Еркек қана емес, ӘЙЕЛДІҢ ДЕ "ТИРАНЫ" болады

0
3 671

Ер азаматтың әлсіздігі әйелді тиран етеді.


Еркек қана емес, ӘЙЕЛДІҢ ДЕ

Отбасындағы қаталдық, мейірімсіздік, үй ішін уысында ұстайтын, тек өзінің айтқанын болдыратын, қазіргі тілмен айтқанда тирандық рөлінде ең алдымен ер-азаматты елестететініміз анық. Алайда тирандық тек ер азаматтар тарапынан емес әйелдерде де болады. Негізі әйелдегі тирандық сырт көзге аса біліне бермейді.

Оның әрекеттері, сөздері жай күнделікті отбасындағы жағдай секілді көрінеді.


Тиран әйелдің белгісі

  • Тиран әйел күйеуінің қалтасындағы әрбір тиынға есеп алады. Оның әрбір қадамын бақылап, өзінің орынсыз қызғанышымен мазасын алады.
  • Сыртқа өзін құрбан етіп көрсетіп, жолдасын мейірімсіз, қатыгез етіп танытады. Жолдасының дөрекі әрекеттері туралы ертегі құрастырып алады.
  • Физикалық күш көрсету. Бұл бір қарағанда өте күлкілі көрінеді. Бірақ күйеуіне күш қолданатын әйелдер жоқ емес. Кейбір ер-азаматтар өзінің тәрбиелігіне, сабырлығына салып әйелге қол көтермейді. Әйел ұрып жатса да үндемей шығып кетеді немесе әйелдің ашуы басылғанша күтеді. Ал кейбір жігіттер жай ғана өз әлсіздігінен денесі үлкен әйеліне шамасы келмейді.
  • Эмоционалды қысым. Бұл балаларды әкесіне қарсы қою, ажырасамын деп бопсалау, күш қолданды деп жала жабу, өліммен қорқыту.
  • Жақын адамдарымен қарым-қатынаста өте салқынқанды, көп сөйлемейтін, тұйық келеді.


Психологиялық белгілер

Төмендегі белгілер бойында бар қыз-келіншектер келе-келе отбасын құрған соң өзінің тирандығын көрсетеді.

  • Ортақ келісімге лажы жоқ болған соң ғана келіседі. Өзінің жеке қызығушылығына жақындарын бағындырғысы келеді.
  • Сын көтере алмайды. Бірақ өзгелерді сынаған ұнайды.
  • Өзін өзгелерден ерекше, биік ұстайды. Ойына қарсы пікір айтылса аяғы-айғай шумен бітеді.
  • Мінездің жылдам өзгеруі. Қатты ашуланып, қырып жоятындай болып жүріп, аяқ астынан махаббаты оянып, жүзіне күлкі үйіріле кетуі мүмкін.
  • Ұсақ-түйектің бәріне мән беру.
  • Эмоционалдық күш көрсетудің соңы көбіне физикалық күш қолдануға алып келіп жатады. Жолдасына қарай ыдыс лақтыру, тырнау немесе балаларды ұру.


Әйел қалай тиранға айналады

Тирандықтың негізгі түбірі көп жағдайда бала кезде жатады. Бала ата-ана арасындағы қарым-қатынасты өзінің болашағына ала кетеді. Кейде ата-ана өзі баланы басшылыққа, өзгелерден үстем болуға үйретеді.

Екінші мәселе еразаматтың әлсіздігі. Еркектің жұмыссыз жүруі, ішіп кетуі немесе үйге көңіл бөлмеуі тағы да басқа әрекеттері отбасындағы бар жүкті әйелдің өз мойнына жүктеуіне алып келеді. Әйел бүкіл отбасын жолдасы бола тұра өзі сүйрейді. Бірақ бұл жағдай әйелді қатал, өктем ете түседі. Жолдасын отбасының тірегі, басиесі санауды қояды. Ал ер-азамат кейін отбасындағы өз орнын қайтарғысы келсе мұны күшпен, ұрып-соғып, айғай шумен шеше алмайды. Ондай кезде тек дұрыс, оң әрекет пен жылы сөз ғана қажет болады.

Мінезі әлсіз, күйгелек және өзін өзгелерден төмен санайтын әйелдер де тирандыққа жақын болады. Мұндай әйелдер мінезді ер-азаматтың жанында ұзақ тұра алмайды.

Табысты, жолдасына қарағанда көп ақша табатын әйелдер де тирандыққа бейім келеді.


Тиран әйел өзгере ме?

Адам туа біткен мінезінен өзгере қоюы қиын, бірақ мүмкін нәрсе. Егер тирандық уақыт өте тұрмыс, қоршаған орта жағдайына қарай пайда болса, онда бәрі шыдам мен сабырлықтың, жылы сөздердің арқасында қалыпқа келуі әбден мүмкін.

Көп жағдайда тиран әйелдер жолдасымен ажырасып, дегенін жасайтын басқа ер азамат табады. Болмаса күйеуін нағыз тиранға айналдырады. Мінезді ер-азамат болса әйелдің ызыңына, тирандығына шыдамайды. Бұған біреу басылады, шыдайды, енді бірі екі жаққа кеткенді жөн санайды.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.



Баланы ерте жастан дамыту қауіпті ме?