Мақтааралда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша жиын өтті

0
2 024

Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігінің WhatsApp (87075896785) қызметі іске қосылып, сервиске түскен арыз-шағымдар мен өтініштерге де шұғыл жауаптар берілуде.


 Мақтааралда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша жиын өтті

Мақтаарал ауданының аппараттық мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы мен алдағы уақытта бағдарлама бойынша іске асырылатын жоспарлар, жобалар және тұрғындарға мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілген қызметтер бойынша атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ерлан Тұрымбетов аудан әкімдігінің дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтерде ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізіліміне» сәйкес, 97 қызмет түрі көрсетілгенін атап өтті.

Бөлім басшысы 2018 жылдың 9 айында 90627 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Оның ішінде қағаз жүзінде, тікелей – 19075 қызмет, халыққа қызмет көрсету арқылы – 29400 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, электронды үкіметтің порталы арқылы жалпы саны 42152 қызмет көрсетіліп, ауданда электронды қызмет көрсету үлесі 46,5%-ды ғана құраған.

Аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, кенттер мен ауылдық округтері әкімдері аппараттарының ғимараттарында тұрғындардың «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылған. Осы бұрыштарда азаматтар өзіне қажетті қызметті алу мүмкіндіктері бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылатын қызметтерді «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды форматқа көшіру мақсатында, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электронды түрде көрсету мүмкіндіктерін елді мекендерде тұрғындарға ақпараттық-насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін де бөлім басшысы еске салды.

«Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс» деп айқындаған. Мақтаарал ауданында бұл межені орындау үшін көптеген жұмыстарды атқару керек» - деді Е.Тұрымбетов.

Аудан әкімінің аппараты ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы – аудан әкімінің баспасөз хатшысы Д.Аязбеков БАҚ пен әлеуіметтік желілерде жарияланған сыни материалдар туралы баяндады.

Аудан әкімдігі және оның құрылымдық бөлімдері туралы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланған сыни материалдарға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, дер кезінде ақпараттық анықтама берілуде. Мониторинг жүргізу барысында шілде айынан бері 24 сыни материал анықталып, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Сыни материалдардың басым бөлігі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, аудандық білім бөліміне және аудандық ветеринария бөліміне қатысты.

«Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігінің WhatsApp (87075896785) қызметі іске қосылып, сервиске түскен арыз-шағымдар мен өтініштерге де шұғыл жауаптар берілуде. Қазіргі таңға дейін тұрғындар тарапынан 12 түрлі мәселелер қозғалып, оның 11-не жауап берілген» - деді Д.Аязбеков.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін аудан әкімімен жұмыс жоспары бекітіліп, бірнеше жобалар іске аспақшы. «Smart Maktaaral» деп аталатын жоба бойынша аудандағы базарлар мен сауда нүктелерінің, қызмет көрсету орындарының жұмысын автоматтандыру, білім беру ұйымдарында IT сыныптарын ашу, аудан бойынша тегін Wi-fi желілерін құру, коммуналдық төлемдерді терминалдар және смартфон арқылы онлайн төлеу, электронды ақша айналымына жағдай туғызу, ауданның маңызды жолдарында ақылды жарықтандыру жүйелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін дамыту, ақылды суару жүйелерін енгізу сияқты т.б. жұмыстар атқарылатын болады.