Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесті

0
381

Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.


Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесті

Дархан Сатыбалды Түркістанда кәсіп ашуға ниетті инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жеке инвесторлар Түркістан қаласында бизнес ашып, кәсібін дөңгелетуге ниетті. Олардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілді. Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Оған жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер, қала әкімдігі мен өзге де мекемелердің басшылары қатысты.


Облыс әкімі әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтынын қатал ескертті. Сапа мен құрылыс мерзімінің қатаң сақталатынын жеткізді.


«Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс Құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн», – деді Дархан Сатыбалды.


"Әкімшілік-іскерлік орталығы" мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Жиында ұсынысын таныстырған кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді.


Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды. «Жаңа қала» аумағында құрылысы басталған 9 қабатты 7 көпқабатты тұрғын үй кешенінің қастебіне қатысты бірнеше үлгі ұсынылды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.


Баспаналардың қасбеті ұлттық нақышта безендірілуі тиіс. Сонымен бірге отырыста модульді үйлер салу, жекеменшік емхана салу, спорт кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды. Жиынды қорытындылаған Дархан Сатыбалды әрбір жоба тереңінен зерделеніп, екі тарапқа да ұтымды шешім шығарылу керектігін айтты.