Отбасында ӘЙЕЛДІҢ БИЛІГІ жүріп кетпесін десеңіз... (Ерлерге арналған кеңес)

0
18 210


Отбасында ӘЙЕЛДІҢ БИЛІГІ жүріп кетпесін десеңіз...  (Ерлерге арналған кеңес)

Арулар - нәзік жанды, ұяң, сонымен қатар, жанында жүрген ер-азаматтардан аялауды, қорғауды, қамқор болуды күтетіні аян.

«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деген дөрекілеу болса да ел арасында кеңінен тараған сөз бар. Сол бойжеткенге есі кете ғашық болып, үйленгеннен кейін отбасылық өмірдің түрлі бұралаң жолдарында әйелдің «өзгере» бастағанын сезген отағасылардың көп қолданатын сөзі бұл.


Шыны керек, «ауруын жасырған өледі» дегендей, қоғамда әйелінің «көңілін жықпай», достарынан жырақтап, ағайын-туыспен де қарым-қатынасына сызат түскен ер-азаматтардың басындағы жағдайларды да кездестіріп қаламыз. Мұның себебі неде?

Егер де айтқан жерден аулақ, сіз де осындай қиын жағдайдан шыға алмай жатқан болсаңыз, мына кеңесімізге құлақ түріп, кәдеңізге жарата жүрерсіз деген ойдамыз.


ЕРКЕКТІҢ өзі кінәлі

Әйелінің айтқанынан шыға алмай қалу (подкаблучник) деген түсінік қазірде жиі қолданылып жүргенімен, бұл түсініктің төркіні негізі Англиядан шыққан. Яғни, отбасында ер адамға қарағанда, әйелдің рӨлі басымырақ. Отағасының орны төр болғанымен, әйел билігі үстемдік қылса, демек, «түсінікті» тілмен айтқанда, еркек «подкаблучник» деген сөз.

Бұл түсінік те өздігінен қалыптаспайды. Еркектің әлсіздігіне орай, әйел күшті болуға, билікті өз қолына «амалсыздан» алуға тырысады. Содан әйелінің «айтқанымен жүріп, айдауына көнген» ерлерді көргенде мысқылдап осы сөзді айтады. Мұндай сөз әрбір еркектің намысына тиеді. Намысына тиетін осы сөзді естіген әрбір еркек не істейді? Міндетті түрде үйіне барып жанжал шығарады. Бар күшін әйеліне көрсетіп, тіпті, соңы ұрып-соғуға дейін жетуі мүмкін. Мұның салдарынан екі тарап та, яғни, отағасы мен отанасы психологиялық тұрғыда зардап шегеді. Оның кесірі ортадағы балаларға да тиіп кетуі мүмкін.

Сондықтан, мұндай жағдайды болдырмас үшін алдын алу керек. «Баланы жастан, қатынды бастан» дегендей, ортадағы түсіністік пен ынтымақтастықты өзара ымырамен шешіп алғандары дұрыс.


Қыз-жігіт кезіндегі қарым-қатынас

Махаббатқа келгенде ер адам алғашқы қадамды жасауы керек. Көңіліне ұнаған сұлудың жүрегін жаулап алуға бар күшін жұмсайды. Бұл әрекет бір жағынан алып қарағанда сүйген жүректің ісі. Бірақ, есіңізде болсын, мұндай мәміле орнатудың соңы тек қана өзіңіздің өкінішіңізбен аяқталуы да мүмкін.

Өйткені, үнемі сүйген адамыңыздың ғана қалауын орындап, өз талаптарыңызды шектесеңіз, ол осыған әбден үйреніп алады да, тізгінді өз қолына оп-оңай ала салады. Осылай уақыт өте келе тек өзіне ғана тиісті ұсақ-түйек жұмыстарды да сіздің мойныңызға іліп қоя салудан қымсынбайтын болады. Ал сіздің «мен оны сүйем, сондықтан, мен ол қыз үшін барлығына да дайынмын» деген ойыңыз өзіңізге таяқ болып тиетінін ұмытпаңыз.

Тіпті, кейбір қыздар мұндай шектен тыс «өбектеуден» жалығып, ер-азаматқа тән қасиеті бар, мысы басып тұратын ер-азаматқа қарай көңілі ауып кетуінің де қаупі бар.


ОТБАСЫНДА

Отбасы - екі адамның өзара жарасымдылығы мен ортақ келісімінің нәтижесінде құрылады. Шаңырақтың іргесінің беріктігі, оны қорғау әрине, ең алдымен отағасының, отбасы басшысының міндеті. Бірақ, отағасы жауапкершілікті мойнына ала алмайтын болса, қаншалықты көнбіс, момын, жуас келіншек болса да, күшіне мінуге мәжбүр болады. Айналаңыздағы ағайын-туыс, дос-жарандардың «қатынжанды еркексің, әйеліңнің айтқанынан шыға алмайсың» деген ауыр сөзіне тек өзіңіз ғана кінәлісіз. Мұндай сөзді естіген еркек әрине, шыдап тұра алмайды. Отбасында жанжал шығарып, ыдыс-аяқты шағып тастауы мүмкін.

Ал, береке мен тыныштық болмаған үйден әйел де кеткісі келеді. Отбасының бұзылуы да осындай жағдайдан да пайда болуы мүмкін. Еркектің әлсіз болғаны да ажырасудың бір себебі бола алады.


НЕГІЗГІ 7 СЕБЕП


1. Ең негізгі ереже: Отбасындағы билікті қолдан шығарып алмайын десеңіз, жауапкершіліктен, қиындықтан, мәселені шешуден қашпаңыз. Отбасыңызға жеткілікті көңіл бөліп, қаржылай қамтамасыз етіп отырыңыз.


2. Шешім қабылдарда әйеліңізбен ақылдасыңыз, ақылдаспаңыз демейміз. Оның да ойын білген маңызды. Бірақ, оның пікірі сіздің көңіліңізге қонбай, дұрыс емес пікір айтып отырса да «ләппай» деп қолдай кетпей, өз пікіріңіздің дұрыстығына көзіңіз жетіп отырса, соны дәлелдей біліңіз және жарыңыздың да сол пікіріңіздің дұрыстығына көзін жеткізе біліңіз. Содан кейін ол сізге сенетін болады.


3. Отбасын асырау - ер адамның міндеті. Әйел адам үй шаруасымен, бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуы үшін жағдайын жасаңыз. Сонымен қатар, үйдегі азық-түлік, балалардың киімі секілді заттарды сатып аларда міндетті түрде әйеліңіздің араласқанын қолдаңыз. Өйткені, мүлдем билікті бермеу, оның пікірін елемеу де оның өзін өзі бағалауын кемітіп, өзін бақытты әйел ретінде сезінуіне мүмкіндік бермейді.


4. Уәдеңізге берік болыңыз! Қандай да бір шешімді қабылдап, отбасыңыздың бір мүшесіне уәде берсеңіз, оны міндетті түрде орындаңыз. Егер қолыңыздан келмей жатса, алдарқатып, құрғақ уәдемен алдамаңыз. Көңілін қалдырмаңыз! Өйткені, сенімнен шықсаңыз да, әйел сізге сенбегендіктен, шаруаны өз қолына алуға ұмтылады.


5. Билікті қолдан беріп қоям деп қорқу. «Әйелім отбасындағы басты адам болып, билікті өз қолына алып қоймасын» деген қорқынышпен, шектен шыққан әрекеттерге барып, әйелді таптай көрмеңіз! Мәселе туындаса, «тек өзім шешем! Өзім білем» деп жарыңызды адам санатынан «шығарып тастау» да оның көңіліне тиеді. Тіпті, жүрегі жараланып, сізге деген құрметі қалмай, қарсыласуға «өзін дәлелдеуге» тырысуы мүмкін. нәтижесінде бір-біріңізге бағынбай, ұрыс-керіс орын алады. Оның шамына тиіп, ашуландырып алудан сақтаныңыз. Мәселе туындаса, ең дұрысы, ортаға салып, талқылаған дұрыс. Сонда ешкім де өкпелемейді.


6. "Үй шаруасы - әйелдің міндеті". Қазан-ошаққа араласып, асханаға кірісе бермеңіз. Егер оған көмек керек болып жатса, сізден өзі көмек сұраса, көмек көрсетуден бас тартпаңыз. Өйткені, жалғыз әйелдің барлығына бірдей үлгеруі қиын. Егер сіз оның өтінішін жерге тастамай, көмек берсеңіз, оның сізге деген сүйіспеншілігі одан сайын арта түседі.


7. Әйеліңіздің әрбір өтінішін бұлжытпай орындаудан гөрі, неліктен орындай алмайтыныңызды түсіндіре біліңіз! Достарыңызбен басқосуға жиналып жатқанда жарыңыздың «бармай-ақ қойшы» деген сөзіне бірден көне кетпеңіз. Оның орнына достарыңыздың сізді сыйлағандықтан шақырып жатқанын түсіндіріңіз. Еркелетіп, маңдайынан сүйіп қойыңыз.


Қысқасы, дауыс көтермей, жылы мәміле орнатсаңыз, шешілмейтін түйін жоқ. Жарыңыз да сізді түсінеді және айтқаныңызға көнеді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Үйдің үлкенін де, кішісін де тәрбиелеудің ЕҢ ТИІМДІ ӘДІСІ

Оқу үлгерімі нашар балаға НЕГЕ шахмат ойынын үйрету керек?