Мектеппен қоштасу кештері болмауы тиіс

0
3 404

Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын ескерген жауапты мамандар биыл кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық мүмкіндіктерді қарастыруда.


Мектеппен қоштасу кештері болмауы тиіс

ERNUR.KZ. 25 мамырда өтетін мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» күніне орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ұйымдастырумен білім бөліміне қарасты мекемелердің басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2017-2018 оқу жылын аяқтауға қатысты басқосуға прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері және қаладағы мектеп басшылары түгел қатысты.

Басқосуда алдымен оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы пысықталып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жататынын ескерген жауапты мамандар биыл кемшіліктерді болдырмау мақсатында барлық мүмкіндіктерді қарастыруда.

– Мектеп басшыларына оқушылардың автокөлік шерулерін ұйымдастырып, мектептен тыс орындарда кеш жасауына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жүргізу қажет . Өйткені, балалардың қауіпсіздігі баршамыз үшін маңызды, – деді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева.

Сонымен қатар мектеп директорларына 1, 4, 9 және11 сынып оқушыларының басшылыққа, сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына тыйым салу жүктелді. Білім бөлімінің басшылығы мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауына жол берілмейтінін айтты. Іс-шараға қатысқан Еңбекші ауданының прокуроры Е. Мұсаев бұл күні қаладағы жағдай прокуратура тарапынан қатаң бақылауға алынатын айтса, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі Д.Тағайбеков арнайы мобильдік топ құрылып, әсіресе, Ташкент тасжолы, Бәйдібек би даңғылы және дендросаябақ аумағы жіті назарда тұратынын жеткізді.

Мәжілісте сөз алған №77, 26 оқу орындарының басшылары түлектердің соңғы қоңыраудан кейінгі мектептен тыс орындарда кеш ұйымдастыруына тосқауыл бола алмайтынын, өйткені, ондай салтанатты кешті ұйымдастыруға ата-аналардың өздері құлықты болып отырғанын айтты. Сондықтан, бұл тұста жауапкершілік мектепке артылмай, ата-аналармен көбірек жұмыс істеуді ұсынды.

Айта кетейік, барлық білім мекемелерінде «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы Астананың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» тақырыбымен өтетін болады.