Еркектің табысы тікелей әйеліне байланысты.
Ер-азаматының табысы молынан болып тұрса, әйелдердің көбі сырттан сандалып нәпақа іздемес еді. Жолдасы бәріне жеткізіп беріп тұрса, босағаның берекесін кіргізіп, балалардың бабын жасап, күйеудің күйін келтіріп отырған кімге ұнамасын?
Жеткілікті таппай жатқан соң «бір жағына шығысайын, шығынының бір бөлігін жабайын» деп білек сыбанып шыға келеміз. Күйеумен жарысып жұмысқа кетіп жүргенше, ошақ қасында отырып-ақ табысты болуына ықпал ететін әрекеттерді жасасақ қой.
Еріңізбен жағаласып жұмыс жасап, балаларды қараусыз қалдырғанша, мынандай әйел болуға күш салыңыз
СЫМБАТТЫ, ӨЗІН КҮТЕТІН
Әр ер-азамат жанында жұрттан асқан сұлу болмаса да, сымбатты, тартымы бар, өзін күтетін әйелдің болғанын қалайды. Сонымен қатар, мінезі жайлы, ішкі дүниесі бай болуы – ол тіптен арманы. Сол қалауы орындалса, көңілі көкте, жаны жадыраңқы болады. Ал мұндай көңіл-күйде жүрген азаматтың биіктерді бағындырып, жетістік пен табысқа жетпеуі сирек кездесетін жай.
ӨЗІН ДАМЫТУДЫ ҰМЫТПАЙТЫН
Табысты еркек – ақылды еркек. Ал ақылды еркектің жанындағы жарының интеллекті өзіне тең болуға тиіс. Оларға заман көшінен қалмайтын, жан-жақты дамуды ұмытпайтын, өзін тұлға ретінде қалыптастырған әйел ғана қызықты. Білгені мен түйгені бар әйелмен ғана түрлі тақырыпта мазмұнды әңгіме-дүкен құра алады. Көп ретте ерлі-зайыптылар арасындағы маңызды да мазмұнды әңгіме-дүкендер жақсы идеялар тудырып, соңы кірісі мол кәсіпке ұласып жатады.
ӨЗІН ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАТЫН
Өзіне сенімді, қандай жағдайда да өзін алып шыға алатын әйел қашан да құрметті. Ол өз бағасын біледі, өмірін біреуге билетпейді. Өзі үшін ненің маңызды, ненің маңызы жоқ екенін де өзі белгілейді. Сондай-ақ, өзгенің де шекарасын, тұлғалық ерекшеліктерін құрметтей біледі. Мұндай әйелмен бір шаңырақ астында өмір сүру ер-азамат үшін оңай әрі жайлы. Өйткені түрлі тұрмыстық мәселе, мінез-құлық сәйкессіздігінен туындайтын қиындықтармен басы қатпайды. Басы қатпаған, ойы жинақы, миы тынық еркектің жетістікті әрі табысты болу мүмкіндігі де арта түседі.
ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ОРНЫ МЕН ШЕГІН БІЛЕТІН
Сырттай қатты көрінгенмен, әр ер-азаматтың ішінде бір әлсіз бала жатыр. Сыртқа білдіргісі келмейді, алайда кей кездері оған қамқорлық, мейірім қажет болады. Жан жары осындай сәтті асқан сезімталдықпен түйсініп, тиісінше мейірім төгіп, қамқорлығын көрсете алса, бұл – ері үшін үлкен қолдау. Мұндай қолдауға ие болған күйеу отбасы үшін бәрін жасайтын болады. Бар ынтасын, күшін салып жасаған жұмыстан табыс та тез келеді. Тек, отанасы қамқорлықты шегінен шығарып, орынсыз қолданып, күйеуінің анасына айналып кетпесе болғаны.
ӨМІРІНЕ РАЗЫ
Ешкімнің өмірі біркелкі жақсы не біркелкі жаман өтпейді. Өміріне риза болу – әркімнің өзіне байланысты. Барлық жағдайға разылық танытып, әр нәрсенің жақсы жағын көріп, үнемі күліп жүретін жандардың айналасы позитивке толы болады. Бұл күйеуге әсер етпей қоймайды, әрине. Позитивті ортаға жетістік те, табыс та тез келеді.
ӘЛСІЗ БОЛЫП КӨРІНЕ АЛАТЫН
Ерлер үшін өзінің әйелі алдындағы басымдығын, мықтылығын сезіну маңызды. Сондықтан, үнемі оның көмегінсіз көп нәрсеге шамаңыз келмейтінін білдіріп, сезіндіріп отыру қажет. Әсіресе, қызметіңізге қатысты бір мәселенің шешімін тауып беруді сұрап тұрудың орны ерекше. Сіздің мәселеңізді шешу арқылы бойындағы нағыз ер-азаматқа тән қасиеттер мен кәсіби қабілеттері беки түседі. Тек, бұл ретте әлсіз әйел болу мен ақымақ, өз қолынан ештеңе келмейтін епсіз болып көрінудің ара жігін ажырата білу керек.
Аударған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: