Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

0
342

Кей сарапшылардың айтуынша, кесене маңындағы су жүйелері іргетас пен қабырғалардың құздауына соқтыруы ықтимал.


Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

Түркістан қаласының төрінде сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауиге арнап тұрғызылған кесенені күллі түркі баласы біледі десек артық айтқандығымыз болмас. Біліп қана қоймай, мүмкіндік бола қалса, осы жерге келіп тәу еткісі келеді. Қазақтың дарынды да даңқты перзенті Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жырлағаны да сондықтан. Алайда, сан ғасыр бойы сақталып келген осы бір баға жетпес тарихи жәдігердің бүгінгі ахуалына қатысты бірнеше жылдан бері мәселелер көтеріліп жатыр. Кей сарапшылардың айтуынша, кесене маңындағы су жүйелері іргетас пен қабырғалардың құздауына соқтыруы ықтимал. Сол себепті Түркістанда түркі мемлекеттері ғалымдарының қатысуымен бірнеше рет ғылыми жиын өткізіліп, проблеманы шешу жолдары қаралып келеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі де қол қусырып отырмай, түрлі жолдар қарастыруда. Соның ең маңыздысы – «Әзірет Сұлтан» деген ресми атаумен танымал мұражай-қорығының мемлекеттік деңгейде қорғауда алынуы. Бұл ретте Үкімет басшысы Бектенов Олжас тиісті қаулыға қол қойған. Аталған ақжолтай жаңалықты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық порталы хабарлады.


«Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады. Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады. Объектінің қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді» - делінген ресми ақпаратта.


Атап өтер болсақ, түркі әлеміне ортақ тұлға, ақын, сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауидің бейітіне салынған бұл кесене 14-ғасырдың соңына қарай салынған. Нақтырақ айтсақ, тарих беттерінен білетініміздей аталған ғимаратты салу жайында сонау 1396 жылы әйгілі Әмір Темір бұйрық берген. Бірақ, кесене қабырғалары қайта-қайта бұзыла бергесін, алдымен оның ұстазы Арытан бабқа арналған нысан салынған. Содан кейін ғана Ясауи кесенесінің құрылысына құт қонып, әмірдің бұйрығы орындалған. Мұнда ұлы ғұламадан бөлек қазақ халқыны жиырма бір ханы, ақылы асқан билері мен батырлары жерленген екен.


Ресми деректерде кесененің ені 46 метрден асса, биіктігі алпыс бес метрді құрайтыны жазылған. Оның бірнеше күмбезі бар екенін көзбен көруге де болады. Кесенені орталық алаңының айналасына түрлі бағытқа негізделген отыздан аса бөлме салынған. Ғалымдар мен зерттеушілер кесенедегі бөлмелерді «Қазандық»; «Үлкен Ақсарай»; «Кіші Ақсарай»; «Құдықхана»; «Кітапхана»; «Асхана»; «Көрхана»; «Мешіт» сынды топтарға жатқызады. Ғимараттың негізгі және қосымша бөлмелері де бар.


Кесенедегі қазандық Қазақстан Республикасы мен Орта Азия елдеріндегі қыштан өрілген ең үлкен күмбез болып саналады. Кесенеге кірген адам әспеттелген есік арқылы Қ.А.Ясауидің мүрдесі қойылған бөлмеге ене алады. Одан бөлек, зәулім ғимарат ішінде дәліздер, халимкана, құдықхана, кітапхана көрхана сынды арнайы бөлмелер бар.


Сонымен қатар, кесенедегі ең құнды жәдігердің бірі – күллі түркі жұртыны қастер тұтатын Тайқазан. Бұл жәдігер де 14-ғасырдың соңғы жылында Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістан қаласы маңында орналасқан Қарнақ деген ауылда құйылған. Ол Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи атты ирандық шебердің қолынан шыққан екен. Қилы кезеңдердің бірінде түркі жұртының құт-берекесі саналатын бұл жәдігерді тайқазанды Санкт-Петербургте орналасқан Эрмитаж мұражайына алып кеткен. Сол барғаннан орыс жерінде елу төрт жыл уақыт бойы тұрып, 1989 жылы ғана Ясауи кесенесіне қайта оралған.


Жалпы, біз аталған кесене мен оның жай-жапсары жайлы аз-кем ғана ақпарат бердік. Әйтпесе, бұл ғимарат жайлы бірнеше ғылыми еңбек жазуға да болады. Ең бастысы – нысанның қатаң қорғауға алынуы.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ