-қырлы жолдарында бірге көтерген жүк жеңіл әрқашан.
Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Тағы да оқыңыз: