Күдікті ізін жасырып жүр.
Түркістан облысында үш бірдей баланы қағып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті іздестірілуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Жетісай ауданында 14 ақпан күні жасы кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Жол апатынан кейін 16 және 13 жасар балалар түрлі дене жарақатымен ем қабылдап, 4 жасар бүлдіршін ауыр жарақатпен жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжануда. Сондықтан осы болжамға сәйкес Жетісай ауданындағы «Ауди-100» маркалы автокөліктер тыңғылықты тексерілуде.