Осы қатеңізді түзесеңіз, күйеуіңіз де түзеледі
Кей әйелдер күйеуін «тұңғыш балам» деп әзіл-шынын араластыра атап жатады. Жолдасына деген мұндай қарым-қатынас отбасын әйтеуір бір күні ерлі-зайыптылар теңсіздігіне, әркімнің өз тиісті орнынан адасуына алып келеді. Әйел – үлкен жауапкершілік арқалаған отбасының арқасүйеріне, еркек – бәріне жеңіл қарап, қиын жағдайларды әйеліне ысыра салатын бұлғаңдаған балаға айналады. Ол бірте-бірте отбасы алдындағы ер-азамат, әке ретіндегі рөлінен айрыла бастайды. Осыдан келіп түсініспеушіліктердің туындауы заңдылық. Мәселе ушықса, аяғы ажырасумен тынуы да ғажап емес.
Осынша мәселенің бастауы – зілсіз әзіл, күйеуіне әйел емес, ана болуға ұмтылу, кейбір жауапкершіліктерді өз мойнына ала салу, еркектің өзіне жеңіл болатын жағын қарастырып, міндеттерін жұбайымен бөлісуі, әйеліне еркелеуі сынды көзге көрінбес қателер.
Егер осындай жағдай сізге ұнамаса, күйеуді өзіңізге бала қылып алмаңыз. Ол үшін мына әдеттер мен әрекеттерді жасамасаңыз болғаны.
Тұрақты ескертулер мен бақылау
«Ананы ұмытпа», «Мынаны киіп ал», «Жылы жүр, жаурап қалма», «Жуынып, жарықты өшіріп кел», «Қайда барасың? Қайдан келдің? Кіммен болдың?» - осындай ескертулер мен бақылау, сұрақтың астына алу, сақтандыру сөздерін жиі айтасыз ба? Ендеше еріңіздің отбасы үшін жауапты екенін ұмытып, қорған болуға ұмтылуына өзіңіз тосқауыл қойып жатырсыз. Жақын арада ол балалар түгілі, өзіне қатысты істерде де жауапкершілікті өз иығынан алып, сізге іліп беретініне күмәніңіз болмасын.
Қаржылай көшбасшы болуға ұмтылу
«Үйде ақшаны кім ұстайды? Кім көбірек табады?» деген сұрақтар неге көп талқыланады? Өйткені, күйеудің өзін нағыз еркек ретінде сезінуі үшін қаржылай басшы әрі көшбасшы екенін білуі өте маңызды. Сонда ғана ол отбасы үшін бәрін беруге, жасауға дайын болады. Өзінің ер-азаматқа тән міндеттерін мінсіз орындап, жауапкершілігін толық сезінеді. Ал әйелінің «Тапқаныңды менің алақаныма сал. Менің табысым сенікінен көбірек» деген мазмұндағы сөзі не осы ойға әкелетін әрекеттері, отбасылық қаражатты өзі ұстауға таласуы күйеуін әлсіретеді әрі ызаландырады.
Жауапкершілік жүгін бөлісу
Еш жерде жазылмаса да, ықылым заманнан қалыптасқан ер мен әйелдің өзіне тиісті міндеттері мен жауапкершіліктері бар. Егер әйел өзі құлшынып немесе «ерім жалқау, епсіз, істегісі келмейді» т.с.с. сылтаулармен ер-азаматтың міндеттерін мойнына алатын болса, бірте-бірте оның басымдығы арта береді. Күйеуіне анасындай қарап, бар ауыртпалығын арқалап, ол қаламаған істі орнына өзі жасай салуға әдеттенсе, бұл жүкті қайта сілкіп тастау қиын болады. Әйеліне әбден сеніп алған күйеу де күн санап өзінің рөлінен алыстай береді. Нәтижесінде өзінің әйелдік, аналық міндеттерін орындауға әл-дәрмені қалмайды.
Баладан алшақ ұстау
Күйеуіңіз балаларыңызға бірер сағат болсын қарап отырғысы келмей меМүмкін сіз оған сеніп тапсыра алмайтын шығарсыз? Ендеше, ол сізге күйеу емес, балаңыздай болып кеткенінің анық белгісі осы. Бала балаға қайдан қарасын? Еркекті «еркетайым емес, ерім болсын» десеңіз, баланың өміріне белсенді араластырыңыз. Балаға бір мезгіл болсын қарау, ол үшін жауапкершілік алу, керек-жарағына миын ашыту – әкелік міндеті.
Кішкентай бала секілді сөйлесу
Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жылы сөз айтып, еркелеткендері өте жарасымды. Алайда, соқталдай еркекті «балапан», «ботақан», «кімнің-кімнің күйеуі?» деп еркелету тым артық. Иә, біртүрлі естіледі, бірақ, шын мәнінде осылай еркелететіндер бар. Одан бөлек, күйеумен сөйлескенде кішкене бала секілді көріп, әр сөзді жіктеп түсіндіріп, әр қадамын жіліктеп айтып үйрету де әйел тарапынан дұрыс әрекет болмайды. Бұл сөздердің орнына күйеудің жасын, қызметін, қабілеттері мен жақсы қасиеттерін, т.с.с. ескеріп айтылған мақтау-мадақтау әлдеқайда жақсы.
Ерлі-зайыптылардың бір-біріне қамқорлық жасауы, көмектесуі, қолдауы дұрыс-ақ. Алайда, оны анасы ретінде емес, әйелі ретінде жасаңыз. Оның да балаңыз болмай, күйеу рөлін ретімен орындауын бақылауда ұстаңыз. Жоғарыда тізбектелген қателіктерді жасаудан сақтансаңыз, «ана-бала» қарым-қатынасына өту мүмкіндігі біраз азаяды.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: