Ата-ананың баласына ренжуі ДҰРЫС па?

0
3 617

Ата -ананың реніші көбіне баланың іс-әрекеті өзі күткендей болмаған кезде пайда болады.


Ата-ананың баласына ренжуі ДҰРЫС па?

Кейде балаңызға ренжіп қалатын кездер болады. «Мен ол үшін барымды салып жүрмін, оның істегені, айтқаны анау» деген секілді өкпе, реніш көңілде тұрады. Балаға деген реніш, өкпені қалай тарқатуға, жіберуге болатыны жөнінде мамандардың кеңесін төменнен оқыңыздар.


Ең алдымен балаңызға не үшін ренжіп жүргеніңізді ойланыңыз.

  • Ата-ананың реніші көбіне баланың іс-әрекеті өзі күткендей болмаған кезде пайда болады.
  • Әрбір ана баланы айғайлап, ұрып ұрсып тәрбиелеу дұрыс емес екенін жақсы біледі. Сондықтан кейде әдейі өкпелеу, ренжу «ойынын» іске қосады.
  • Тежелу.
  • Балаға өкпелеу кейбір ата-анаға тынышталуға және демалуға мүмкіндік береді. Ең бастысы осы сезімге батып кетпеу.
  • Намысқа тию.
  • Әрине, өкпелеп қалу кез-келген айқай мен қорқытудан, ұрып-соғудан жақсы әдіс. Алайда ол қауіпті.

Психолог мамандар балаға өтірік өкпелеп қалу тура уақытында ғана болғаны жөн деп санайды. Бірақ мұндай тәсілге жиі жүгінген дұрыс емес. Бұл баланың енді дамып, қалыптасып келе жатқан псиихикасына теріс әсер етеді.

Өтірік ренжіп қалуды бала ерте ме, кеш пе, ажырата бастайды. Ол кезде сіздің әрекетіңіз ешқандай нәтиже бермейді. Онымен қоса сіз баланың көзіне өтірікші болып қаласыз.

Махаббат ешқандай мадақты қажет етпейді. Кез-келген ата-ана баласын «біздің қалауымызды» орындаса деп армандайды. Өзіңіздің жас кезіңізде істегіңіз келген нәрсені балаңызға міндеттеп істету – арадағы эмоциялық қарым-қатынасты бұзады.


Балаға қалай өкпелемеуге болады?

  • Егер балаңыздың іс-әрекеті шынымен көңіл күйіңізді түсірген болса, онда ренжіп, өкпелемеуге тырысыңыз. Балаға өкпелеу – өз кемшілігіңізді көрсетіп тұрған айнаға бұртиғанмен тең.
  • Егер балаға деген ренішіңіз көзіңізге жас болып келсе, онда оны мүмкіндігінше ешкімге көрсетпей, оңаша жерге барып шығарып алған дұрыс. Терең тыныстаңыз немесе тынысыңызды ұстап тұрып 10-ға дейін санаңыз. Бұл әдіс сабырға келіп, жағдайды саналы түрде ойлануға көмектеседі.
  • Балаға өкпелеу кейде шаршағаннан да орын алып жатады. Сондықтан бір сәт өзіңізді тынықтыратын нәрсемен айналысыңыз, сауда жасаңыз, кітап оқыңыз, музыка тыңдыңыз т.б.
  • Баланың ерекшелігіне бейімделіп көріңіз. Ата -ананы көбіне баласының тыңдамағаны, сөзін құлағына аспағаны ренжітіп жатады. Бұл кемшілікті қалай жоюға болады? Ол үшін баламен бірге әрекет ету қажет. Мысалы, ебедейсіз баланың айналасынан қауіпті заттарды алып қойған дұрыс. Ал алаңғасар, құлықсыз баламен күнделікті іске алдын-ала жоспар жасап, жазып қою қажет. Әрине мұндай істер уақыт пен күшті, төзімді, сабырды қажет етеді. Алайда балаға ренжігенше, керісінше кішкене көмектесіп, өзіңіздің және баланың жүйкесін сақтағаныңыз дұрыс.


Балаға ренішіңізді қалай білдіресіз?

Баламен сөйлескен кезде сөзді «Мен саған ренжіп қалдым» деген әңгімеден бастаудың қажеті жоқ. Оның орнына «Сенің әрекетің мен үшін күтпеген және жағымсыз болды» деуге болады. Оның ондай әрекеттерінің сіздің жүрегіңізге ауыр тиетінін айтыңыз.

Баланың іс-әрекеті, сөзі қаншалықты ауыр, ренжітетіндей болса да, өзіңізге қатты ашуланып, тілдейтін, қорқытатын сөздер айтуға мүмкіндік бермеңіз.

Ашуланғанда «Мен өлген соң түсінесің» деген сөзді жиі қолданатын ата-ана бала үшін бұл сөздің қаншалықты эмоционалды тұрғыдан ауыр екенін ойланбайды. Қорқыныш, сенімсіздік, өзін кінәлі сезіну баланың жүйкесін бұзады.

Сондай-ақ «біз сен үшін қаншама нәрсе істедік» деген сөзді де қолданбауға тырысу керек. Бала үшін істелгеннің барлығы ата-ананың таңдауы мен міндеті.

Қорытындылай келе, әрбір ата-ана баласының ісіне қызығушылық танытып, оны түсінуге тырысу керек. Бала ата-ананың талабына сай болуға міндетті емес, ол өз-өзімен болғаны дұрыс. Сондықтан баланың ісіне өкпелеудің қажеті жоқ. Керісінше мұндай жағдайлардан қалай шығу керек, не істеу керектігін балаға үйрету керек.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.