​Қызыңызды ЕШҚАШАН бұлай АТАМАҢЫЗ!

0
4 886


​Қызыңызды ЕШҚАШАН бұлай АТАМАҢЫЗ!

Балалардың мінез-құлқы, ерекшеліктері кішкентайынан қалыптасады. Әр көрген көз алдындағы көрініс, естіген сөзі жадында жатталмаса да, санасында ізін қалдырады. Өкінішке орай кей ата-аналар осыны ескермей, бала алдында әркеттері мен сөздерін бақылауда ұстауды ұмытады.

Әсіресе, қыз баланың сана-сезімі сөздер мен әрекеттер алдында әлсіз келеді. Қалжыңдап айтқанды шынайы, ашумен ауыздан шығып кеткенді жүрекке жақын қабылдайды. Сондықтан қыз перзентіңізге бірдеңе айтар алдында ойланып алыңыз. Әсіресе оны мынадай сөздермен атаудан мүлде аулақ болыңыз.


«АҚЫЛДЫМ»

«Ақылдым» деген, жалпы алғанда, мақтау сөзге жатады. Алайда баланы үнемі осылай атау оның миына «Сен – ақылдысың, басқаша болуың мүмкін емес!» деген қатаң қағида орнатады. Бала «барлық уақытта ақылдылық танытуға міндеттімін, ақымақтыққа жол беруге қақым жоқ» деп ойлайды. Мұның соңы перфекционизм – мінсіздікке ұмтылу дағдысына алып келеді. Перфекционизммен өмір сүру қиын. Ешқашан өзіне, өз еңбегіне көңілі толмау, кішкентай қатенің өзін қабылдай алмау, ол үшін өзін жазғыру, түзетуге тырысу – мұның бәрі өмірді жеңіл әрі ләззат ала сүруге көп кедергі. Сондықтан «Ақылдым» деп атау арқылы қызыңызды ең ақылды болуға міндеттемеңіз. Шын мәнінде ақылын көрсететін іс жасағанда ғана осылай бір мақтап қойыңыз.


«ЖЫЛАУЫҚ»

Қыз балалар сезімтал келеді. Кез келгенді көңілге алып, көзі мөлтілдеп шыға келуі мүмкін. Сондайда аузыңыздан «жылауық» деген сөз шықса, көңілін одан әрі жығасыз.. Бұл жылауын одан әрі үдетуіне әрі ата-анасынан қолдау көрмей, өмір бойына іштей жылап жүруіне себеп болады. Негативті атау таңбаңыз, «соған да жылай ма» дегендей сөздермен эмоциясын құнсыздандырмаңыз, тыйым да салмаңыз. Жағымсыз эмоциясын толықтай шығарып алуына мүмкіндік беріңіз. Тынышталған соң оны түсінетініңізді, қандай жағдай болса да қолдауға дайын екеніңізді, эмоцияны басқарудың пайдасы мен жолдарын, көп жылаудың өзіне қандай зияны барын жаймен түсіндіріңіз. Сонда «жылауық» емес, қайратты, ішкі рухы мықты қыз тәрбиелеп шығарасыз.


«ХАНШАЙЫМ»

Бұл сөзді қыздар да, ата-аналар да жақсы көреді. Себебі, расында керемет сөз. Өзін осылай атағанын естіген кез келген қыз бала қуанады. Алайда қызыңызды үнемі «Ханшайымым» деп төбеңізге көтерудің де түбінде зардабы болмай тұрмайды екен. Психологтардың айтуынша, бұл қателіктің соңы «Ханшайымның» өзін өзгелерден биік санап, тәкәппар, менмен әрі өзімшіл болуына әкеледі екен. Тағы бір салдары – қыз баланың жан-дүниеге, рухани байлыққа, ішкі мазмұнға емес, сырт келбет, сыртқы сұлулық, дүниелік жылтыраққа ғана қызығушылығының негізін қалайтын көрінеді. Сондықтан әр нәрсенің шегі мен мөлшерін білген жөн.

«БАСТЫҚ»

Ата-аналардың балаларын «Біздің үйдің бастығы» деп атап жатқанын жиі естиміз. Бірақ бұл атау ұл балаға қатысты ғана айтылуға тиіс. Ал қазақы менталитетке сай тәрбиеде қыз баланы «Бастық» деп атау орынсыз. Өзінің осы үйдің бастығы сайланғанын әкесінің аузынан естіп, анасының сөзімен бекітіп өскен қыз баланың бойында осы образ қалыптасып қалады. Ол өзін барлық жерде басшы, жетекші рөлінде ұстайды. Бірбеткей, қатаң мінез, қаттылық қалыптасады. Бұл үлкен өмірде, кәсіпте, мансап жолында жақсы болар. Алайда, отбасын құрғанда осы рөлден шыға алмай қалса, талай қиындыққа тап болады. Күйеумен билікке таласу, барлық жерде тепе-тең болуға тырысу, онымен бәсекеге түсіп, өзін дәлелдеуге ұмтылу отағасылардың көбіне ұнай қоймайтыны анық.


«ЕБЕДЕЙСІЗ»

«Епсіз», «Салақ», «Ұқыпсыз» – қыз баланың іс-қимылына, сырт келбетіне қатысты осындай сөздерді қолдану оның меселін қатты қайтарады. Әрине, еш ата-ана жаман болсын деп айтпайды. Қызының ұқыпты, жинақы, пысық, таза жүргенін қалайды. Алайда, жоғарыдағыдай сөздерді таңу арқылы ол мақсатқа жете алмайсыз, керісінше алыстай түсесіз. Келесіде «былай жаса», «былай жүр» дегенде ол іштей «Не үшін олай жасаймын? Маған осы да болады. Өйткені мен ұқыпсызбын (салақпын, ебедейсізбін, т.с.с.) ғой» деп ойлап тұрады. Сондықтан, қызыңыз бірнәрсені дұрыс жасамағанда «епсізсіз» деп кінәлай кетпей, «Бүгін жасағаның онша болмай қалыпты, келесіде бұдан да жақсы жасауға тырысасың, иә?» дегендей сөздермен демеу беріп қойыңыз.

«Қызыма тек жақсы сөздер айтсам, жақсы әсерін береді» немесе «Жаман сөздермен намысына тисем, жақсы жаққа өзгеруге тырысады» - бұл ойлардың екеуі де қате. Жақсы сөздердің ішінен де қолдануға болмайтынын теріп алып тастау қажет. Жаман сөзбен намысына тиіп өзгертуге тырысу орнына, дұрыс сөзбен демеу беру керек.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Хит ойыншықтар – поп-ит пен симпл-димпл жайлы Сіз білмейтін шындық