Баланың көзінше КИІНІП-ШЕШІНУГЕ абай болыңыз!

0
3 939

Балаға деген құрметпен қарауы тиіс ата-аналар...


Баланың көзінше КИІНІП-ШЕШІНУГЕ абай болыңыз!

Есін білгені тұрмақ, шақалақ сәби кезінде ата-ананың бала алдында денесін жалаңаш ұстауы - біздің салт-дәстүрімізге, қазақи тәрбиемізге тура келмейді. Дегенмен қазірде заман ағымына ілескен жастардың балалары алдында ашық-шашық киіммен жүргенін көп байқауға болады. Ал мамандар бұл жағдай баланың келешегіне кері әсер ететінін айтуда.

Осы орайда төменнен , «Бала неше жасқа келгеннен кейін ата-ана өзін қымтап, ашық, ұятты жерлерін көрсетпей жүруі керек?», «ұятты, әуретті жерді жабуды қай жастан бастап үйрету қажет?», т.б сұрақтарға мамандардың кеңесін оқыңыз.

0 - 2 жас аралығы
Мұндай жаста көп ретте ата-аналарда бала алдында шешініп-киінуде, ішкиіммен жүруде, сәбимен бірге шомылуда ешқандай мәселе болмайды. Себебі мұндай жас шамасында бала ұялу, қымсыну дегенді білмейді. Олар тіпті өз дене мүшелеріне де қызығушылық танытпайды. Мұның негізгі себебі - бұл жастағы балалардың анасынан алыстамауында. Яғни, анасы тамақтандырады, тосады, жуындырады т.б. Ол өз дене мүшелерінің не үшін қажет екенін аса ұғына қоймайды.
2,5 жастан 5 жасқа дейін

Бала екі жастан асқаннан кейін ата-аналар өте мұқият болу керек. Қанша жерден кішкентай дегенмен кейбір балалар ата-анасының ашық денесін көргенде ұялады. Егер кішкентай сіз киініп-шешінгенде, шомылғанда көзін тайдырып, алып қашатын болса, демек жиналатын, баладан да қымсынатын кез жетті деген сөз.

Екі жастан кейін әсіресе ұл балалар өз денелеріне қызығуды, жыныс мүшесін ұстап ойнауды бастайды. Сондықтан балаға әр дене мүшесінің қызметін, олардың аттарын дұрыстап айтып үйрету қажет. Негізі 2 мен 5 жас аралығында балалар көбіне жалаңаш жүруге ұяла қоймайды. Алайда дене мүшелеріне қатысты түрлі сұрақтар қоя бастайды.

Егер балаңыз «менікі неге сіздкіне ұқсамайды, менде неге мәме жоқ, т.б.» секілді түрлі сұрақтармен мазалауға көшсе, демек енді сіз онымен бірге шомыла алмайсыз және киіміңізді де көзінше ауыстыруға болмайды. Бірақ дәл осындай сұрақтар туындап, бала ненің не екенін білгісі келген уақыттан бастап, ұятты жерлерді жауып жүруді, ешкімге көрсетпеуді үйрете бастау керек. Сондай-ақ егер бала қаламаса, оны қытықтап, құшақтап, сүюге болмайды. Бұл тек баланың рұқсатымен, ықтиярымен болу керек. Сонда ғана ол денесіне өзге түгіл өз ата-анасының да, өзінің рұқсатынсыз қол тигізуге болмайтынын түсінеді. Өз денесін қадірлеуді үйренеді.


6 жас пен 10 жас аралығы

Әрине, бұл жаста ата-ана да, бала да бір-бірінен ұялуы, денелерін жабуы керек. Бірақ кейде болатын ыңғайсыздықтар үшін шу көтерудің әсте қажеті жоқ. Мысалы сіз немесе балаңыз киініп үлгермей қалдыңыздар, дәретханада, жуынатын бөлмеге үстінен кіріп қалдыңыз. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Егер балаңыз кіріп қалса, жәй ғана шығып кетуін өтініңіз, керісінше жағдайда баланы ұялтпай байқамаған болып шығып кетіңіз.


Бала 10 жастан асқаннан кейін

10 жастан кейін балалардың алдында мүлде киініп-шешінуге, түнгі уақытта жатын бөлменің есігін ашық қалдыруға болмайды.


Баланың білгісі келетінін "ұят" деп үнсіз қалдыруға болмайды

Ол сұрақтар баланың одан бетер қызығушылығын арттырып, соның жауабын табу үшін өтірік айтуы немесе тұйықталып кетуі мүмкін. Сондықтан балаға қызығып сұрақ қойған уақытынан бастап "сен кішкентайсың" деп бетін қақпай, ерінбей-жалықпай түсіндіру қажет. Баланың келешекке деген көзқарасы осы уақыттардан бастап мықтап қалыптасатынын ұмытпау керек. Жұрттың барлығы жұмысбасты мына заманда кімнің қолы бос бала тәрбиесімен сол айналысатыны жасырын емес. Алайда, дене мүшесіне, ондағы өзгерістерге қатысты мәселелерді уақыт тауып ұлға әкесі, қызға анасы үйреткені дұрыс.

Түрлі дереккөзден дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ