Еркектің МЫНАДАЙ түрлерінен аулақ жүрген жөн...
фотолар ғаламтордан
Табиғат ер-азаматты жүректі, қара күш иесі етіп жаратса, әйелдің рөлі қамқорлыққа әрі нәзіктікке толы. Қашанда әрбір әйел баласы өмірде масыл, өз-өзін алып жүре алмайтын ер-азаматты емес, мықты, қорған бола білетін ерді қалайтыны белгілі. Ендеше өмірден өз жарын іздеген қыз-келіншектер қателікке бой алдырмас үшін, ер-азаматтың әлсіздігін байқататын бойындағы кей қасиеттері туралы кеңес ұсынамыз.
Тез ренжіп, өкпелеп қалады
Кез-келген сөзді көңіліне жақын қабылдап, не болса соған өкпелей жөнелетін жігіттер нағыз ер-азаматтан гөрі кербез қыздарға көбірек ұқсап кетеді. Өкпешіл қасиет әлсіздерге тән дүние. Себебі осы әрекетпен олар бірден өздерін жақсы, өзгелердің бәрін жаман етіп көрсетеді.
Жауапкершіліктің барлығын басқаға аударады
Әлсіз еркек жауапкершіліктен қорқады. Жауапкершілікке шамалы ғана емеурін білдірсеңіз, кез-келген амалмен оны өзгелерге аударуға тырысады. Ол жанның кім екеніне де қарамайды. Мұндай ер азаматтар жұмыста қиын жобалар болса, оны жылдам шешім қабылдай алатын әріптесіне қарай итермелейді. Ал қыз-келіншектермен қарым-қатынаста бар жүкті, жауапкершілікті әйелдің алып жүруіне күшін салады.
Басқалардың өзін аяғанын жақсы көреді
Ең әлсіз ер-азаматтар - қиындыққа тап келгенде анасының артына тығылатын қорқақ, жұбатуды керек етіп тұратын кішкентай бала секілді көрінеді. Мұндай жігіттер өзін құрбан етіп көрсетіп, өзгелердің аянышын тудырғанды қалап тұрады. Олар үшін өзгелердің аяушылық сезімі өз әлсіздігін әдемі етіп көрсетуге тамаша тұздық іспеттес. Сондықтан мұндай азаматқа жолыққан әйел, оны үнемі қорғап, шешімді өзі қабылдауына тура келеді.
Айналасындағы жандарға қызғанышпен қарайды
Мінезі әлсіз ер-азаматтар айналасындағы өзге жандардың жетістіктерін өте қиын қабылдап, қызғанышпен қарайды. Тіпті жетістікке жеткен жанның ер, әйел екенін ажыратпайды, оның туыс, дос немесе әріптес екеніне де мән бермейді. Мұндай азаматтар әу бастан өздері ештеңеге қол жеткзе алмайды және биікке көтерілу үшін тәуекелге баруға да жүрексінеді. Ал бірақ биікке жеткен өзгелердің жетістігін қызғануға қорықпайды.
Нақты жоспары мен айқын алға қойған мақсаты жоқ
Әлсіз мінезді жігіттер өмір ағысымен ғана жүріп, алға ұмтылуға, өзгеріс жасауға ешқандай әркет етіп, күш салмайды. Егер мұндай азаматтан өмірден не қалайтынын сұрасаңыз, одан мардымды, тұшымды, нақты жауап алу мүмкін емес. Дәл осындай, нақты жоспары жоқ жігіттің жары үнемі екіұдай сезімде жүреді. Себебі жолдасы анық ештеңе айтпай «ертең көремізбен» тойдырады.
Алдымен өзін ойлайды
Өзімшіл жандардың көпшілігі әлсіз мінезді келеді. Себебі олар ең алдымен өзін жақсы көреді. Ал мұндай ер азаматтардың талап ететін нәрсесі таусылмайды, үнемі өз сезімі үшін уайымдап жанындағы жарының сөзін естімейді. Сондықтан өзімшіл жігіттердің жары көп ретте өз-өзін кінәлау сезіміне ерік береді, тіпті ешқандай кінәсі болмаса да.
Өзін сырт көзге ұстамды етіп көрсетеді
Әлсіз адамдар өз эмоциясын көрсетіп, өзіне не қажет екенін, не ұнайтынын ашық айта алмайды. Мұндай ер азаматтар өз рөліне өзі ұзақ шыдап, көңілі толмайтын жайттарды жасырып, ренішін ішіне жинап жүре алады. Алайда бір кезде осы шыдам біткен кезде нағыз жарылыс орын алады. Ондай кезде өзінің ер азамат екеніне қарамай айғайлап, тіпті жылап та алуы мүмкін.
Өз қателігін мойындамайды
Әлсіз мінезді ер-азамат әрбір қателігін өзінен емес өзгеден көреді. Мұндай жігіттер ептілікпен жағдайдан шығып кетіп бар істі, жауапкершілікті өзгелерге жаба салады. Қарым қатынаста да осы жағдай қайталанады. Соңынан қыздар кінәлі болып шыға келеді. Батыл, мықты жігіт өзіне ұнамаған нәрсені ішіне бүкпей ашық айта алады. Айтып қана қоймай жағдайды өзгертіп, жақсартуға күш салады.
Дайындаған: Э. Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Балаңыз сабақ ОҚЫҒЫСЫ КЕЛМЕЙ ме? БЫЛАЙ ЖАСАҢЫЗ...