Көпбалалы отбасындағы өмірді жеңілдетудің ТӘСІЛДЕРІ

0
2 733

Барлық шаруаға үлгеріп, өзіңізге уақыт жеткізу үшін қатаң түрдегі күн тәртібін жасап алу қажет.


Көпбалалы отбасындағы өмірді жеңілдетудің ТӘСІЛДЕРІ

Өмірде бала тәрбиелеп отырған түрлі ата-ана бар. Алайда барлық ата-ананың ойын балалары үшін жайлы жағдай жасау, жақсы тәрбие беру талпынысы біріктіреді. Бірақ бала саны көп отбасыларда бұл жағдай қиындау және ата-ана, әсіресе анасы өзіне қарауға мұршасы келмей жатытыны шындық. Төменде өмірлік тәжерибеден алынған, көпбалалы отбасындағы өмірді жеңілдете түсуге көмектесетін бірнеше кеңесті бағдарға алуға болады.

Ең алдымен ең маңызды нәрселерді параққа немесе дәптерге жазып қойыңыз.


Еңбек ету мен демалыс тәртібі

Барлық шаруаға үлгеріп, өзіңізге уақыт жеткізу үшін қатаң түрдегі күн тәртібін жасап алу қажет. Әрине басында оңай болмауы мүмкін, бірақ уақыт өте оның жеңілдігін сезіне бастайсыз.


Баланың жүретін жолын, баратын жерін жазып қойыңыз

Қазіргі балалардың көпшілігі қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысады. Олар кейде (қалада болса) қаланың бір шетінде болып қалып жатады. Қай жерде болмасын баланың жүретін жолын артық уақытпен есептеңіз. Кептелісте тұрып қалуы немесе бала сабағы мен үйірмесінен ары қарай ойнап кетуі мүмкін. Барлық нәрсені миға сыйғызып қою мүмкін емес. Сондықтан қай күні, қай уақытта қандай қосымша болатыны жөнінде параққа жазып көрінетін жерге іліп қойыңыз. Сонда бала да, сіз де ұмытпайсыз және жүйке жұқартып ұрысып жүрмейсіз.


Міндеттерді бөліп беріңіз

Тұрмыстық шаруаларды балалар арасында бөліп беріңіз. Баланың 3 жастан бастап-ақ көмекші бола алатынын ескеріңіз. Сондықтан әрқайсысына өзінің шамасына қарай шаруаны бөліп берген жөн. Мұндайда сабыр мен табандылық таныту керек. Шамалы уақыттан кейін-ақ балалардың өз аяқ киімін тазалап орнына қойып, ойыншықтарды жинап немесе тамақ ішкен ыдыстарын жуатын жерге апарып қойып жүргенін байқайсыз. Бұл өте ұсақ-түйек шаруа болғанымен қаншама уақытыңызды алар еді.


Азық-түлікті артығымен алып, бір апталық мәзір ойлап тауып қойыңыз

Күнделікті уақытыңызды үнемдеу үшін мүмкін болса аптаға жететін азық түлік алып қойған дұрыс. Ал күнделікті қажетті ұсақ заттарды дүкеннен балалар-ақ әкеледі. Егер осыған қоса бір апталық мәзірді ойлап, қағазға жазып қойсаңыз, бұл сіздің уақытыңызды біршама үнемдейді. Мәзірге қарап қажетті заттарды алдын-ала түгелдеп қоясыз.


Жартылай дайын өнімдер жасап қойыңыз

Жартылай дайын өнімдерді алдын-ала дайындап қою біршама уақыт алады. Сондықтан балалардың демалысында осыны ұйымдастырып дайындап, мұздатқышқа салып қоятын болсаңыз, онда бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді. Сонымен бірге балалар бірігіп жұмыс істеуге, білмегенін білгеннен сұрап тәжірибе жинайды.


Айналаңыздағы жандардың көмегінен бас тартпаңыз

Жақын тұратын көпбалалы отбасымен жақын араласуға тырысыңыз. Бір-біріңізге көмектесіп тұрғанға жақсы. Қажет кезде балаларды қорықпай шамалы уақытқа қарап тұруға тастай аласыз. Мүмкіндік болса кезектесіп балаларды қыдыртуға немесе үйірме, мектепке апаруға жақсы көмек. Ең болмағанда бала тәрбиесі, үй шаруасы жөнінен ой бөлісіп, әңгіме айтасыз.

Аудандық немесе қалалық көпбалалы отбасылар ұйымына қосылып алыңыз

Мұндай ұйымдарға қосылу көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы, жеңілдік тағы да басқа қажетті, пайдалы ақпараттарды алып тұруға көмектеседі.


Әлеуметтік желіде көпбалалы аналармен араласып тұрыңыз

Қазір әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам жоқ шығар. Әлеуметтік желіде өзіңіз секілді көпбалалы аналармен сөйлесіп, пікір алмасып тұру, түрлі кеңестермен бөлісудің пайдасы көп. Бала тәрбиесі жөнінен болсын немесе ас мәзірі болсын бөлісіп, өзгелердің ұсынысын тыңдап, қажеттісін керегіңізге жаратасыз.


Заманауи технология жақсы көмекші

Заманауи технологиялар әлемі біздерге ерекше мүмкіндіктер сыйлап жатыр. Мәселен қазір дүкен, базар аралап уақыт кетірмей қажетті заттарды онлайн тапсырыс жасап сатып алуға болады. Коммуналдық төлемдерді үйден шықпай-ақ төлеу мүмкіндігі бар. Тіпті көптеген құжаттарды үйде отырып реттеуге болады.

Сонымен бірге ғаламтор бір сәт шаруадан, шаршаудан көңіл сергітіп, ой бөлуге мүмкіндік береді.


Өзіңізге уақыт бөліңіз

Бала тәрбиесі – өте үлкен еңбек. Ал көпбалалы отбасында бұл еңбек еселене түседі. Ал бұған үй шаруасы, жұмыс, бала мазасызданған кездегі ұйқысыз түндерді қосыңыз. Бұл жүкті көтеру тек қана аналардың қолынан келеді. Осындай күнделікті қарбаласта әрбір әйел баласы өзін ұмытып кетпеуі керек. Бала сіздің шаршаған, ашушаң, кеш болса төсекке топ ете қалатын түріңізді көрмегені жөн. Олар үшін анасының әдемі, сабырлы болғаны маңызды.

Егер спорт орталықтары мен сұлулық салондарына баруға уақыт пен ақшаның ыңғайы келмесе, оның барлығын ғаламтордағы кеңестерге қарап үйде ұйымдастыруға болады. Ата-ана әрдайым балаға үлгі болуы керек екенін ұмытпауымыз керек.


Егер көпбалалы отбасында махаббат, құрмет пен түсіністік болса онда бар мәселені шешуге болады.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ


БАЛАҒА ұлан-асыр ТУҒАН КҮННІҢ қызығы бар ма?



ҚЫЗЫН ӨКПЕЛЕТКЕН ӘКЕ оның болашағына да КЕСІРІН ТИГІЗЕДІ