БАЛАБАҚШАҒА ҮЙРЕТУ: аналардың жиі жасайтын 10 ҚАТЕСІ

0
4 689

Осы қателіктерден аулақ болсаңыз, бүлдіршін балабақшаға тез үйреніп кетеді.


БАЛАБАҚШАҒА ҮЙРЕТУ: аналардың жиі жасайтын 10 ҚАТЕСІ

Баланы балабақшаға жіберу – әр ананы уайымға салатын бастама. Жаңа мекен, жаңа орта, жаңа тәртіпке кішкентайдың тез және оңай үйреніп кете қоймайтыны рас. Бейімделу кезеңін бастан өткізеді, осы уақытта мінез-құлқының өзгеруі, иммунитетінің төмендеуі, аурушаң болуы жиі кездеседі.

Осының бәрінің үстіне аналар қате әрекеттер жасап, мәселені одан әрі ушықтыратыны бар. Ол қандай әрекеттер?


1. Өзін кінәлі сезіну

Таңертең жылап қалған, бақшаға бармаймын дейтін, анасынан айрылғысы келмейтін және жай ғана кез келген себеппен көңілі түскен сәтте баланың осы күйі үшін анасы өзін кінәлі сезінеді. Бірақ бұл бекер. Балабақша – балаға жайлы болатын, дамуы үшін қажет орта. Бәрібір әйтеуір бір күні әрбір бала ата-ананың қанатының астынан шығып, өз бетінше өмір сүруге, қоғаммен қарым-қатынас құруға тиіс. Осыны неғұрлым ертерек үйренсе, өзіне соғұрлым жақсы. Екінші жағынан, анасы өзін кінәлаумен ішінде жайсыздық орнатса, балабақшада өткізген уақытын нашарға балап, «байғұс бала» деп жанашырлықпен қараса, мұны бала да сезеді, жағымсыз әсер алады.


2. «Біз» деп сөйлеу

Бала анасымен бір бүтін емес, екеуі екі бөлек тұлға. Анасы «Кел, киінеміз. Балабақшаға барамыз. Әкеңе айтамыз. Жүр, ұйықтаймыз. Біз бүгін тақпақ жаттадық» деп сөйлеуін қоймаса, бала мұны түсінбейді. Сондықтан, ендігі жерде «мен» және «сен» деп сөйлеуді бастаңыз. «Сен балабақшаға барасың. Мен сені кешке алып кетемін. Киіміңді ки. Мен көмектесемін. Баламыз бүгін өлең айтты» дегендей сөздермен екеуңіздің екі адам екеніңізді, әркімнің өз қызметін, әрекетін нақты ұқтыру керек.


3. Ұзақ қоштасу

Баланы тәрбиешіге тапсырарда ұзақ қоштасып тұрып алмаңыз. Еркелеп, жыласа, қашан қояды екен деп айналшықтап жүрмеңіз. Олай етсеңіз, жұбатып алу да ұзаққа созылады. Бетінен сүйіңіз, кешке келетініңізді айтыңыз, қол бұлғаңыз да, кетіп қалыңыз. Бала тек басты көрермені – анасы болғанда ғана қойылым қояды. Сіз көзден тайып, ғайып болған соң достарымен ойнап кететініне күмәніңіз болмасын.

Сондай-ақ, кешкісін жүздескенде қатты сағынған кейіп таныту, қайта-қайта құшақтап, сүю, ерекше ықылас көрсету, құлап, жеңіл жарақат алған жерлеріне шошып қарау, шектен тыс алаңдаушылық білдіру – осы әрекеттердің бәрі баланың бақшаға бейімделу уақытын ұзарта береді.


4. Негативті сауалдар қою

«Балабақшада ешкім ұрған жоқ па? Апай ұрысты ма?» - мұндай сұрақтарды қою арқылы баланың бақшадағы қауіпсіздігін қатамасыз ете алмайсыз. Есесіне, ол жақ жайлы негативті пікір қалыптастырасыз. Бақшада не болғанын білгіңіз келсе «Бүгін қандай ойын ойнадыңдар? Қандай қызық болды? Досыңның аты кім?» дегендей позитивті негіздегі сұрақтар қойыңыз. Осындай сұрақтарға жауап беріп әдеттенген бала бақшада ұнамсыз жағдай орын алса, өзі-ақ баяндап береді.


5. Балабақшадан жиі алып қалу

Әртүрлі болатын да, болмашы да себептермен баланы үйде алып қалатын ата-аналар бар. Бүгін үйде қарайтын адам бар, қонақтар келеді, бауырларымен бірге болсын, барғысы келмей жылап жатыр, күн суық, жаурайды, маусымдық ылаң жүріп жатыр, жұқтырып алуы мүмкін – мұндай сылтаулар баланың күнделікті бақшаға барып-келу жүйесін бұзуға тұрарлық себеп болмауға тиіс. Шын мәнінде сырқаттанып қалса ғана үйде қалдырып емдеу керек. Өзіңізбен бір жаққа ертіп кету керек болса, тәрбиешіге ескертіп, келісіп алыңыз. Басқа жағдайларда баланың жүйесін, ритмін бұза бермеген жөн.


6. Баланы пәрелеу

«Мына ақшаны ал да, бақшаға бар. Жолда дүкеннен тәтті алып жейсің. Бақшаға барып келсең, кәмпит беремін. Тәртіпті бала болсаң, ойыншық әкеп беремін. Айтқанды істесең, апайың шоколад береді» – «бармаймын» деп қиғылық салғанда балаңызға осындай сөздерді айттыңыз ба? Айтпасаңыз, жарайсыз! Себебі, балабақшаға барғысы келмесе, қызықтыру үшін, айтқанына көніру мақсатында пара ұсыну мүлде дұрыс емес. Осылай дағдыландырып алсаңыз, өте жақын арада бала сіздің айтқаныңызды емес, сіз оның дегенін істеп жүретін боласыз. Кішкентай бұзығыңыз өзіңізге манипуляция жасап, қалағанын бермесеңіз, айтқанға мүлде көнбейтін болады.


7. Артық эмоционалдық жүк

Бақшадан келген соң кішкентайға көп нәрсеге рұқсат беріп, күні бойы қасымызда болмады деп шектен тыс еркелетіп жібермеңіз. Балабақшаға алғаш барып жүрген бала күнде неше түрлі жаңа ситуацияларға тап болады, жаңа эмоцияларды бастан кешеді. Бейімделу кезеңі – шын мәнінде ауырлау өтетін уақыт. Баланың психикасына айтарлықтай күш түседі. Оны үйде алатын эмоционалдық жүктемемен одан әрі ауырлатпаңыз. Кешкісін жүгіріп, секіріп, белсенді ойындар ойнамауын, телефон, теледидар қарамауын қадағалаңыз. Демалыс күндері зообаққа, саябаққа, ойын алаңдарына апару да артық. Мұның бәрі баланың жүйкесіне одан әрі артық салмақ салады. Балабақшаға әбден бойы үйренгенше демалыс күндерін үйде, жайлы атмосферада өткізгені дұрыс. Осы уақытта мейлінше баланың жанын, ойын, миын тынықтыруға күш салыңыз. Себепсіз немесе болмашыға жылап, мазасызданса, қалауын табуға тырысып әбігерге түспеңіз. Бақшаға барғалы жылауық боп кетті деп баламен қосылып мазаңыз қашпасын. Жай ғана құшақтап, мейірім, махаббат беріп, тыныштандырыңыз.


8.Алдын ала дайындалмау

Әлбетте, үйде жайын жүрген балада режим, тәртіп деген болмайды. Әсіресе, таңертең әлден уақытқа дейін ұйықтайды. Анасының қасында құшақтасып жатады. Күндіз қалаған тамағын жейді, қаламаса, ысырып тастап, анасының басқа тәтті бергенін күтеді. Осындай кеңдікті бір күнде шорт кесіп, кезекті бір таңнан бастап сағат жетіде ояна салу, таң азанымен балабақшаға аттану, бірден бөтен адамдардың ортасына тап болу, күні бойы анасын көрмеу, тамағын өзі ішу, жалғыз ұйықтау және осының бәрін күнделікті қайталап кету оңай емес. Оған біртіндеп үйренуі керек. Күнделікті тоғыз-онға дейін ұйықтайтын баланы әр таңда бірер минутқа ертерек оята бастаңыз. Алдымен қасық ұстауды, сосын аузына ас салуды, біртіндеп төкпей-шашпай ішуді үйретіңіз. Бөлек ұйықтауға үйретудің өзі бір жұмыс. Осының бәрін бірден емес, біртіндеп үйретіп, баланы бақшаның режиміне дайындаңыз.


9. Балабақшаны айтып қорқыту

«Айтқанды істемесең, балабақшаға апарып тастаймын! Бұзық болсаң, апайыңа айтамын! Жылама, апай ұрсады!» – егер балаңызға осындай сөздерді айтып қорқытқан болсаңыз, «бақшаға бармаймын» деп қиғылық салуының себебін де, кінәні де өзіңізден іздеңіз. Себебі, онсыз да аты-заты бейтаныс жермен енді танысып жатқан балаға «балабақша – жаман, апай – қатал» деген теріс түсінікті бекітіп берген – өзіңіз. Егер бөбегіңіз тәрбиешісін жақсы көрсін, бақшаға қуана-қуана барсын десеңіз, олардың жақсы жағын ғана айтып отырыңыз.


10. Сыртынан сөз ету

Әрине, кез келген нәрсенің жақсы да, жаман жағы да болады. Адамдардың да мінсізі жоқ. Сондықтан, қай бақшаға барса да, тәрбиеші қандай болса да, жүз пайыз көңіліңізден шығуы мүкін емес. Алайда өзіңізге ұнамайтын тұстарын баланың көзінше айтуға, басқа адаммен талқылауға болмайды. Сондай-ақ, тәрбиеші оның қандай да бір бұзықтығын, теріс қылығын айтып, шағым жасаса, бірден балаңызға ұрса жөнелмеңіз. Мұндай әрекеттер тәрбиеші мен бала арасындағы қарым-қатынасты бұзады.

Әдетте, әр баланың балабақшаға бейімделу процесі әртүрлі өтеді, уақыты да әрқалай. Бірақ психологтар үш топқа бөліп ажыратады:

  • жарық - екі аптадан бір айға дейін;
  • орташа - бір айдан үшке дейін;
  • ауыр - үш айдан алты жасқа дейін.

Жоғарыда тізілген қателіктерді жібермей, дұрыс әрекеттер жасау арқылы балаңыздың балабақшаға тез үйреніп, бірінші топтан табылуына көмектесе аласыз.

Дайындаған: Айгерім Мейірханқызы,

ERNUR.KZ