«Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық»: Түркістанда семинар өтті

0
548

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.


«Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық»: Түркістанда семинар өтті

Түркістанда «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар өтті.


Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.


Жиынға Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали және осы институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облыстық департаментінің басқарма бастығы Арман Қожабаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Күмісхан Таңатов, Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров қатысты.


Сонымен қатар, семинарда аудан, қала прокурорларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің бастықтары, аудандық, қалалық Полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары, аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының басшылары болды.


Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жүргізіп отырды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылғанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жоспарға сай міндетін орындап жатқанына тоқталды.


Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиіс.


Жиында Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова мазмұнды баяндама жасады.


«Бүгінгі семинар өте маңызды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Түркістан облысында көп этнос өкілдері тұрады. Өңірде этносаралық қатынастар саласы бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.


Алқалы басқосуда атап өтілгендей, Түркістан облысында этнос өкілдерінің қатысуымен болған құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу алгоритмі түзіліп, бекітілген. Этнос өкілдерінің қатысуымен қандайда бір келеңсіз оқиға орын алған кезде жауапты мемлекеттік және құқық қорғау органдары соның негізінде әрекет етеді.


Семинар барысында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өңірде этносаралық татулықты нығайту бағытында жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтып, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді.


Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.


Бірлікке үндеген шара аясында өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар Ассамблея құрылымдарының өкілдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.