МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) заңына өзгерту жобалары дайындалды.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы Облыстық диагностикалық орталығы ғимаратында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ ОҚО бойынша филиалы жиналған көпшілікке міндетті медициналық әлеуметтік сақтандырудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл әсіресе әлеуметтік аз қамтылған топтарға тиімді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталмыш филиал директорының орынбасары Нәйла Дабысқызы Киікбаеваның айтуы бойынша МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) заңына өзгерту жобалары дайындалған. Осы жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізімі өзгереді. Тізім бойынша медициналық мамандардың жұмысы айқындалады. Жоба жүзеге асқанда екі пакет бірдей жұмыс жасайды. Олар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген және МӘМС пакеттері. Барлық медициналық көмек шұғыл түрде әр азаматқа көрсетіледі.
Тегін медициналық көмекке кірмейтін қызметтер МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі. Денсаулық сақтау саласына 2017 жылы жұмсалған қаражаттың 41 пайызы халықтың қалтасынан шыққан. Сонымен қатар елімізде ең жоғары жалақы алатын адам МӘМС кезінде айына 6000 теңге төлейді, бұл жылына 72 мың теңге. МӘМС-ке жарна аудару 2017 жылдың 1 шілдесінен басталып, 2018 жылдың 30 маусымына 71 млрд. теңге жиналған.