Біреу емес, бірнешеу...
Жалқаулық – адам бойындағы жаман әдеттердің бірі. Яғни, ол күнделікті қайталанатын әдетке айналып кетсе, жаман. Ал, анда-санда, жаныңыз қалағанда өзіңізге «жалқаудың бір күнін» кешуге рұқсат беріп тұрсаңыз, оның пайдалы жағы да жоқ емес. Мәселен...
... ТЫНЫҚТЫРАДЫ
Ағзаны – күнделікті тынымсыз қозғалыстан, физикалық ауырлықтан... Миды – мазасыз, шырмап алған шытырман ойлардан... Ойды – ретсіздіктен, жүйесіздіктен.. Жүйкені – бәрінен...
... ЭНЕРГИЯ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРАДЫ
Энергия – адамның өмір сүруіне, жалпы кез келген іс-әрекетті жүзеге асыруына қажетті қуат. Ол түгесілсе, жер бауырлап тырбаңдап, тырмысқаныңыз – бір тиын. Ал толық болса, ойнап-күліп, билеп жүріп-ақ біраз шаруаны тындырып тастайсыз. Сондықтан, бірауық тынышталып, энергия сыйлайтын нәрселермен ғана айланысып, қорды қалпына келтіріп тұру өте маңызды.
... ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАЙДЫ
Жүйке тыныш, жан жайланған, қуат қоры толық, ағза мүшелерінің бәрі өз жұмысын мінсіз атқарып тұр. Мұндай адамға ауру маңайлай алушы ма еді? Бір сырқат жабыса қалған күннің өзінде, оны сылып тастау оп-оңай.
... ӨЗІҢІЗГЕ ҰНАМАЙТЫН ІСТІ АНЫҚТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Ешқандай маңызды іспен айналыспай, бос жатқан адам не істейді? Ойланады. Не туралы? Өзі туралы, өмірі жайлы. Ойлар легі түрлі жаққа жетелейді. Бір саласының соңында не нәрсені дұрыс істемей жатқанын, өзіне ұнамайтын қандай іспен айналысып жүргенін анықтайды. Еркінен тыс. Алайда, осы ойдың өзі ары қарайғы жолын дұрыс жүруіне үлкен көмегін тигізеді.
...ӨЗ ҚАЛАУЫН АЙҚЫНДАЙДЫ
Ойлар легінің келесі бір саласы мүлдем жаңа сүрлеуге түсіреді. Яғни, бір кездері көкейін кернеп, кейін ұмыт болған армандар, көміліп қалған көкейтесті тілектер... Қайда қалды? Неге қалды? Осының бәрін еске түсіріп, қайта қолға алуға итермелейді.
...ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШАБЫТ БЕРЕДІ
Әр адамның бйоында тұнып тұрған талант болады. Оны ашып, шыңдамаса, күнделікті өмір, қым-қуыт тіршіліктің тасасында қалады. Дәп бір күл астында қалған қоламта секілді. Мұның кері әсері де жоқ емес. Адам өз табиғатынан алыстап, таланты мен қабілеттерін тұншықтырған сайын оның ісі өнбей, кері кете береді. Сондықтан, жалқауланып жатқан күні өзіңіздің қандай жаңа қырыңызды ашуға болатынын не қай қабілетіңізді қалай дамыту керегін еріксіз ойлап кетесіз. Тек ертеңгі еңбек күнінде әрекетке кіріссеңіз болғаны.
... ӨМІРДІҢ ТӘТТІ ДӘМІН СЕЗІНДІРЕДІ
Күнделікті өмірде қайсымыз болмасын асығыспыз. Бәріне үлгергіміз, көбірек қарпып қалғымыз келеді. Осының салдарынан көп нәрсені автоматты түрде жасаймыз, айналаға зер салып қарауға, көзге түскен ерекше бір әсемдікке тоқтап қарап, сүйсінуге, әсер алуға уақыт жоқ.
Ал, қарбалас тірліктен бас тартып, жалқаулыққа жол берген күні ешқайда асықпайсыз. Әр ұсақ-түйекке мән беріп қарауға, әдемілікті байқауға, көз тоқтатып қарауға, сүйсінуге, әсерленуге, сезімге не қиялға берілуге – бәріне уақыт бар. Өмірдің дәмін осындайда ғана татып, ләззатын осылайша ғана сезінуге болады емес пе?
Шын мәнінде, кей-кейде жалқау бола тұрудың пайдасы бұдан да көп. Бірақ, осы жеті пайданың өзі өмірді жақсы жаққа қарай өзгертуге, сапасын жақсартуға жеткілікті. Сондықтан, қанша жерден пысық, алғыр, еңбекқор болсаңыз да, арасында жалқаулыққа да жол беріп тұрыңыз.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық: танысыңызға қалай көмектесе аласыз?