Қыз балаға жаңа вакцина салынады

0
415

Жыл сайын Қазақстанда осы дерт бойынша 1 900 жағдай тіркеліп, 600-дан астам әйел қайтыс болады.


Қыз балаға жаңа вакцина салынады

Түркістан облысында «Адам папилломасы» вирусына қарсы екпе салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы брифингте Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева айтты.


«Елімізде жатыр мойны обыры - барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған сырқаттың түрі. Жыл сайын Қазақстанда осы дерт бойынша 1 900 жағдай тіркеліп, 600-дан астам әйел қайтыс болады. Осыған орай 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға «адам папилломасы» вирусына қарсы екпе салынады. Жалпы Түркістан облысында 2022 жылы жатыр мойнының обыры бойынша 127 жағдай тіркеліп, оның ішінде 49 жағдай өліммен аяқталған. Ал 2023 жылы 142 әйел осы сырқатқа шалдығып, 48-і қайтыс болған. Жатыр мойны обыры ауруының дамуына «адам папилломасы» вирусының инфекциясы әсер етеді. Ал вирусты жұқтырудың және оның дамуының алдын алудың жалғыз жолы – екпе салдыру. 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі барлық қыздардың 90%-ын екпемен қамту жоспарланған. Екпе мектептерде немесе тіркелген мекен жай бойынша емханаларда тегін егіледі. Айта кетерлігі, қыз балаларды вакцинациялау - ата-аналарының келісімімен ғана жүргізіледі»,- деді Салтанат Өсетілләқызы.