Алматыда қаламгерлер Түркістан облысына 7000-ға жуық кітап тарту етті

0
462

«Бес жылдыққа – бес әдеби сапар».


Алматыда қаламгерлер Түркістан облысына 7000-ға жуық кітап тарту етті

Алматыда «Киелі Түркістаннан – Арайлы, әсем Алматыға» сапары өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Алматы төрінде «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» атты рухани-мәдени бағдарламасы аясында «Киелі Түркістаннан – Арайлы, әсем Алматыға» сапары өтті. Түркістан облысының 5 жылдығына орай Облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы тарапынан ұйымдастырылған шараға танымал қаламгер қатысты.

Алдымен «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» кітап көрмесін тамашалаған зиялы қауым өкілдері дөңгелек үстел басында кітапхананың қоғамдағы орны жайлы кеңінен талқылады.


Тағылымды шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы ашып берді. Сондай-ақ Ұлттық кітапхана басшысына Түркістан облысы әкімінің орынбасарының алғыс хаты мен арнайы сыйлығы табысталды. Айтыскер ақын, Түркістанның түлегі Шұғайып Сезімхан арнау айтып, қаламгерлерге төр ұсынған Ұлттық кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Өздеріңізге белгілі, күні кеше Қазақстан Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп, онда басқарма төрағасы болып Мереке Құлкенов сайланған болатын. Бүгін Мереке Әбдешұлы өзінің орынбасарлары мен жергілікті қаламгерлермен бірге басқарма төрағалығындағы алғашқы жиыны ретінде осы әдеби шараға қатысып, тарихы тереңде жатқан Түркістанның рухани әлеуетін тілге тиек етті. «Кітап қазаққа туған нағашысындай, өйткені туған нағашысын жек көретін қазақ жоқ» дей келе, әдеби сапарды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Ал түркістандық белгілі ақын, басқарма төрағасының жаңа орынбасары Қасымхан Бегманов өз кезегінде «Көкжиек» жинағының 20 данасын сыйға тартты. Содан соң Құлбек Ергөбек, Бағдат Қалаубай, Аян Нысаналин, Мұрат Бекей, Айдар Сейдәзім, Ақбота Бейбітбек сынды түркістандық қаламгерлер сөз алды. Ал танымал ақын, баспагер Темірғали Көпбай «Қазығұрт» баспасынан шыққан 500 дана кітапты сыйласа, Нұрболат Адырбек пен Бекжан Әшірбаев, Әлібек Шегебай да акцияға өз үлесін қосты. «Меломен» дүкен желісі мен «Көкжиек» баспасы эксклюзив жинақ пен жаңа кітаптарды тарту етті. Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың бастамасымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына кітап қорын қалыптастыру үшін Түркістан облыстық кітапханасының қоры жалпы саны 7 мыңға жуық кітаппен толықты. Қазіргі таңда кітапхана қорына сыйға берілген кітаптар саны 12 мыңнан асты.


Айта кетейік, әдеби сапардың басты мақсаты – Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласындағы жаңалықтарымен бөлісу, өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру, ауыл кітапханаларының қорын байыту, оқырман сұранысындағы әдебиеттермен қамтамасыз ету болып саналады. Бұған дейін бұл жоба алғаш рет Тараз қаласында өткен болатын. Алдағы уақытта Түркістан облысының рухани керуені Астана қаласына барып, одан соң Қызылорда облысы мен республикалық маңызы бар Шымкент қаласында да әдеби кеш өткізеді.