Өз ӨМІРІҢІЗДІ өзіңіз ҚИЫНДАТПАҢЫЗ

0
2 102

Пандемия кесірінен "Болашағымыз қандай болады?" деп сіз де қорқып жүрсіз бе?


Өз ӨМІРІҢІЗДІ өзіңіз ҚИЫНДАТПАҢЫЗ

Күнделікті болып жатқан қиын жағдайлар... жан-жақтан келіп жатқан жағымсыз жаңалықтар... толастаған табыс... туған-туыстардан жайсыз хабар... Иә, бүгінгі күн кімге болсын оңай тимей тұр. Әлемді жайлаған пандемия экономика мен финансты ғана емес, адамдардың психологиялық жай-күйін де құлдыратып жіберді. Вирустан да жылдам таралған үрей көптің көңілін жаулап алған. Ертеңгі күнге деген уайым, қорқыныш қабақтарды қарс жапты. Сіз де солардың бірі болып жүрсіз бе?


Ойланып көріңізші, бұл үрейдің сізге титтей де болсын пайдасы бар ма? Жоқ! Керісінше, зияны көп. Ендеше, өзіңізді қолға алып, қорқыныштан арылуға қадам жасаңыз.


  • Ең алдымен, ауру жұқтырып алудан не болашақтағы белгісіздіктен қорыққан жанашыр жақынызды елестетіңіз. Оған не айтар едіңіз? Жағымсыз жайларды сөз етіп, зәре-құтын одан ары қашырасыз ба? Әлде сабырға шақырып, үмітін үзбеуге тырысып, үрейінен арылтуға тырысасыз ба? Саналы адам екіншісін жасайды. Сол сияқты өзіңіздің өзіңіз үшін ең жақын, ең жанашыр адам екеніңізді есте ұстап, үнемі сабырға шақырумен болыңыз.
  • Эмоцияңызды бақылауда ұстаңыз. Үрей, қорқыныш деген бой берсең басына беретін сезімдер. Жетегінде кетпей, дер кезінде ауыздықтай білетіндерден аулақ жүреді. Солармен бірге біреуді кінәлау, ашулану, ашыну сияқты сезімдер де артық. Олардың орнына жарқын эмоцияларға көптеп жол беріңіз. Жарқын эмоция шақыратын жағдайларды өз қолыңызбен жасаңыз. Көп ұзамай-ақ бойыңыздағы оптимизм, позитив оты қайта тұтанады.
  • Ақпараттық шабуылдан сақ болыңыз. Дәл қазігі уақытта айналамызда ақпараттық соғыс жүруде. Айтылғанның бәріне сене бермеңіз. Олардың астарына үңіліп, расы мен жалғанын ажыратуға ден қойыңыз. Рас болған күнің өзінде жүрекпен емес, мимен ғана қабылдаңыз.
  • Миды, ойды артық ақпараттан, жағымсыз жаңалықтан жиі тазартып тұрыңыз. Сіздің жүйкеңізді не тыныштандырады, соны жасап тұруды ұмытпаңыз. Ол – әуен тыңдау, кітап оқу, табиғат аясында серуендеу, балалармен ойнау, қолөнермен айналысу, т.с.с. болуы мүмкін. Жан-дүниеңіздің тыныштығының рецепті өзіңізге ғана мәлім. Ендеше «өзгелер не істеп жатыр, не айтып жатыр» деп жалтақтамай, өзіңізге керекті жасаңыз.
  • Бес-он жылдан кейінгі өміріңізді елестетіңіз. Барынша жақсы нәрсе, жетістіктер көруге тырысыңыз. Армандарыңыздың орындалған сәтін көз алдыңызға келтіріңіз. Сол сәтте бастан кешіретін жарқын эмоцияларды сезінуге тырысыңыз. Осы қиялдың өзі көңілдегі үрейді жойып, үміт отының маздауына сеп болады.
  • Көңіліңізден шықпайтын қандай жағдайды өзгерте аласыз? Неге әліңіз жетеді? Қолыңыздан не келеді? Осы сұрақтарға шынайы жауап іздеңіз. Шамаңыз жетерлік іс болса, әрекетке көшіңіз. Сіз арқалай алмайтын жүк болса, оны да шынайы мойындап, қабылдап, арқадан аударып тастаған жөн.
  • Өткенді еске түсіріп не болашақты елестеткеннен көрі бүгінгі күнмен өмір сүрген тиімді әрі ұтымды болары анық. Болашақтың іргесінің нық қалануы да бүгінгі күнгі өмір сапасына байланысты. Осы шындықты мойындағандар салын суға кетірмей, келешек үшін бүгін тынбай еңбектенуде. Сіз де сөйтіңіз.
  • Спортпен айналысыңыз. Ол үшін спортзал не алаңға бару шарт емес. Көп уақыт пен күш жұмсап тер төгудің де қажеті шамалы. Жай ғана он минуттық таңғы жаттығу, кешкілік йога, керіліп-созылу, билеу сияқтылардың өзі жеткілікті. Нәтижесінде ағзадағы дофамин деңгейі көтеріледі. Ол өз кезегінде көңілге қуаныш, жүрекке нұр құйып, стресске қарсы күресетін күш береді.
  • Бойыңызда «ауру жұқтырып алам ба» деген қорқыныш пайда болды ма? Түбегейлі билеп алғанын қаламайсыз ғой. Ендеше, деннің саулығына қатты көңіл бөліңіз. Құнарлы, пайдалы тағам тұтыныңыз. Дәрумен қабылдаңыз. Денсаулық үшін пайдалы болатын шараның бәрін жасауды әдетке айналдырыңыз. Сәйкесінше, зиянды деген әдеттерден арылыңыз.
  • Күнделікті өмірге көркемөнер туындыларын жұбаныш етіңіз. Биік өнерге аса жақын емеспін, түсінбеймін десеңіз, тым болмаса кино қараңыз. Боевик емес, қорқынышты кино не комедия емес, көркемфильм жанрын таңдаңыз. Басқа жанрлар жағдайыңызды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан соңы хэппи-энд болып бітетін, кейіпкерлер күресте жеңіп шығатын киноларды тамашалаңыз.
  • Жақындарыңызбен уақытты көбірек өткізіңіз. Жай өткізу емес, әр сәтінің көңілді, жағымды, есте қаларлықтай болуы үшін атсалысыңыз. Олардың жылуы мен махаббаты, жақындарыңыздың алдындағы жауапкершілік жаман ойлар жетегінде кетуге жол бермейді.

Өмір – қысқа. Қажетсіз, зиянды нәрселерге оңды-солды жұмсайтындай өлшеусіз емес. Мейлі, ауру болсын, басқа болсын, әйтеуір бір күні түгесілері анық. Сондықтан, әр минутын жақсы өткізуге тырысыңыз.

Дайындаған: Ару Мұхамеджан,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Ақылды ӘЙЕЛ КҮЙЕУІНЕ бұл сөздерді АЙТПАЙДЫ