Балмұздақтан улану оқиғасынан кейін Шымкентте жаппай тексеру басталады

0
1 863

Өткір ішек ауруы және жедел гастроэнтерит диагнозымен ауруханаға түскен 188 науқастың 97-сі керекті ем-шараларын алып, үйлеріне шығарылған.


Балмұздақтан улану оқиғасынан кейін Шымкентте жаппай тексеру басталады

Шымкентте қоғамдық тамақтану орындарына тексеріс жүргізілетін болды, бұл туралы санитариялық-эпидемиологоялық орталықта өткен баспасөз жиынында сөз болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне 30 наурыз бен 2 сәуір аралығында өткір ішек ауруы және жедел гастроэнтерит диагнозымен 188 адам ауруханаға жатқызылған. Соның 97-сі керекті ем-шараларын алып үйлеріне шығарылды.

Балмұздақ сататын дүңгіршек эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандар қатарына жатады. Уланудан кейін «Южное» дүңгіршегіне жүргізілген тексерулер нәтижесі көңілге қонымсыз. Үй жағдайында дайындалған балмұздақты жұмысшылар жеңіл көлікпен тасымалдаған. Балмұздақ жасайтын дүңгіршектің 5 жұмысшысының ішінде тек 1 адамда медициналық тексеруден өткендігін растайтын анықтамасы бар. Кәсіпкер Ешмұратов мырза кәсібін заңсыз жүргізіп келген, осы факт бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды.

«Осы келеңсіз оқиғадан кейін қаламыздағы барлық жұмсақ балмұздақ сатумен айналысатын нүктелерге тексеріс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, мұндай тексерулер жылына бір рет жүргізіледі. Балмұздақ нүктелерін тексеріп болған соң барлық қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық нормаларға сай келетінін тексереміз»,-деді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Нұрбек Нышанов.

«Біз қоғамдық тамақтану кәсібімен айналысып жүрген азаматтарға қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз»,- деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакиров.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың 30 наурызында «Южное» дүңгіршегінен жұмсақ балмұздақ жеген жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары уланған.