Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Түркістандықтар ауқымды іс-шараға үлес қосып жатыр

0
797

17 облыс стендерінде өз өңірлерінің тарихын, мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен таныстырды.


Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы: Түркістандықтар ауқымды іс-шараға үлес қосып жатыр

«2024 жыл - Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» болып жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған сапарының нәтижесінде «2024 жыл - Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» болып жарияланды. Осыған орай, Бейжің қаласында 28-29 наурыз аралығына жоспарланған Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылының ресми ашылуы басталды. Халықаралық жиынға Қазақстанның делегациясы келіп қатысуда. Құрамында Премьер-Министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткерлері бар.


Еліміздің 17 облысы стендерінде өз өңірлерінің тарихын, мәдениетін және туристік әлеуетін кеңінен таныстырды. Түркістан облысының делегациясы жоғары дайындықпен жасаған ақпарат алаңы қытайлықтар мен іс-шара қатысушыларының назарын аудартты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің арнайы макеті, «Жер ана» инсталяциясы, қазақтың алып батырлары көптің таңдайын қақтырды. Келушілеріге қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар, облыстың туризм бағытын қамтыған үнпарақтар, брендтік өнімдерді ұсынды. Атап айтқанда, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, «Керуен сарай» кешені, «Turan tour» туристік операторы, облыстық қолөнершілер қауымдастығы белсене атсалысуда. Бұл іс-шаралар Қазақстанның әр аймағының туризмімен таныту, туристер алмасу, тәжірибемен бөлісу тұрғысынан өте маңызды.


Халықаралық туристік көрме аясында «Туризм және инвестицияны дамыту» атауымен форум және екі панельдік сессиясы өтті. Сондай-ақ екі елдің туристік операторларының байланыс орнатып, Түркістанға туристерді тарту бойынша В2В кездесулер ұйымдастырылды. Онда меморандумдарға қол қойылып, ақпарат алмасты. Саланы бірлесіп ілгерілету жайында да келіссөздер жүргізді.


Ертең, 29 наурыз күні өтетін гала-концертте музыкалық шығармашылық ұжымдары, би топтары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» тобы. Қытайдың өнерпаздары өнер көрсетеді. Делегация тізімінде спорт шеберлері Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам да бар. Ал 30 наурыз күні Бейжің қаласының 798 Art Zone мекенжайында сағат 11:00-ден бастап Түркістан облысы «Наурыз Fest» мерекелік концерттік бағдарламасын ұйымдастырады.