Осы әдістерді әдетке айналдырсаңыз, бар шаруаға да, өзіңізге қарауға да уақыт табасыз.
Балалы әйелдің тірлігі белгілі, көп жағдайда ештеңеге үлгермей, ешқайда шыға алмай, жіпсіз байланғаны байланған. Ұйқының қанбауы, шаршау, жүйкенің тозуы тағы бар. Бірақ, белгілі бір әдістерді қолдансаңыз, бір емес, бірнеше балаға қарап отырып та, шаршамай-шалдықпай, энергияға толы күйде біраз істің басын қайыра аласыз. Ендеше, көпбалалы және жұмысбасты ана бола тұра, көп энергия жұмсамай-ақ көп нәрсеге үлгертетін мынадай әрекеттерді әдетке айналдырыңыз.
1-әдет: БӘРІН ЖАЗЫП ЖҮРУ
Көпбалалы немесе үй мен жұмысты қатар алып жүрген ананың, әлбетте, мың сан шаруасы бар. Оның бәрін мида сақтау – ми үшін артық жұмыс, шаршататын себеп. Тіпті, ең миы қатты істейді деген адам төрттен көп ойды қатар ойлап, сапалы нәтижеге жете алмайды. Сондықтан, шаш етектен келетін шаруаның бәрін ми кассетасында қайта-қайта айналдырып, оған артық салмақ сала беру – бекер. Салдарынан маңызды деген ойларды жоғалтып аласыз, ұмытып кетесіз. Сондықтан, ойдағы істің бәрін қағазға жазып жүріңіз. Ішінен ең маңызды, бірінші керекте жасау керек дегенін ерекшелеп түртіп қойыңыз. Осы жазбаны қайта-қайта қарап, өз-өзіңізді тексеру арқылы маңызды шаруаларды бірінші жасайсыз, ештеңені ұмытпайтын боласыз әрі миыңызды да артық жүктемемен шаршатпайсыз.
2-әдет: ЖОСПАРЛАУ
Жоспарсыз жасалған істің бәрінің бірдей пайдалы, сәтті болуы екіталай. Маңызды шаруаларыңыздың уақытымен, орнымен, өз ойыңыздағыдай іске асқанын қаласаңыз, алдын ала жоспар жасаңыз. Керекті мен керексізді ажыратып, керексізін сызып тастаңыз. Керектілерін уақыты мен маңызына қарай пункттерге бөліңіз. Отбасылық атаулы күндер, мерейтойлар, сапарға шығу, ремонт жасау, оқуға түсу, жұмысқа тұру деген сынды ауқымды шаруаларға қатысты бір жылдық жоспар құрыңыз. Дәрігерге қаралу, несиені төлеу, тұрмыстық заттар алу, достармен кездесу, т.с.с. шаруаларды бір айлық жоспардың әр күніне реттеңіз. Үй-жайды реттеу, азық-түлік әкелу, балалардың көңілін аулау сынды істерге аптаның әр күнін бөліп, оны өз алдына жоспарлаңыз. Әр күні ұйқыдан тұрғанда осы күні қай уақытта қандай істі тындыруыңыз керегін анық біліп ояныңыз. Осындай жылдық, тоқсандық, айлық, апталық және бір күндік жоспарлар сіздің сәтсіздікке, ретсіздікке, ұмытшақтыққа, бір сөзбен айтқанда – хаосқа қарсы қаруыңыз болады.
3-әдет: БӨЛІКТЕРГЕ БӨЛІП ОРЫНДАУ
Үлкен үйме қоқысты бірден көтеріп кете алмасыңыз анық. Оны сыртқа шығару үшін кішірек ыдысқа салып, бөліп-бөліп тасисыз, солай ма? Ендеше, ауқымды істерге келгенде де осы әдісті қолданыңыз. Бірден бәрін еңсерем десеңіз, ентігіп қаласыз. Бөліп-бөліп, аз-аздан істеңіз. Ең дұрысы, бастамас бұрын «Менің шамам жете ме?» деп өзіңізден сұрап алу. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңізге байлап алып», артынан өкініп жүрмеңіз. Мәселен, қонақ шақырсаңыз, дастарқандағы астың бәрін өз қолыммен пісірем деп сүрлікпеңіз. Қонақ келгенде де күш керек. Сондықтан ас-ауқаттың бір бөлігін өзіңіз дайындап, екінші бөлігіне көмек шақырып, үшінші бөлігін тапсырыспен алдыртқанда тұрған ештеңе жоқ.
4-әдет: ӘР ЗАТТЫҢ ӨЗ ОРНЫН БЕЛГІЛЕУ
Үйдегі әркімнің өз бөлмесі болатыны секілді, әрбір заттың да өз орны болуға тиіс. Тіпті, ең ұсақ-түйек дегендердің де. Ине-жіп салатын құты және ол құтының тұратын сөресі, нәски-іш киімдерге арналған тартпа, тағы басқа ұсақ-түйектерге арнайы орын бөлу маңызды. Өзіңізді де, балаларды да пайдаланған әр затты қолданып болған соң өз орнына апарып қоюға үйретіңіз. Ол мүмкін болмаса, әр кеште ұйқыға жатпас бұрын қолданылған, орнынан қозғалған заттарды қайта орнына қойып шығуды дәстүрге айналдырыңыз. Ештеңені кейінге қалдырмаңыз. Сонда әр жолы бірдеме іздеген сайын «Қайда қойып едім? Қайдан көріп ем?» дегендей артық ойлармен миыңызды шаршатпайсыз.
5-әдет: АРТЫҚ ЗАТТАН АРЫЛУ
Ұзақ уақыт бойы қолданбаған немесе енді қажетке аспайтынына көзіңіз жетіп тұрған заттан еш аяусыз арылу керек. Қанша жерден жаңа болса да, қаншалықты қымбат, қимас бұйым болса да. Әлі де іске жарайтын болса, қажет ететін біреуге сыйлаңыз. Бір жерлерін өзгертіп, басқа мақсатта пайдалануға болады десеңіз, өзгертіп, екінші өмір сыйлаңыз. Тек бұрынғыша босқа тұруына жол бермеңіз. Ешкімге, ештеңеге жарамайды десеңіз, үйде бекерге орын алып тұруына жол бермей, қоқысқа шығарыңыз.
6-әдет: МІНДЕТТЕРДІ БӨЛУ
Әр ананы ең көп шаршататын – өзінен басқа ешкімге сенбеу, бәріне өзі жүгіру. «Пәленше қандай пысық еді, бір өзі бәрін тындырады» деген сөз үшін, «Супер-әйел» атағын алу үшін сонша тырмысып, бар қуатты құртудың қажеті шамалы. Үй шаруасына, балалар қамына қатысты шаруаларды отбасы мүшелерімен бөлісіңіз. Тым болмаса, бір бөлігін. Еріңізге өтініш жасаңыз, балаларыңызға тапсырыңыз, туыстардан көмек сұраңыз, тұрмыстық көмекші құрылғылар сатып алыңыз, тапсырыс беру, жеткізіп беру, басқа да ақылы қызметтерді қолданыңыз... Әйтеуір мойныңызды жауапкершіліктің біршамасынан босатыңыз.
7-әдет:ӨЗІҢІЗГЕ УАҚЫТ ТАБЫҢЫЗ
Жоғарыдағы әрекеттерді жасай-жасай әдетіңізге айналдырсаңыз, сізде біршама бос уақыт пайда болуға тиіс. Сол уақытты өзіңізге арнауды үйреніңіз. Көңіліңіз қалаған іспен айналысыңыз, тіпті ештеңені қаламасаңыз, ештеңемен айналыспаңыз. Бой күтіміне, ойды дамытуға, рухани әлеміңізге мән беріңіз. Жан қалауыңызды орындау арқылы энергия жинаңыз.
Осы айтылған кеңестердің бәрін жасасаңыз, Сізде тірлікке үлгермей тыпыршу, әл-дәрмен қалмай қалжырау, эмоционалдық күйіп-жану, шаршап-шалдығу болмайды. Сәйкесінше, күйеуіңізге күңкілдемей, балаларға айқайламай, өмірден түңілмей, еріңізге еркелеп, ұл-қыздарыңызды өзіңіз еркелетіп, өмірді қуанышты көңіл-күймен сүрерсіз, бәлкім.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: