Дархан Сатыбалды «Эко-культура» холдингінің президентімен кездесті

0
226

Аумағы 500 гектардан асатын кешенде жылына 240 мың тонна көкөніс өсірілмек.


Дархан Сатыбалды «Эко-культура» холдингінің президентімен кездесті

Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынып жатыр. Аумағы 500 гектардан асатын кешенде жылына 240 мың тонна көкөніс өсірілмек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жатқан «Эко-культура» холдингінің президенті Александр Рудаков бастаған инвесторлармен агро саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қазір Келес ауданында 51 гектар жерде жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асып жатыр. Ол келер жылы іске қосылады. 7 мың адам жұмыспен қамтылады. Инвестиция көлемі – 524 млрд. теңге.


Келер жылдың басынан бастап жылыжайлар іске қосыла бастайды. Жыл соңында құрылысы толық аяқталып, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Кездесуде тараптар бірқатар бірлескен жобалаларды талқылады.


Облыс әкімі инвесторларға ауыл шаруашылығымен бірге, индустрия, туризм бағыттары бойынша жаңа жобаларды қолға алуға шақырды. Өңірдегі өндірістік парктерде өндіріс орындарын ашу жолдарын түсіндіріп, егістікті әртараптандыру, ауқымын арттыру, жеміс сақтау қоймаларын салу секілді жаңа жобаларды бастауға шақырды. Сондай-ақ сублимация, яғни консервациялаудың ең жетілдірілген әдістерінің бірін дамытуды ұсынды. Бұл әдіс ешқандай химияны немесе консерванттарды қажет етпейді және қаптаманың түріне байланысты мұздатылған кептірілген өнімдерді ондаған жылдарға сақтауға болады.


«Түркістанға қош келдіңіздер. Бүгінгі кездесуде өздеріңізді өңірімізде өзге де тың жобаларды бастауға шақырамыз. Біз бұл бағытта бірқатар ұсыныстар қоржынын құрдық. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді болып, үлкен перспективаларға жол ашып, тұрақты түрде дами беретініне сенімдімін. Түркістан облысы инвестициялық байланыстарды тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Атқарып жатқан жұмыстармен бірге, өндірісті дамытуға, терең өңдеу, өндіріс орындарын ашуға қатысты бірқатар қосымша жобаларды ұсынғалы отырмыз. Біз өз тарапымыздан оларды жан-жақты қолдауға дайынбыз. Тұрғындарымызды жергілікті өніммен қамтып, жұмыс орындарын көптеп ашу – біздің басты мақсатымыз. Біз өз тарапымыздан өнімді сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыра аламыз. Сіздердің сұраныстарыңызға сай өзіміздің шаруалар дайын өнімін ұсына алады. Ауыл шаруашылығы саласында көш бастап келетін біздің облыста осы саланы барынша дамытуға мүдделіміз. Біз үшін әрқайсыңыз біздің өңірге пайдасы бар өз бизнесін тапқаны маңызды. Өз тарапымыздан бұл бағыттағы барлық бастамаларға барынша қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Дархан Сатыбалды.


«Біз бүгін «Эко-культура» холдингінің барлық басшыларымен бірге келіп отырмыз. Күні кеше ғана келісіп, бүгін кездесіп отырғанымызға қуыныштымыз. Екі жақтың да көздегені бір. Бізге жан-жақты қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамыз. Сөзді іспен дәлелдеп жатқаныңыз қуантады. Инфрақұрылым уақытынан бұрын дайын болды. Әрі қарай бірге еңбек ететінімізге сенемін. Келес ауданындағы жобамыз алдағы ақпан айында іске қосыла бастайды. Жұмысшыларды қабылдап, барлық әлеуметтік қолдау көрсетеміз. 2025 жылдың аяғында құрылыс толық аяқталып, ауқымды жұмысты бастаймыз. Біз байлыққа кенелу үшін емес, инвестиция құйып, жұмыс орындарын барынша ашу үшін келдік. Оны орындауға күш саламыз. Жаңа идеяларыңыз, тың жобаларыңыз үшін алғыс айтамыз. Нақты сұранысқа ие жеміс-жидек, көкөністің ассортиментін арттыруға дайынбыз. Жергелікті нарықты қамтып қана қоймай, Ресей, Дубай, Қытайға экспорттай аламыз. Жаңа жобаларды жүзеге асыру бағыттарын әлі нақтылап, бірлесе жүзеге асыруға күшімізді саламыз», - деді «Эко-культура» холдингінің президенті Александр Рудаков.


Талқылау қорытындысы бойынша тараптар айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті. Түркістан облысы – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір. Облыста 2 мың гектар алқапта 3 мыңнан астам жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есе ұлғайды.


«ЭКО-культура» — 13 жыл бойы тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта экологиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Бір жыл ішінде өндірген өнім көлемі 300 мың тоннадан асады.