Мамандар ұрыс кезінде сақталатын ережелер бар екенін айтады.
Сөзге келу, ұрыс-керіс біздің өміріміздің ажырамас (қашып құтыла алмайтын) бір бөлігі. Алайда ұрсысқан адамның көңілін қалдырып, жанынын жараламайтындай ұрыса білу керек. Әсіресе ол жан өмірлік серігің болса. Қанша қисынсыз естілгенімен кейде ұрыстың қарым-қатынасқа керек және пайдалы кездері болады. Егер жұптар, ерлі-зайыптылар арасында тартыс, келіспеушілік орын алмаса онда қарым-қатынаста үлкен мәселенің пайда бола бастағаны.
Алайда ұрыстың да ұрысы болады. Психолог мамандар ұрыс кезінде сақталатын ережелер бар екенін айтады. Ұрыс кезінде төмендегі ережелерді сақтай білсеңіз, соңында арадағы қарым-қатынас бұрынғыдан мықты болып беки түсуі мүмкін.
Біріншіден – өкпені іште сақтап немесе жолдасыңызды елемей қоюға болмайды. Көп адамдар ұрыс кезінде ашық текетіреске қарағанда «үнсіз соғыс» дұрыс деп шешеді. Іс жүзінде бұл тәсіл дұрыс болмайды. Оның бағыты өзгеріп кетеді. Үнсіздік пен елемеу қарым-қатынасты іштен бұза бастайды. Сондықтан жолдасыңа жеткізе айтудың дұрыс шешімі – өзіңе не ұнамайтынын тіке айтып ашық сөйлесу.
Екіншіден – ұрыс кезінде не айтып жатқаныңызға мән беріңіз. Көп жағдайда адамдар сезімге беріліп артық сөйлеп қойып жатады. Алайда «айтылған сөз, атылған оқ» оны кері қайтару мүмкін емес. Кейін өкінгенмен бәрі кеш болуы мүмкін. Сондықтан әр айтатын сөзіңізді ойланып барып айтыңыз.
Үшіншіден – сезімге ерік бермеңіз. Кейбір жандар үшін бұл өте қиын көрінуі мүмкін. Әйел баласы сезімге берілгіш жаратылыс қой. Дегенмен өзімен жұмыс істеп, сезімін бақылауға алу кез-келген адамның қолынан келеді. Сезімге ерік берген адам көп нәрсені қайта келместей бүлдіруі мүмкін.
Төртіншіден – ұрыс кезінде қарсы тарапты дәлел дәйексіз айыптаудан сақ болыңыз. Мейлінше өзіңіз және өз сезіміңіз туралы айтуға тырысыңыз.
Бесіншіден – ұрысып жатқан адамды тыңдай біліңіз. Екеуіңіздің іс-әрекетіңізді талдап, саралап көріңіз. Келіспеушілік, ұрыс-керіс жоқ жерден туындамайды. Оның сеебебі бар. Ал себебі бар жерде шешім де бар.
Сондай-ақ ұрыс жанжал кезінде тыйым салынған 5 амал бар:
- Ешқашан жолдасыңызды өзге біреулермен, әсіресе жақын жандармен салыстырмаңыз. Мұндай жағдайдан кейін ұрыс жанжал ары қарай қиындап кетуі мүмкін. Кейін реніш басылғанымен, салыстыру іште ұзақ уақытқа сақталып қалуы мүмкін.
- Болып жатқан жағдайға көңіл тозқтатыңыз. Өткен шақтағы қателіктерді болып жатқан ұрысқа тықпалаудың қажеті жоқ. Бұл жүйкеңіздің артық жұқармауына көмектеседі. Сондай-ақ уақытыңызды үнемдейді, жеңіл ұрыстың үлкен жанжалға айналмауының алдын алады. Мәселені сол жерде, сол мезетте шешу қажет.
- Ұрыс кезінде ешқашан төсектегі қатынасқа қатысты мәселеге ауысып кетпеңіз. Төсекті сөз ету арқылы жолдасыңыздың намысына тиіп кетуіңіз мүмкін.
- «Кетемін», «ажырасамыз», «айрылысамыз» деген сөздерді қолданбау керек. Егер сіз ондай болғанын шын мәнінде қаламасаңыз онда сөзіңізге абай болыңыз. Ал егер мұндай сөзді жай қорқыту үшін пайдалансаңыз, онда сізге келесіде сенбейтін болады. Сондықтан айрылысуға дайын болмасаңыз, ол сөздерді айтпаңыз және жағдайдан шығатын жол ретінде қарастырмаңыз.
- Сонымен бірге ұрыс-керіс кезінде жолдасыңызды сабырға шақыру да орынсыз. Мұндай әрекет ашу тудырады және жанжалдың ары қарай өршуіне алып келеді.
- Баланы арадағы ұрысқа тараластырмаңыз. Егер балаларыңыз болса оларды өз ұрыстарыңызға мүлде араластырмаңыз.
Ұрыс-керісті әдемі аяқтай біліңіз
Ұрыс-керістен кейін бірден мәселенің шешімін тауып, ары қарай ісін жалғастырып кете беретін жағдайлар өте сирек болса да кездеседі. Көп адамның қолынан бұлай жасау келе бермейді. Себебі эмоция сыртқа шыққан соң оны басқару қиын. Алайда ұрыстан кейін бірнеше күн немесе апталап сөйлеспей, ренжіп жүруге болмайды. Бұл жағдайды ушықтырмаса реттелуіне көмектеспейді. Сондықтан мейлінше мәселені сол кезде, сол жерде шешіп тастаңыз. Егер ашуыңызды басып, эмоцияны басқару қиын болса онда ас үйге кіріп тәтті, ерекше бір нәрсе жасауға тырысыңыз. Бұл ойды бөліп, сабырлыққа шақырады.
Әрбір ұрыс-керістен соң әр адам өзін және жолдасын жақсы танып біле түседі.
Дайындаған: Э.Базарбаева,