Сіз білесіз бе?
Атам қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деп айтып отырушы еді. Жас кезде байыбына барып, түсіне қоймап ем. Қазір өзім ұл үйлендіріп, келін алып отырған соң оның қандай мағына беретінін болжап білдім, деді құрбымның анасы Мәриям көзіне жас алып.
Сәуле екеуміз бір топта оқимыз. Ауылымыз іргелес болған соң пәтерге де бірге орналасқанбыз. Бір-біріміздің ауылымызға да жиі барып тұрамыз. Кешегі күні құрбымның туылған күні еді. Анамнан рұқсат алып, іздеп бардым. Шат-шадыман көңілімді Сәуленің үйіндегі жайсыз жағдай су сепкендей басты. Құрбым осы уақытқа дейін отбасындағы кикілжіңді біздерге сездірмейтін. Өзіміз секілді тәрбиелі, ата-анасын құрметтеп, сыйлайтындай көрінетін. Құрбым үйде екі ағайынды. Самат есімді өзінен 5 жас үлкен ағасы бар. Сәуле 10-сыныпқа өткенде ағасы үйленген екен. Бүгінде 2 ұлы бар. Ағасы мен жеңгесі ауылдағы мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Інілері балабақшаға барады. Үй жұмысының бәрі анасының мойнында екен. Негізінде құрбымның анасы әлі 50-ге толмаған. Бірақ бетін әжім басып, әжептеуір қартайып қалған. Көзінде де нұр жоқ. Жанарынан өкініш байқалады...
Ескертусіз келгеніме Сәуле ыңғайсызданып қалды. Мұнысын жасырған да жоқ. Ал анасы барын алдымызға тосып, бәйек болуда. Құрбымызбен сағынышымызды басқанымызша дәмі тіл үйірер мантыны алдымызға әкелді. Ауылымыз шалғай болған соң қонатыным анық еді. Әкесімен амандасқаным болмаса, дастарханға келіп отырған жоқ. Байқауымша басқа бөлмеде тамақтанған сияқты. Ағасы мен жеңгесі де жадырап жанымызда отырмады. Бейне бір берекесі жоқ ұя секілді. Есесіне, анасы біздің жанымыздан кетпеді. Сәуленің бала кездегі бұзықтықтарын айтып бізді күлкіге қарық қылды.
Анасының айтуынша Сәуленің әкесі 6 ағайынды екен. Абзал аға кенже ұл болғандықтан қара шаңыраққа ие болып қалыпты.
«Жастықтың желігімен ата-енеме дұрыс қарамадым. Жұмыс-жұмыс деп жолдасым екеуміз бар тапқанымызды балаларға жараттық. Ата-анасын көруге келетін қайнағаларым мен абысындарымды жақтырмадым. «Ата-әже» деп келетін олардың балаларын да алыстаттым. Енемнің:
«Балаларды бөлме, бірге ойнасын. Бауыр басады. Абысындарыңмен сыйлас, ағайынның арасына сызат түсірме» деген сөздеріне пысқырмадым.
Көрген-баққаным ұлым мен қызым болды. Қарт ата-енені мүлде ұмыттым. Өзіммен қоймай, жолдасыма да ата-анасын ойлауды ұмыттырдым. Сонда қайын атам кейіп:
«Бізге не жасасаң, Алла алдыңа келтіреді, шырағым. Бес күндік жалған өмірді сыйласып сүргенге не жетсін?! Бізден не жамандық көрдің? Малтабар ұлды дүниеге әкелгенімізге айыптымыз ба? Ұлымыз жақсы да, біздер жаманбыз ба?» деп ренжитін.
Бұл сөздер де кесапаттығыма қарсы тұра алмады. Балабақшадан келген бойда балаларымды бауырыма басып, өбектеп кетемін. Бар жұмсақты солардың аузына тосып, тәттіге тойдырамын. Самат пен Сәуленің айтқандары болмай қалса жер тепкілеп жататынына, анамыз демей мені ұрып, теуіп кететініне еркелік деп қарадым. Сол кезде де бастарынан сипап, қолымнан тастамай көтеремін. Әкесі айқайласа балаларымның аузын жабудың орнына әкесіне шапшып шығамын. Менің осылай тәрбиелеп жүргеніме ата-енемнің қарны ашатын. Менің, балаларымның келешегі үшін алаңдап шыр-пыр болғандарын енді түсіндім. Тым кеш түсіндім. Бірде енем:
«Шырағым, баланы жөнімен еркелету керек. Керек кезде тия да білу керек. Жоқ-барды ұғынып өсуі керек. Қазақ халқы ешқашан баланың басынан сипамаған. Мұны әдетіңе де айналдырма. БАЛАНЫҢ БАСЫНАН СИПАУ арқылы оны жасықтыққа, ынжықтыққа тәрбиелейсің. Ұлды ешқашан мүсіркеп, аяп өсіруге болмайды. Мақтанарлықтай іс тындырса, «Жарайсың!» деп арқасынан қағып қойғанның өзі жетеді.
Ал АРҚАСЫНАН ҚАҒУ баланы батылдыққа, қайсарлыққа, тірек болуға, арқасына артылған жүкті жауапкершілікпен көтеруге, ертеңгі күні отбасының қорғаны болуға, жігерлі болуға баулиды. Сосын әке баланы тәрбиелеген кезде анасы ешқашан араша түспеуі тиіс. Бүгін сөзімді сөйлейді деп саған арқа сүйесе, ертең жұбайының етегіне жармасатын болады. Қызды да тәрбиеге шақырып тұру керек. Қыз әкенің қабағынан, анасының көзінен тайсалу керек. Біз де келін болдық. Ұл-қыздарымызды құшақтап, мауқымызды басқымыз келетін. Бауырымызға басып, өбектеп кетуге ата-әжесінен жасқанатынбыз. Ол кісілердің алдында айналып-толғану тұрмақ, мейіріммен қарауға ұялатынбыз» деді.
Мұны алжыған кемпірдің сандырағы деп қабылдадым да өзім білемге салынып, өмірімді жалғастыра бердім.
Ал қазір бойымнан күшім, қолымнан қуатым кеткен кезде әдіреңдеген ұл мен кердеңдеген келіннің қас-қабағына қарап қалдым. Қаладан қыз келсе келін жақтырмайды. Немерелеріме де артық-ауыз сөз айта алмаймын. Ұлым да келіннің дегенінен шыға алмайды. Ене-келін болып сөзге келіп қалсақ, жұбайын жақтап шыға келеді. Ең сорақысы, көз алдымда ұлым келінімнің тізесіне басын қойып, еркелеп жатады. Мұны көрген жолдасым да кірерге тесік таппай кетеді. Келін мен ұлға бұлай жасауға болмайды деп қалай айтамын? Кезінде өзіме айтқан ақылды қабылдадым ба? Үлкендерден өнеге алдым ба? Мереке сайын қайынағаларымның ұл-қыздары жолдасыма хабарласып, құттықтап жатады. Менің де жағдайымды сұрайды. Ұяттан өртеніп кетейін деймін. Ата-аналарын құрметтеп, сыйлағандарын көрсем ішім удай ашиды. Өз ұлым мен қызымнан күткенді өзгелерден көргенде жаным ауырады. Қайтейін, өз қолымды өзім шаба алмаймын. Алланың алдыма келтіргеніне амалсыздан көнемін де» деді Мәриям апа күрсініп.
2 жылдан бері бірге оқып жүрген құрбымның отбасындағы құпияға қанық болып, анасының айтқандарына қаймығып таңертең жолға шықтым. Мәриям ананың қателігі маған да, құрбыма да алдағы уақытта сабақ болады деген үміттемін.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Асыл АРМАН,
Оқи отырыңыз:
Әйеліне РЕНЖИ БЕРЕТІН отағасына арналған 10 КЕҢЕС
ЕРІнен көңілі қалып, ЕНЕсіне шағымданатын келіндер НЕНІ жоғалтады?