Адамдарды "онлайн" түрде емдеп келген алаяқ емші ұсталды

0
1 038

Күдікті әлеуметтік желі арқылы өзінің парақшасына “қашықтан адам емдеймін, бас-жүрек, бүйрек ауруларын емдеймін” деген мәтінде хабарландыру салған.


Адамдарды

ERNUR.KZ. Түркістан облысының полицейлері тұрғынды алдап, сегіз миллионнан астам теңгесін иемденген интернет-алаяғын ұстады, деп жазады Polisia.kz.

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол әлеуметтік желілерде телефон арқылы емдеймін деп уәде берген бір әйелмен танысқан. Содан алаяқтың сөзіне сенген тұрғын 2020 жылдың сәуір-мамыр айларында оның есепшотына сегіз миллионнан астам ақшасын аударып жіберіп, сан соғып қалған.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТТБТ-не 190-бап “Алаяқтық” бойынша тіркеді. Қылмыстың ауырлығы мен ашықтан-ашық қорықпай жасалғанын ескере отырып, полицияда осы алаяқтық қылмысын ашуға бағытталған ТО ПД-нің Криминалдық полиция басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Бір ай ішінде жедел уәкілдер күдіктінің ізіне түсу үшін болған оқиғаны мұқият зерттеді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Ақмола облысының тұрғыны екені анықталды.

Тергеу барысында күдікті әлеуметтік желі арқылы өзінің парақшасына “қашықтан адам емдеймін, бас-жүрек, бүйрек ауруларын емдеймін” деген мәтінде хабарландыру салғаны белгілі болды. Алаяқтың осы арбауына созақтық жәбірленуші алданып қалады. Жәбірленуші алаяқпен ұялы телефон арқылы байланысып, әрбір сеансына 500 000, 800 000 теңгеден ақша салып отырған. Осылайша күдікті қыз жәбірленушіден 8 000 000 миллионнан астам теңгесін жымқырған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған жайт “Алаяқтық” бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын тексереді. Күдіктінің басқа да істерге қатысытылығын анықтап жатыр.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өзіңізге жақын таныс емес адамдарға сенбеуді, барынша сақ болуды ескертеді.