Баланы онлайн-сабаққа жауапкершілікпен қарауға қалай үйретеміз?

0
1 880

Сапалы білім алу үшін ең керегі – жауапкершілік пен тәртіп.


Баланы онлайн-сабаққа жауапкершілікпен қарауға қалай үйретеміз?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Алдағы оқу жылы тағы да онлайн оқумен сыналғалы тұрмыз. Бұл ретте білім алушылардың оқу процесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы маңызды. Ата-анаға артылар жүк те аз емес. Соны сезгендер дайындықты қазірден бастап кетті. Сабақ оқитын орын мен оқу құралдарын әзірлеумен қатар, баланың жауапкершілік сезімін қалыптастыру да аса маңызды. Осы арқылы ғана жүйкеңізді жұқартпай, уақытыңызды үнемді сақтай аласыз. Байланыстағы ұстаздың да. Баланың сабаққа жауапкершілікпен қарап, өз бетінше оқуға ұмтылуы ата-ананың жүгін аз да болса жеңілдетеді.

Ендеше, бала бойында өз бетінше сабақ оқуға деген жауапкершілікті қалыптастыруды бүгіннен бастаңыз.


Аздаған жеңіл тапсырма орындауды бастаңыз

Күнделікті бір уақытты белгілеп, балаға өз жасына сай сабақ тапсырмаларын беріңіз. Бірден көп және ауыр болмасын. Бастапқыда бес-он минутта орындалатын, оңай әрі қызықты тапсырмалар ұсыныңыз. Күн сайын минуттар қосып, тапсырмаларды да аздап күрделендіруге тырысыңыз. Осылайша әр күні белгілі бір уақытта сабақ оқуға отыру дағдысы қалыптасады.


Таңдау еркіндігін беріңіз

Осы күндері бала қай пәнге қатысты тапсырма орындағысы келетінін біліңіз. Сол пінге басымдық бере отырып, басқа пәндерді аздан араластыру керек. Бұл – баланың қызығушылығын жоғалтпау үшін. Және өзіңіз де балаңыздың қай пәнге бейімділігі бар екенін біліп аласыз. Оқу жылы басталғанда баланы күнделікті сабақ кестесіне сай барлық пәнді оқып, тапсырмаларын орындауға мәжбүрлемейтін боласыз. Мектепке барып, ұстаз алдынан білім алған күннің өзінде барлық оқушы барлық пәнге белсенді қатыспайтыны белгілі ғой. Ендеше, үйде де мінсіз оқушы қыламын деп тыраштанбай-ақ қойған абзал.



Саналы түрде орындауды қалыптастырыңыз

Балаға «Енді мына сабақты бастаймыз», «Мына тапсырманы былай орындайсың» немесе «Әй, қайда барасың? Әлі оқылмаған бес сабағың бар» деп жеки бергенше, сұрақпен жетелеген әлдеқайда тиімді. Сондықтан, жоғарыдағы сөздердің орнын «Енді қай тапсырма (сабақ) қалды?» деген секілді сауалмен алмастырыңыз. Бала өзі ойлансын, жауабын өзі тапсын. Осы әрекет әдетке айналса, кейін пәндер мен тапсырмаларды өз бетінше түгелдеп орындауына үлкен көмек болады.


Өзіне сенімділігін арттырыңыз

Орындаған тапсырмаларын бағалауды баланың өзіне тапсырыңыз. Егер ол көбіне «5» не «4» деген баға қойса, өзіне көңілі толады деген сөз. Ал, қашан да көңілі толмай, нашар баға берсе, өзін-өзі бағалауының төмендігін білдіреді. Бұл – баланың болашағымен қатар, бүгіні үшін де өте зиянды мінез. Бүгінгіге кері әсері – бірнәрсе жасауға, сабақ оқуға деген ықыласы төмендейді. Сондықтан, әр тапсырма орындаған сайын жоғары бағалаңыз, өзіне сенімділігін қалыптастырыңыз.


Позитивті көңіл-күйде болуды үйретіңіз

Енжарлық, көңіл-күйдің болмауы – кез келген нәрсені құлшыныспен, жауапкершілікпен емес, мәжбүрлікпен ғана жасауға итермелейді. Сондықтан, балаға көңіл-күйді көтеру және позитивті қалыпты ұстап тұру жолдарын үйретіңіз. Мәселен, таңғы жаттығу жасау, өзіне ұнайтын іспен айналысуға уақыт бөлу, т.с.с.

Ең бастысы, балаға жарқын болашақ үшін білім керегін, ал, сапалы білім үшін үйде де мектептегідей тәртіп керегін ұқтырыңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Ата-ана БАЛАСЫНАН нені ҚҰПИЯ ұстауы тиіс?