Бала қымбат зат әперуді сұраса не істеу керек - АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС

0
2 195

Барлық бала айфон, айпад, скутер алғысы келеді. Әперуге барлық ата-ананың шамасы келе ме?


Бала қымбат зат әперуді сұраса не істеу керек - АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС

Бүгінгі балалардың талабы басқа, талғамы да биік. Олар сіз бен біз секілді бір сағыз не кәмпитті қанағат тұтпайды. Саябаққа апарып балмұздақ әпеумен шектелсеңіз, қуана қоймайды. Әсіресе, жасөспірім шаққа жеткенде ата-ананы көп тығырыққа тірейді. Өзге қатарластары секілді қымбат зат ұстағысы келеді. Олардың кейбірін көпшілік ересек адамдар тіпті өздеріне алуға қолы жетпей жүрген болуы мүмкін.


Бұл жағдайда ата-ана баланың психикасына да, өзінің жүйкесі мен қалтасына да зиян тигізбейтіндей қандай амал жасай алады?


Жасөспірімдер арасында ең кең таралған қызығушылық – гаджеттер. Оның ішінде ұялы телефондар көш бастап тұр. Ұл-қызы iPhone не AirPods сұрамағандар кемде-кем шығар. Смартфон сұраумен шектелсе жақсы. Оның ізін ала бере ұялы телефонға қажет аксессуарлар, гироскутер, велосипед, бренд киім, сөмке, қыз бала болса, косметика деген сияқты... Тізім шексіз. Қалағанын әпере берейін десең, қалта көтермейді. Әпермейін десең, көңілін жыққың келмейді. Қалта көтерген күннің өзінде, қалағанын әперу қаншалықты дұрыс?


Балаға басты керегі – түсіністік. Ата-анасының бала қалауын, тілегін, ойын түсінбеуі түйткілді мәселелерге әкеліп тірейді. Сондықтан, баланың сұрауына «ақша жоқ» не «болмайды» деп бірден кесуге болмас. Қандай да бір затты не үшін алғысы келетінін, неге керек екенін, қандай мақсатта қолданатынын сұраңыз. Баланың орнына өзіңізді қойып көріңіз. Соңғы шешімді баланың қалауын толық түсіне отырып қабылдаңыз.

Жалпы, баланың қымбат бұйымдарды алу-алмауға қатысты дұрыс көзқарасын қалыптастыруда мынадай әдістерге жүгініңіз:


  • Өз қажеттілігін алуға керек ақшаны өзіне табуды ұсыну. Аз-аздан болсын ақша жинаудың жолдарын көрсетіңіз. Бұл қалта қаражатынан үнемдеу немесе үй шаруасын жасағаны үшін ақы төлеу болуы мүмкін. Немесе басқалай баланың шамасы келетін, ақы төленетін жұмыстар ұсыну. Осылайша керек соманың бір бөлігін болса да баланың өзіне өтету дұрыс болмақ. Сонда бала еңбекпен тапқан ақшаның да, ол ақшаға келген заттың да, оны табу жолында тер төккен ата-ананың да қадірін түсінетін болады.
  • Егер баланың қалауы тұлғалық дамуға, білім алуға, хоббимен айналысуға, қабілеттерін шыңдауға не спортпен шұғылдануға қажет зат болса, қуана-қуана әперіңіз. Шамаңыз келгенше тырысыңыз. Әпермей, меселін қайтару арқылы ынта-ықыласын өшіріп алуыңыз әбден мүмкін.
  • Жасөспірім жастағы баланы отбасылық бюджетті жоспарлау ісінен хабардар ету. Бір айлық отбасылық шығындарды бөлгенде, бюджетті жоспарлағанда бала жаныңызда болсын. Азық-түлікке, коммуналдық төлем, жолақы, тағы да басқа міндетті шығындарға қанша жұмсалатынын, ата-анасының қалтасында қанша артық қаржы қалатынын білген бала арғы жағын өзі-ақ есептейтін болады.
  • Бір қалауына қол жеткізгісі келсе, екінші бір қажеттіліктен бас тартуды ұсыныңыз. Мәселен, смартфонды болғысы келсе, киім сатып алу не достарымен қыдыруды азайту деген секілді. Осы арқылы маңызды мен аса маңызы жоқ қажеттіліктерді ажыратып үйренеді.
  • Балаңыздың туған күніне не атаулы күн, мерекелерге қатысты қандай жоспар құрып жүр едіңіз? Әдетте, ата-аналардың көбі бұл күндері туыстарды шақырып қонақ етуге әуес. Немесе баланы қыдыртуды, мейрамханаға апарып тамақтандыруды жөн көреді. Көңілін осы арқылы көтеруді ойлайды. Бірақ, балаңызға ол мүлдем қызық болмауы мүмкін. Сондықтан өзімен ақылдасыңыз. Атаулы күнінде туған-туысты шақыруды қалай ма әлде сатып әперуді сұрап жүрген затын таңдай ма. Екіншісін таңдаса, бөлінген қаржыны қай бағытқа бұруды жақсы білесіз.


Ең бастысы, балаңызға материалдық дүниеден рухани байлықтың, адами жақындықтың құны жоғары екенін ерте жастан ұғындырыңыз.

Дайындаған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Өз ӨМІРІҢІЗДІ өзіңіз ҚИЫНДАТПАҢЫЗ