​Мақтааралда мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан тыс қалмаған

0
2 102

Жастайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, кемтарлықтың қамытын киген мүмкіндігі шектеулі жандарға қанша жақсылық жасасақ та артықтық етпейді. Өйткені, олар қоғамнан мейірім мен қамқорлық күтеді.


​Мақтааралда мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан тыс қалмаған

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін тасымалдауға арнайы «Инватакси» және «Әлеуметтік такси» орталықтары ашылып, сапалы қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Зағип, мүмкіндігі шектеулі, мүгедек жандарға деген қамқорлық қашанда назардан тыс қалмай бірінші кезекте болғанда ғана өздерін қоғамның айырылмас бір бөлігі ретінде сезінуіне ықпал етері сөзсіз.

Осы мақсатта Мақтаарал және Жетісай аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, тоғыз айда ВИЧ инфекциясына шалдыққан 19 баланың ата-анасына облыстық бюджеттен 8374,6 мың теңге қаржы қаралса, үйде тәрбиеленіп-оқытылатын 334 бүлдіршінге 4632,9 мың теңге жәрдемақы төленген. Мұнан да басқа 228 өздігінен жүріп-тұра алмайтындарға кресло-арбалар берілсе, 66 жан жолдама арқылы дене шынықтыру емін алыпты.

Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес Шымкент қаласындағы протез-ортопедиялық орталығына 286 азаматқа жолдама берілсе, 1047 мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедек балаларға міндетті гигиеналық құралдар, 54 жанға сурдо және 129 жанға тифло құралдары тарқатылыпты.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың басында Мақтаарал ауданында «Инватакси» қызметі ашылып, бүгінде 159 ересек және 5 кәмелет жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі азаматтар аталмыш қызметті толығымен пайдаланып отыр. Ал, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын мүгедек балаларға, бірінші, екінші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелері мен қоғамдық орындарға тасымалдауда «Әлеуметтік такси» қызметі де дұрыс жолға қойылған.