Мәдениет үйі жетпей тұр

0
2 864

Жаңаталап елдімекеніндегі халықтың жанайқайы мәдениет үйінің бүгінгі ахуалымен тығыз байланысты. Себебі, түрлі жиналыстар мен басқосулар апатты жағдайда деп танылған осы ғимаратта өткізіледі.


Мәдениет үйі жетпей тұр

«Шымкент қаласы аумағында орналасқан 10 мәдениет үйінің бүгінгі ахуалы көңіл көншітпейді. Үшінші мегаполистің даму үдерісін жеделдетіп, өнер саласына тың серпіліс беру үшін мәдени ошақтарды күрделі жөндеуден өткізу қажет». Жаңаталап және Қызылжар елдімекенінің тұрғындары осылай, - деп шағымын айтуда деп хабарлайды shymkenttv.kz.

Жаңаталап елдімекеніндегі халықтың жанайқайы мәдениет үйінің бүгінгі ахуалымен тығыз байланысты. Себебі, түрлі жиналыстар мен басқосулар апатты жағдайда деп танылған осы ғимаратта өткізіледі. Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Кеңестік дәуірден қалған ескі нысанды жаңғыртуға құлықсыз,- деп налиды мұндағы халық.

Үрімхан Құмарбекова - Шымкент қаласының тұрғыны

Ардагерлер жұмысы сәл ақсап жатыр. Өнерлі ауыл жастарымен ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Халықтың көңілін бір серпілту үшін түрлі шығармашылық кездесулер өткізуге болады ғой?

Қызылжар елдімекеніндегі мәдениет үйі де қаңырап бос тұр. Бұрын Сайрам ауданына қарайтын кезде аптасына 4 күн дайындық болатын. Ауыл жастары өнер үйінен шықпай, түске дейін биге қатысып, кешке түрлі аспаптарды үйренетін, - дейді мұндағы қариялар.

Сайын Есполатов - зейнеткер

Бұрын би, ән үйірмелері тегін болатын. Халық қызығатын. Қазір ондай жоқ. Ал, қалған мәдениет үйлеріндегі жағдай мүлдем нашар.

Жандос Темірбаев 10 жылдан астам уақыт Қызылжар мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарған. Бір жыл бұрын жұмыстан босаған азамат қалаға қарасты клубтардың жағдайына алаңдайды. Жылу жүйесі жоқ, материалдық базасы талапқа сай келмейтін ғимараттарға көңіл бөлінсе,-дейді.

Жандос Темірбаев - Шымкент қаласының тұрғыны

2013 жылы мәдениет үйлері қалаға қосылғаннан бері ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Мәдениет үйлері мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан жоқ.

Шымкентке кейіннен қосылған елдімекендердің еңсе түсірер проблемалары осы. Біз бұл тақырыпқа қайта ораламыз. Өйткені, өскелең ұрпақты өнерге баулып, шығармашылықпен айналы суына жағдай жасау - рухани жаңғыруымыздың ең негізгі алғышарты.

Жалпы ауыл халқының басым көпшілігі мәдениет үйін түрлі жиындар мен басқосулар өткізілетін орын деп есептейді. Аыулдың мәдениетін көтеру мақсатында аталмыш үйлерде штатқа қызметкерлер қабылданып,кітапхана, түрлі үйірмелер, концерттік бағдарламалар, кештер ұйымдастырылуы тиіс емес пе? Қайта жоғарыдағы елді мекендерде ескі болса да мәдениет ұйі бар екен. Шымкентке жақын орналасқан, Ордабасы ауданына қарайтын Шұбарсу ауылында мәдениет үйі деген атымен жоқ. Тұрғындары көп, әрі тығыз қоныстанған ауылдың немесе ауданның әкімшіліктері жиын өткізе қалса, мектептердегі мәжіліс залдарын жағалайды. Жергілікті атқамінерлер халықтың әл-ауқатын жақсартамыз деп жүріп, мәдениетін естен шығарып алғанға ұқсайды.