Ата-ананың шектен тыс махаббаты баланы өзімшіл етеді

0
3 250

Ғылыми психологияда өзімшілдік – шектен тыс өзін-өзі жақсы көру.


Ата-ананың шектен тыс махаббаты баланы өзімшіл етеді

Көбіне бала туылғаннан бастап-ақ айналадағылардың бар назары өзінде болатынына үйрене бастайды. Балаға бар нәрсеге көмектесіп, көп нәрсені оның орнына істей саламыз. Бала шамалы жылай қалса, оны жұбату үшін үйдегілердің барлығы жанынан табылады. Әсіресе қазіргі жас ата-аналар баланың бар айтқанын істеп, бар еркелігін көтеруге тырысады. Бала есейе келе дербестікке үйренгені дұрыс. Алайда ата-ананың шектен тыс қамқорлығы мен өбектеуі баланың бірнәрсені өз бетінше жасап көру қажеттілігін ұрлайды. Уақыт өте мұндай тәрбие тәсілі баланың тым ерке әрі өзімшіл адам болып өсуіне алып келеді.

Ғылыми психологияда өзімшілдік – шектен тыс өзін-өзі жақсы көру.

  • Өзімшілдігі басым адам кез-келген жағдайда айналасындағы жандарды ойламай өз қызығушылығына басымдық береді. Кейде өзімшіл адам өзгелердің мүддесіне зиян келтіре отырып, өзіне керегін алады.

  • Психолог мамандардың пікірінше, баланың 3 жасқа дейінгі өзімшілдігі табиғи болып саналады екен. Ол табиғи қажеттіліктен туындайды. Бұл уақыт аралығында бала әлемді, айналасын танумен және жақсы мен жаман әдеттерді айыруға үйренеді. Яғни бұтына жіберіп қою жаман, балақай сау бол дегенде қол бұлғау жақсы дегендей нәрселерді айыра бастайды.

  • Алайда бала өз әрекетін дұрыс бағамдай алмаса да, оған ата-анасы көмектесуі керек. Туылғаннан бастап-ақ балада мінез-құлық үлгісі қалыптаса бастайды. Егер бала бір нәрсені дұрыс жасамаса оған айқайлап, ұрысып, ұрудың қажеті жоқ. Бірақ міндетті түрде қателігін көрсетіп қою керек.

  • Егер баланы дұрыс тәрбиелеу кезеңін өткізіп алсаңыз, онда мұның салдары баланың өзімшіл болып өсуіне алып келеді.


Баланың өзімшіл болып өсіп келе жатқанының белгілері:

  • 5 – 6 жастағы балалар көп ретте өз қатарластары арасында маңғазданып, «мен» деген сөзді жиі қолданады. Бір жағынан бұл жақсы. Бала айналасына өзінің қабілетін және дарынын көрсетеді. Оған қосымша ата-анасы да айналасына баласының қылығын, іс-әркетін мақтанышпен айтады. Бұл балаға өзін бағалай білуге қосымша көмек. Екінші жағынан баланы ынайы жетістігі, ісі үшін емес тек кішкентай болғаны үшін ғана мақтап отыру дұрыс емес. Мұндай әрекет балаға кез-келген жағдайда не істесем де болады деген әсер қалдырады. Себебі ол не істесе де ата-анасынан мақтау еститінін біледі. Алдымен бұл балалық тентектік болып басталып, өсе келе менмендікке алып келеді.
  • 7-8 жаста-ақ баланың өзімшілдігі біліне бастайды. Әсіресе ата-анасы аузынан шыққан бар сөзін орындайтын балалар өзімшілдікке жақын өседі. Кейбір ата-аналар баласының айтқанын орындауға қаражаты жетпесе, балаға жалынып, өтініп отырады. Мұндай әрекеттен балада «менің айтқанымның барлығы орындалады» - деген түсінік қалыптасады. Ата-анасы оның арман-тілегін қандай жолмен орындайтыны баланы мүлде қызықтырмайтын болады. Бастысы өзінің қажеттілігіне қол жеткізу.

Егер баланың бойынан шамалы да болса менмендік байқалса, онда ата-анаға тез арада тәрбие тәсілін өзгертіп, дұрыс жұмыс жасау керек. Олай болмаған жағдайда бала қатыгез, сараң, өзімшіл адам болады.



  • Менмендіктің тағы бір көрінісі – тежелу. Өз бетінше шешім қабылдауға қабілетінің жетпеуі. Кішкентай кездегі қылығы мен іс-әрекетінің сақталып қалуы. Мұндай балалар есейген кезде де өзгеден жәрдем күтіп, дәрменсіз болып қала береді. Себебі олар ата-ананың қамқорлығын міндетті деп қабылдайды. Мұндай балалардың жан дүниесі кішкентай тентек қалпында қалады. Қамқорлықты қабылдап қана қоймай, айналасына көрсету керек деген олардың ойына да кіріп шықпайды.


Баланың өзімшіл болу себептері:

Ата-ананың шектен тыс махаббаты

Бұл қазіргі таңдағы көптеген ата-аналардың басты қателігі. Өздерінің балаға деген шексіз махаббатынан оның қателіктерін көрмейді, ренжіткісі келмейді. Егер баланы қателігі үшін жауап беруге уақытында үйретіп қоймаса, кейін ол өзіне бәрі мүмкін деген сезімде болады.


Дербес болмау

Кейбір ата-аналар балаға бір нәрсені өз бетінше істеп көруге мүмкіндік бермейді. Барлық кезде көмектесіп, тіпті өз бетінше ойнатпайды да. Өзгелердің көмегіне сүйеніп қалған балада біртіндеп менмендік пайда бола бастайды.


Жақсы әрекеті үшін төлем төлеу

Баланың әрбір іс-әрекетін материалдық тұрғыда бағалайтын ата-аналар да кездеседі. Балабақшаға барсаң тәтті берем, егер жақсы баға алмасаң, телефон алмайсың немесе тоқсанды жақсы аяқтамасаң, қыдыруға бармайсың. Тәрбиенің мұндай қатал тәсілі дұрыс емес болып саналады. Мұндай тәрбиеде баланың бойындағы альтуризм сезімі жоғалады. Альтруизм (лат. alter - өзге, фр. altruisme) - басқалардың мүддесі жолында өз мүддесінен бас тартуға дайын моральдық принцип, басқаларға риясыз қызмет етуге тырысу. Мұндай балалар көмекті тек өзіне пайда түсетін жағдайда ғана жасайтын болып өседі.


Нашар үлгі

Бала үшін ата-ана әрқашан да басты үлгі. Кейде ересектер өздерінің жаман әдеттерін немесе қателігін өзінің жасына сайып ақтала салатыны бар. Осыған сай бала да мен кішкентаймын деп көп нәрсе бүлдіруі мүмкін. Сондықтан ата-ана өзі сол жағдайға сай болмай тұрып, баладан сен мынандай бол, былай әрекет ет деп талап ете алмайды.


Бала өзімшіл болып өспес үшін:

Баланың әр қадамын аңдып отырмаңыз және әр қателігі үшін жазалай бермеңіз. Мектеп жасындағы әрбір баланың өзінің белгілі бір міндеттер жиынтығы болуы шарт. Бала оларды ешкімнің көмегінсіз өзі орындауы керек. Тіпті кейбір істерде қателік жіберсе де көмектеспеу керек. Бала солай дербестікке үйренеді.


Мұқият болыңыз

Күйбең тіршілік пен жұмыстан қанша шаршасаңыз да күнделікті баланың тірлігін, ісін қарап қызығушылық танытып отырыңыз. Күнінің қалай өткенін, қандай да бір көмек керек па деп сұраңыз. Егер бала өзіне ата-ананың қызығушылықпен қарайтынын сезініп, ұғынса, онда ол да уақыт өте айналасына мұқият қарай бастайды.


Достығы мен достары жайлы ойымен бөліскен кезде мақтаңыз

Егер сізбен сөйлескен кезде балаңыз достарын мақтап, олардың жақсы істері туралы айтатын болса, онда балаңызды өзгелердің жетістігі үшін қуана білгені үшін мақтап қойғаныңыз дұрыс.


Үй жануарын асырап көріңіз

Егер мүмкіндік болса үй жануарын асыраған дұрыс. Үйде жануардың болуы баланың жауарпкершілігін арттырады, сенім мен достыққа, тәуелсіз болуға үйретеді.

Баланы мәжбүрлемеңіз

Тек сіздің қалағаныңыз немесе айтқаныңыз болуы үшін ғана баланы қандай да бір әрекет істеуге мәжбүрлемеңіз. Тіпті соны міндетті түрде істеу керек болса да, оның өзі үшін қандай пайдасы, керегі бар екенін «түсіндіріңіз.


Баланың алдында дауласпаңыз

Кез-келген отбасында ұрыс-керіс болатыны ақиқат. Алайда баланың психикасының және ақпаратты қабылдауының ересектерге қарағанда біршама айырмашылығы бар. Сондықтан арадағы қарым-қатынасты немесе дауды баланың алдында шешуден аулақ болыңыз. Бұл оның өзіне қалыптастырып алған ата-анасы туралы әдемі суретті бұзып жіберуі мүмкін. Бірақ бәрі жақсы деп өтірік іс-әрекет жасаудың да қажеті жоқ. Ұрысқан жағдайда бірден татуласуға тырысып, балаға шынайы сезімдерді көрсетуге тырысыңыз.


Көмек сұраңыз

Егер қандай да бір іске үлгермей жатсаңыз баладан көмек сұраңыз. Ол көмекті міндет етіп қоймаңыз, жай ғана қызықтырып, сізге көмек керек емес па деп өзі келетіндей жасаңыз. Сондай-ақ көмектескеннен кейін міндетті түрде алғыс айтуды ұмытпаңыз. Мұндай тәсілден өзіңіз де шамалы демалып қаласыз және ол баланы жомарттық пен жақсылыққа үйретеді.

Баланы жомарттыққа, өзгелерге көмектесуге дайын болуға тәрбиелеңіз. Бастысы оған өзіңіздің үлгі болатыныңызды ұмытпаңыз.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз: ЖАЛҚАУЛЫҚТЫҢ да ПАЙДАЛЫ жақтары бар