Тым болмағанда теледидар отбасыны бір жерге жинайтын еді...
Сурет itctoday.com сайтынан алынды
«Телефоннан бас алмайды. Қашан қарасаң интернетте отырады. Аңдығаны – Тик-ток, Инстаграм... Ойлағаны тек ойын, телефонмен ойнайды да отырады...» Сәл ілгеріде үлкендер жастарға осылай ұрсушы еді. Қазір сол үлкендер туралы да тап осылай айтуға болады. Зейнет жасындағы қариядан бастап, бейнет жасындағылар да жұмыстан қолы қалт ете қалса, телефонға телміреді. Бала-шағасына «Телефонды таста, сабағыңды оқы» деп қойып, өзі әрі қарай үңіле түсетінін қайтерсің.
Бар қызық соның ішінде. Әлемдегі, елдегі соңғы жаңалықтар, ойлап таппайтыны жоқ блогерлердің өмірі, спорт, көкпар, күлкілі видеолар, кім қайда барды, не істеді, танысының тойы қалай өтті... – бәрін-бәрін телефоннан бақылап отырамыз. Базарымыз да сонда. Адамдар бір-біріне айтар сөздерін жүзбе-жүз, ауызша емес, желідегі бейнежазбамен бөлісу арқылы жеткізеді. Достар, әріптестер, көршілер, туыстар, жұмыс чаты, сынып чаты, т.б. былай тұрсын, әр жанұяның ортақ чатын ашатын болдық. Бір шаңырақ астында отырсақ та, сол чат арқылы сөйлеспесек, басқаша бір-бірімізді естімейтін халге жеттік.
Заманауи гаджеттер, ғаламтор, әлеуметтік желілер өмірімізді осылай елеулі өзгерістерге ұшыратты. Ауырды жеңілдетіп, баяуды жылдамдатқан тұстары бар, пайдасын көріп жатырмыз. Алайда, тигізіп жатқан зардабы да жоқ емес. Бір ғана отбасылық қатынасқа әсерін алайық.
Балалар не көріп өсуде?
Бұрындары «Отбасыңның суретін сал» деген тапсырмада балалардың басым көпшілігі теледидарды бейнелеген екен. Оның алдына ата-әжесін, әке-шешесін және балаларды салатын көрінеді. Ал қазіргі уақытта балалар әкесінің компьютерде, анасының телефонда, тағы бірі ноутбукпен, балалардың ойын планшетімен отырған бейнесін салады екен. Көз алдында сақталған көрініс солай болғаны ғой. Тым болмағанда отбасыны бір жерге жинайтын, ортақ дүние көріп, оны талқылауына себеп болатын теледидар да қолданыстан қалды.
Ұрланған уақыт
Отбасы мүшелерін бір-бірімен жақындастыратын, жақсы танып-түсінуге жол ашатын, бауырмашылдық, жанашырлық сияқты қасиеттерді нығайтатын кез – бірге өткізілген уақыт. Ол неғұрлым азайса, жанұя мүшелерінің жақындығы да соншалықты әлсірейді.
Жанұялар әр күні кешкісін бір дастархан басында жиналса, арқа-жарқа болып әңгіме-дүкен құрса, бірігіп іс істеп, ойын ойнап, уақыттарын көңілді өткізсе, қандай ғанибет! Оның орнына осы уақытты ғаламторға арнаса ше? Есептеп қараңызшы, әр күні отбасыңызға бөлуге тиісті екі сағатты интернетке арнасаңыз... Бір айда алпыс сағатыңыз жұмсалады. Яғни, сіз осынша уақытты отбасыңыздың еншісінен ұрлап, ғаламтордың жолында сарп еттіңіз деген сөз.
Қазір үлкендердің біразының жұмысы ғаламтормен тікелей байланысты. Тәуелділік бірінші кезекте осы қызметкерлерде қалыптасады. Қолжетімді интернет оны шексіз қолдануға жол ашады. Жұмыс арасында «поштаны тексере салайын, мессенджерді қарай салайын, біреу-міреу жазды ма, желіде не жаңалық боп жатыр, бір қарап шығайыншы» дегендей ойлармен қалай сүңгіп кеткенін білмей қалады. Осылайша жұмыс пен жеке қызығушылық шекарасын жоғалтады.
Егер жұмысыңыз ғаламтор арқылы жасалатын немесе тығыз байланысатын болса, өзіңізді қатаң бақылауда ұстағаныңыз абзал.
Интернет проблемадан құтқармайды
Ерлі-зайыптылар арасында қандай да бір түсініспеушілік, мәселе болса, оны шешудің орнына әркім өз әлеміне еніп кеткенді дұрыс көреді. Мұның ең қолжетімді жолы – ғаламтор. Қолынан телефоны түспей, желілерден жұбаныш іздейді. Әйтеуір көңілін басқа жаққа бұрудың амалы. Ал отбасындағы мәселе өздігінен шешілмейді, қайта тереңдей түседі.
Оның орнына мәселені шешуге күш салса ғой. Ол үшін жауласудың да, дауласудың да, татуласудың түрлі амалдарын жасаудың да қажеті жоқ. Жай ғана ас бөлмеде үнсіз отырып бірге шай ішуден бастауға болады. Әркім өз ойымен арпалысса, солай-ақ болсын. Іштей бір-бірін кінәласа, кінәлай берсін. Тек екеуі екі әлемге кетіп қалмай, ойлары да, бойлары да бір жерде болсын. Уақыт өте жұбайын кінәлаудың арасында өз айыбын да тауып қалады. Кейбір түсініксіз нәрсенің түсініктемесі, сұрақтың жауабы өздігінен келіп қалатын сәттер болады. Осындай ой саптаулардан соң, эмоция басылғаннан кейін сөйлесіп түсінісу, мәселенің мәнісі мен шешімін табу оңайырақ.
Эксперимент жасап көріңізші. Бір күндік барлық шаруаларыңыздың тізімін жасаңыз. Әрқайсыныа бөліну керек уақытты анықтаңыз. Қанша сағат ұйықтау керек? Жұмысқа қанша сағат жұмсауға тиіссіз? Үй шаруаларын қанша уақытта бітіре аласыз? Отбасыңызға қанша сағат бөлгіңіз келеді? Ғаламторға тәулігіне қанша сағат бөлген дұрыс деп ойлайсыз? Бәрін жазыңыз.
Ал енді бір тәуліктегі іс-әрекеттеріңізді бақылаңыз. Әр шаруаға тиісті уақытын арап жүрсіз бе? Ғаламторға кететін уақыт сіз ойлағаннан әлдеқайда көп емес пе? Осы арқылы өзіңізге білінбей ғаламтор үшін құрбан болып кетіп жатқан артық сағттарыңызды табуыңыз әбден мүмкін.
Иллюстрациялық сурет sun9-1.userapi.com сайтынан алынды
«Бұл маған керек пе?»
Көпшілігіміз әлеуметтік желіге не үшін кіретінімізді, не іздейтінімізді білмейміз. Жай ғана алдымызға не тап келеді, соны қызықтай береміз. Тіпті, ойындағыны іздеп қарағаның өзінде, қаншалықты қажет, нендей пайдасы барына мән бермейміз. Біреу фильм қарайды, біреу күлкілі видеолар арқылы көңілін көтергісі келеді, өзі қалайтын өмірді сүріп жүргендердің блогын бақылайды, спорт, көкпар видеолары, киім-кешек, т.б. түрлі-түрлі бағыттағы ақпараттарды мақсатсыз «жұта береді». Айталық, Тайландтағы су тасқыны – бұл туралы ақпарат сізге не үшін керек? Неге көріп отырсыз? Тасқын суы сізге дейін жетіп қалуы мүмкін бе? Әлде Тайландқа барып мүшкіл халдегі адамдарға көмектесесіз бе? Онда туысыңыз, танысыңыз, бизнес-серіктестігіңіз бар ма еді? Шын мәнінде, бұл ақпарат сізге мүлдем қажет емес. Жай ғана қоқыс. Жаңалықтар ағынынан ажырап қалсақ, өзімізді әлеммен байланыссыз, адамдардан алшақтап қалған, эмоционалды түрде бос сезінеміз.
Интернет кеңістігі күн сайын миллиондаған бейнеконтенттермен, жарнамалар және суреттермен толықтырылады. Оның бәрін көріп тауысу мүмкін емес. Әр адамға «ұл маған керек пе?» деген сұрақтан құарлған өте мықты фильтр керек. Сайттар не әлеуметтік желілер сізге қандай да бір контентті ұсынған кезде өзіңізге «Бұл маған керек пе? Өміріме қатысы бар ма? Мен бұл жағдайға әсер ете алам ба?» деп ойланыңыз. Жиі қайталай берсеңіз, бірте-бірте автоматты дағдыға айналады. Кез келген контентті қарамас бұрын ішіңізден «Керек» не «Керек емес» деген жауап өздігінен келіп тұратын болады.
Бүгінгі таңда өзімізді де, баланы да интернеттен толығымен оқшаулау мүмкін емес. Қанша дегенмен, балалардың сабағына, үлкендердің жұмысына қатысты біраз шаруасы соның көмегімен бітеді. Үй шаруасындағы аналар бала күтіміне, тұрмыс-тіршілікке, аспаздыққа, т.б. қатысты сан алуан ақпарат алады. Дамуды, жаңа білім алып, жаңа мамандық игеруді көздейтіндер үшін де көмегі көп. Алайда, зияны тимейтіндей сауатты қолдануды үйренсек дұрыс болар еді.
Отбасында гаджеттер мен ғаламторды пайдаланудың ережелері бекітілуі керек. Қай уақытта немесе қандай мақсаттарға қолдануға болады және қай кезде қолдануға болмайды деген сияқты нақты шектеулер қажет. Мәселен, «Кешкі сағат 20:00-ден кейін телефон ұстауға болмайды», «Жұмысқа (сабаққа) қатысты сұрақтарға тек 09:00 мен 19:00 арасында ғана жауап беріледі», «Белгілі бір сайтқа кіруге не мынадай контен көруге болмайды» т.с.с. Бекітілген ережеге балалармен қоса, ересектер де бұлжытпай бағынса игі.
Әрине, заман солай деп бәрін өз ағысымен жібере салуға да болады. Бірақ, осылай кете берсе енді бір он-жиырма жылдан соң бір әке-шешеден туған бауырлардың өзі бір-бірін жақсы танымайтын, қызығушылықтарын, мінез-құлықтарын білмейтін болып шығатын секілді. Қоғам адамдармен араласа алмайтын, жүзбе-жүз сөйлеспейтін, тек гаджеттер арқылы байланыс жасайтын тұлғалардан құралатын сияқты. Қорқынышты...
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: